Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  130


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жекеменшікке талпыну

(Көңілдес əйелдің көңіл күйі)
Сүйе алмаймын –
сүйгім келіп тұрса да есім кетіп
(мейлің мені сол үшін кешірме түк),
болмағандай ештеңе барасың ғой,
аласұрып келесің несін жетіп?
Көрген жерден –
аймалайсың алқынып, құлап-талып,
есімді алып үздігіп, сыр ақтарып.
Ал мен болсам, шығарып салған сайын
тұрам қимай ұзатып, жылап қалып...
Еркелегім келеді –
рақаттан сонда сен қалғыр едің,
бірге атқызғым келеді таңды менің.
Қазір тағы кетеді-ау деген ойдан
мұздап қоя береді жан-жүрегім.
Содан, содан қаламын
бар жаныммен алдыңда ашыла алмай,
тілеп тұрып – мойныңа асыла алмай.
Жекеменшік аңсайды көңіл-сайқал,
содан барлық желігі басылардай.
Мен салқындау көрінсем –
жарқылдауға жанарға жақұт қонып
сені күтіп шаршадым, уақыт соғып...
Несіне ендің қиындау тағдырыма
қайғы болып, жартылай бақыт болып...
* * *
Қош енді, Сарыарқаның іңірлері!
Шипа боп жүректердің діріл-демі,
сал сезім баурап апты бүгін мені.
Сергіттің самалыңмен,
жүргенімде
көңілімнің табылмастай ғұмырда емі.
Мен əлі өзіме-өзім түсінбеймін:
бойымда сарқылмастай күшім кей күн.
Ал кейде біздің эраға дейінгі
заманнан қалған қола мүсіндеймін.
Мен кейде кешкендеймін сан ғасырды,
жердегі естігендей алғаш үнді.
Тірлікпен бірге жасап келгендеймін
айналып құстан – аңға, малға түрлі,
сонан соң – жапыраққа, жанға сырлы.
Осынау жер шарының кең бетінде
жаутаңдап кейде ұқсаймын мен жетімге.
Ал бүгін бар қадірін ұққандаймын
жүрудің адам болып жер бетінде.
Болғанмен аспан биік, мидай далам,
өзіне-өзі кейде сыймайды адам.
Кеңдігің кеудемді ашып, енді, міне,
айнымас аяулымдай қимай барам.
Ызғары, салмағымен басқанда уақыт,
аңсатар еркіндікті жас парлатып.
Жоқ екен – Жер ме, адам ба – өзі-өзінің
қожасы сезінуден асқан бақыт!
* * *
Бақыт деген көшпелідей
кетеді өтіп мұңдарың да.
Жүрсе болды дос жерімей,
өртенумен бір жалынға.
Арман қуып, талар денең,
тұралатпай атақ-атың.
Сезсең болды саған деген
ұлы еліңнің махаббатын.
Ақтау үшін жас халықтың
сенімі мен үміттерін,
ұста жалын ақша бұлттың,
жанарыңды тігіп пе едің?!
Жігер-желмен керне үміттің
желкендерін – жаға шалғай,
торы шырмап пенделіктің,
ұсақталмай, аласармай.
Жігер құйып түңілгенге,
шырқа өмірдің ақпан əнін.
Өте шығар ғұмыр демде,
үміт отын жақ, қарағым!
Рақаттың ғажап таңын
сүйрер сенен уақыт-кемең:
қасірет пен азаптарың –
жұрт аңсайтын бақыт деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу