Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  239


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жеңгелерім

Мен үшін тосуға əзір желге демін
ең жақын жандарым бар елде менің.
Жұлдыз жоқ демесеңдер кеудесінде,
əрқайсы елестетер Еңбек ерін.
Жайраңдап, жарқылдасып жүрсіңдер ме,
аяулы қайран менің жеңгелерім?!
Сендерге қатыстыдай жан арманым,
тапсам деп көңілімді алаңдадың.
«Көзжақсым», «Еркемдерді» талғап, таңдап
жарыса ат қоюшы ең маған бəрің.
Көңілімді кірбің шалса, айыптыдай
сезініп, жасырдыңдар жанарға мұң.
Жасымнан ойларды орып, жыр екшедім,
бұл жолда бəрің маған тілекші едің.
Өнердің алаңы – ұрыс, мені талай
шықты аман алып өлең-күрескерім.
Мінезім əлі күнге оңбай жүрсе,
бар мұнда сендердің де үлестерің.
Балғын шақ оралмайтын бір аңыз ба ед...
Қала емес, шағын ауыл, құба дүзде ек.
Қасым мен қабағыма қараушы еңдер,
«Еркемнің» қай жағынан шығамыз деп.
Ол кезде балауса еңдер ойламаған
шау тартып орнымыздан тұрамыз деп.
«Қалай жүр, сау ма екен?» – деп мені əлі де
жүретін сендер ғана сұрап, іздеп.
Сендерсің – аңсап-талып ел дегенім,
елжіреп сағыныштан, сенделемін.
Бір жасап өздеріңді көрсем болды
жасарып кетердеймін мен де керім.
Қазақтың ошағына құт қондырған,
қартаймай жүріңдерші, жеңгелерім!
* * *
Жамандықтың барлығы
жаман ойдан туындар.
Таза ой деген – таң нұры,
таң нұрында ғұмыр бар.
Жарасым мен тыныштық
табиғаттың төліндей.
Гүл көзінде күміс шық
мөлдірейді төгілмей.
Жаман оймен қарасаң,
соның бəрі бір сұмдық.
Тымық ауа – ала шаң,
түсетіндей Күн сырғып.
Таза ма ойың – тарар мұң,
айналаң да арайлы.
Бар жамандық адамның
өз ойынан тарайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу