Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  167


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жұмақ

Бар дейді бір керім жер Жұмақ деген,
əркімнен қайда өзі деп сұрап келем,
Таба алмай жүрмін əлі, бар білгенім –
əйтеуір сол жұмағың жырақ менен.
Шарладым талай елдің тайпаларын,
сонда да үмітті үзбей Ай қарадым.
Біреулер: «Америка – жұмақ!» – дейді,
болғанмын, бірақ соны байқамадым.
Жұмағың толы дейді бар асылға,
«Ла Манш бұғазының жағасында
бозторғай қой үстінде жұмыртқалап,
жатыр ғой!» – дейтіндерге нанасың ба?
Япыр-ай, ол қай жерде, қай қалада,
мұнда деп біреу маған айта ала ма?
Немене Жұмақ деген, ондағы жұрт
шетінен жатып алып май қаба ма?
Жұмаққа барғандардың бəрі асыл ма,
жүр ме əлде қаралар да арасында?
Жер басқан тірлігіңді көре алмастар
ол жақта айнала ма жанашырға?
Ойланбай хансың ба, жоқ қарасың ба,
сол жақтан жайлы ортаны табасың ба?
Қорқамын далада өскен ақкөңіл ел
онда да түседі-ау деп жаңа сынға.
«Жұмақ жоқ, – десе де жұрт, – іздей берме!»
Келемін əлі үмітті үзбей мен де.
Онда да мықтылар мен көсемдерден
асылы орын тимес біздейлерге.
Құдайым қамқор болған жеке жебеп,
болғанмен ол киелі мекен ерек,
қорқамын бізден екі-үш адам барса,
жұмағың тозақ болып кете ме деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу