Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  113


Автор: Фариза Оңғарсынова

Заман перзентінің үні

Сұмдықтың бəрі – ішімде
жылтырап жүрген сыртым тек.
Ескерткішке ұқсас мүсінге
жақындай алмас жұрт үркек.
Іш жағым толған шым-шытыр
қалтарыстар мен қоймалар.
Қарныма дейін мың шұқыр
сыртыма шығармай ой қамар.
Кімдерді көсем, кімді құл
етерін жұртым ойланар.
Аңқылдап жүрген кіл мықыр,
қолыңнан келсе, бойлап ал!
Мүсінім мінсіз құйылған –
хандаймын! Көрсет жалғанға.
Көздерді жаулап қиырдан,
тəккаппар жүрсем, таңданба!
Адамнан өрбіп тамырым,
жайылған барлық құрлыққа.
Сондықтан биік жарығым,
болғанмен жерде мың жұтпа.
Əділет күтеді бекер ел,
бақ болмас жанға бос талап.
Адамды көкке көтерер
сұмдық пен айла – қос қанат!
* * *
Көрмесем де ел қорғап, жорыққа еніп,
болмашыға жүрдік тер төгіп келіп,
жылағанға жүгірдім
жүрегімнің
мейірімін, жылуын бөліп беріп.
Қазақы едім: аңқылдап көңілді өскем,
кезім жоқ-ты біреудің жолын кескен.
Аңғалдығым жеруік жұртқа жақпай,
жұғымсыздау, жетімдеу өмір кешкем.
Енді көрсем, басқа жұрт басқаша екен,
тіл табуға, есепке жақтас екен.
Ал мен неге жақпаймын, жағынбаймын,
жүргенімше соғылып тасқа шекем?! –
Десем-дағы,
жандай боп талғамы – үлгі,
өзгерте алмай келемін жан мəнімді.
Жерді қалай шындыққа толтырам деп,
атырамын дөңбекшіп таңдарымды.
Адалдықтың намысын жырту үшін
сабылғаным – басқаға күлкілі шын.
Жанып, сөніп мүжілген жанартаудай
өзімді жеп барады бұлқынысым.
* * *
Өмір сүру дегенің –
қорғау өзің өзіңді.
Өмір бойы келемін
қалқан етіп сөзімді.
Мидай жазық жан-жағы
бекінісім – кең дала.
Əскерімнің сардары,
сарбазы да – мен ғана.
Кеудем – садақ, жыр – жебе,
əлі жүрмін қорғанып.
Бұрылмайды Күн-кеме
маңымда жоқ орман-ық.
Шабуылдап жел тынбай,
қадалады оқ-жаңбыр.
Басым – қазан, бел – қурай,
екі аяғым зордан жүр.
Тірлік кешіп солды ару,
жоқ солмаған бір мықтың.
Өмір деген – қорғану
шабуылынан тірліктің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу