Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  155


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мысал

Тоқ бөрі қойды жылғада
қаһарыменен тұр мытып,
қинамай жанын біржола
жеп те қоймайды қылғытып.
Қой үнсіз қадап жанарын,
тығыла түседі қасқырға.
Ешкі болса егер, даланың
шулатар еді астын да.
Құтылуға да қылмай күш,
саялар əрі сайы жоқ.
Маңырау түгіл бұл байғұс
пысқыруға да жайы жоқ.
Қысылған ірең бетінде,
ойлап тұр (не еткен кең жүрек!).
«Шандырлау еді етім де –
ұят болады-ау енді», – деп.
Ойлайды: «Тақсыр, кеше гөр!
Қозым келсе екен бұл жерге,
екеумізді қоса жесе егер,
жарар едік-ау бір жемге...»
Жаутаң көз қойды жаншып жер
құлқыны – құдық, сұсты жүз.
Мықшиған сайын əлсіздер
мылжалай түсер күштіңіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу