Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  115


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жаман үйдің қонағы

Жолаушыны қарсы алып,
күтіп-бақтық қонақтай.
Үй тазалап шаршадық,
шыбын-шіркей жолатпай.
Мен бұрышқа қамалдым,
күтемін деп əлгіні.
Езуінен баламның
жырып бердім дəмдіні.
Төрді соған арнадық,
тыныш бөлме – жатқаны.
Балаларым сандалып,
жатар орын таппады.
Кетсе еді ғой аз қонып,
жатып алмай бір апта.
Мен отырмын мəз болып,
екі езуім құлақта.
Қоңданайын деді ме –
көтеріліп шоқтығы,
қапелімде еліне
кететұғын жоқ түрі.
Үйіндей-ақ балдыздың
билеп-төстеп барады.
Қожамыздай дəл біздің
жұмсап келін-баланы.
Немереме зекіріп,
берекені кетірді.
Үйімізге жеті жұт
қоса келген секілді.
Атамызға қадірлі
«Əй» дейтіні басталды.
Мұжығындай кəдімгі
бəрімізді жасқады.
Енді қайттік? Ол əлі
көз алартар қосыма.
«Жаман үйдің қонағы
билер» деген осы да!
Құрметтеген салтым не
кез келгенді төре деп.
Жарбаң қағып əркімге...
өзіме де со керек!
* * *
Сөз сөйлесе өлгендер тірілгендей,
қара тас та елжіреп жібігендей.
Шындық үшін шыңғырған шыбын жаны
ұлы тұлға секілді мұңы жердей.
Сырт айналса, басқаша ісі мүлдем,
ісі түгілі өзгерер түсі бірден.
Көрсе адалды, аузында – қызғаныштан –
ит абалап, ішінде күшік үрген.
Көрінуге жақсы боп бұл арсыз жан
аттауға əзір қиналмай құран, тұздан.
Адалдықтың белінен басып өтіп,
құлатады да əлсізді құзар шыңнан.
Абзал, адал, көз арбар көрікті адам,
өз қамынан басқаға торықпаған.
Мен қорқамын осындай адамдардан,
Алладан да, ардан да қорықпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу