Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  138


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Ұстазым

Есімде сен баптаған гүл көктемім,
Даңқыңды жаныма орап кірлетпегем.
Көтеріп қол-аяғым жеткен жерге,
Арыңмен, намысыңмен бір боп келем.
Сабауға қамшыланып тал бұтағын,
Алдыңа келдім сол кез алтыдамын.
Талпынып сəби сезім құшағынан,
Білімнің сенен алғаш таттым дəмін.
О, ұстаз көп қой саған өтемегім,
Ғылымға бар ме ед жолым төте менің.
Тамшыдан көл орнатып көңіліме,
Қолымнан тұйық жолда жетеледің.
Аяған ана құстай балапанын,
Шөлдесем таңдайыңмен бал апардың.
Мөріндей мейірімді сезіміңнің,
Маңдайда қалыпты ыстық алақаның.
Үйреттің өмір жолын нақтап маған,
Болаттай мықты бол деп тат тартпаған.
Телегей төккен тұнық терлеріңнің,
Дей алман бір тамшысын ақтап барам.
Маңдайым тартса да əжім қасқаланып,
Алдыңда қалпымдамын жас балалық.
Партамда отырғандай сезімдемін,
Сабаққа сіз кірерде жоспар алып.
Бақ барма бағыбансыз биіктеген,
Басымды құрметіңе иіп төмен.
Əр талын ақ шашыңның сүйеу көрем,
Тұрсамда көкті тіреп иықпенен.
Ақ үрпік ойларымды құндаққа алап,
Ол жайлы бердің жақсы сырды ақтарып.
Өткірлер ұстам да өзің, сыншым да өзің,
Жүрсем мен үмітіңнен жырақ қалып.
Қиынын айтқаныңдай жүре білдім,
Жүрекке сыр егудің, жыр егудің.
Сызылып қалған өзің сүйікті ұстаз,
Бетіңде сол күнгі уыз жүрегімнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу