Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  138


Автор: Фариза Оңғарсынова

Асыл аға

Нұрғали Тасмағамбетовтің
70 жасқа толу құрметіне
Бұл күнде ел сыйлаған тұлғасыңыз,
өмір сол: етегі – жаз, жылғасы – күз...
Қанат қып ақ тілекті келіп қалдық –
ағажан, құтты болғай бұл жасыңыз!
Иыққа жүк салып тұр ғасыр-ана –
бұл жайды ақын-көңіл жасыра ма?!
«Еліңде кімің бар?» – деп сұраса жұрт,
ойыма Сіз түсесіз, асыл аға!
Қадірін білмесе орта адал-ардың,
ой мүжіп жақсыларды жаралар мұң.
Мұңдайда есті перзент жанға тірек –
сүйсінер қызығумен қарап əркім.
Қыз өсіп бұл əулеттен шарықтады,
ұлдардың парасатты алып бəрі:
еліме тек жақсылық жасасам деп,
емес, ойлайтыны – халық қамы.
Болған соң əйелі есті, гүл мүсіндей,
ерлердің абыройы жүр кішірмей.
Ділда апам жаныңызда жайраңдайды,
баяғы Қыз Жібектің сіңлісіндей!
Осының бəрін, аға, шүкір дейміз,
шүкірмен көңілімізді бүтіндейміз.
Бұл қазақ қызғанышсыз жүре ала ма –
кейбіреу күңкілдесе, түкірмейміз!
Пəктіктен елді аластап барады əр күн,
айырмай даралар кім, даналар кім...
Сонда да тəубе деймін қалғанына,
əр жерде алтын діңгек ағалардың.
Сіз барда мұзарт таудай басы дара,
көңілін қарындасың жасыра ма!
Қызықты еліңменен бірге көріп,
аман жүр ортамызда, асыл аға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу