Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  132


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тақ пен тіл

Туған тілін білмеген тұлға болмас халқына,
думандатқан күнменен өте шығар даңқы да.
Не керемет күштің де ана тілсіз – бармақтай,
қара жердің үстінде тірегі жоқ қаңбақтай.
Ана тілге шала жан жерін жауға талатар –
ананы алып жағадан, қорлағанмен пара-пар.
Ата қаны бойында буырқанып жатпаса,
елдің қамы ойында, шымбайына батпаса;
бір басының қамы үшін халық атын жамылса,
ата жұрттың намысын сатып, жатқа табынса;
өз үйімен өлшесе бұл жалғанның тынысын,
шындықты уақыт өртесе, суырмаса қылышын;
азаматтың ойлысын жия алмаса жанына,
өзіне арнап ой-күшін, жаутаңдаса тағына;
таланттыны халқының байлығы деп білмесе,
ақыл, ойдың артығын іштен тынып күндесе;
бір өзінен басқаны данышпан деп ұқпаса,
əлсіз көріп жастарды, əкімдерді ықтаса;
үркек құсты бастағы даналығым десе егер,
жоғалт ондай патшаны – ел қайғысын еселер!
Парықсыздар теңеліп ел билесе, сор болар,
байлыққа олар кенеліп, қайран халық қор болар.
Таққа мінген тексіздің астамдығы артады,
халқы кешіп шексіз мұң, бар азабын тартады.
Жерді сатып жатқа ерсең, қара орманың теңселер,
ақымаққа тақ берсең, бар бейнетін ел шегер.
Ондай адам бағы емес – қасіреті халқының,
адамзатқа тақ емес, ақыл жолдас, жарқыным!
* * *
Уақыт ұшып барады
жапырақтай күздегі күні жеткен.
сырғанайды сұлудың нұры беттен.
Сонда да асықтырасың, өмір, алға –
баянсыз ең не деген, құдыретті ең!
Адам алға қарайды,
ұмтылады ертеңге жаны қалмай,
əлі талай ғұмырдың жазы бардай.
Түк бітірмей жүргендей сезінемін,
жақұт жырлар енді-енді жазылардай.
Келем ұшып мен де алға,
сүріндіріп, құлатып арна, жыра,
сосын байқап қараймын жан-жағыма.
Жараланғыш жанымды тосам тағы
тіршіліктің оғына, шаңдарына.
Жарақат көп жанымда:
жалғыздық та қинайды, қинайды өлең,
мен ешкімнің көгіне сыймай келем.
Тұншықтырған жасымды үнсіз жұтып,
жұдырықтай жүрекке жинай берем.
Жинай берем
жанар таудай түбі бір жану үшін
(жалындауда – менің бар бақ-ырысым):
жас пен жалын жатпайды мəңгі бұғып –
естисіңдер дүмпу мен жарылысын!
* * *
Жөнегендей айдында ағын жосып,
бара жатыр далада шағыл көшіп.
Құтырынған құм боран көз аштырмай,
жайратардай жел-қанжар жаныңды осып.
Бұйрат құмдар дауылмен жағаласып,
бірін-бірі қуалап барады асып.
Тау тұлғалы кешегі ақ шағылдар
құлазыған тақыр боп қалады ашық.
Мəңгі сөнген адамдай көңіл емі,
көк аспанның түнерген өң-реңі.
Жанарынан жас төккен қара бұлттың
қабырғасы қақырап сөгіледі.
Сөгіледі, түнеріп тістенеді,
кернегендей керемет күш денені:
бытырлатып буынан кəрі аспанның
оңды-солды көздейді мыс жебені.
Біз екеуміз келеміз
іңкəрліктің өткізбей бала күнін
(сан түйіліп, сан рет тарады мұң)
сезіміміз – даладай
құйын-желдер
жоя алмайтын бəрібір далалығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу