Өлеңдер ✍️

  06.05.2022
  140


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мұзтау

Япыр-ай, бұл атауды кім тандаған,
таңданар естігенде мың сан ғалам.
Шаншылып тұрған таудың тұла бойын
жарқырап көкпеңбек мұз құрсаулаған.
Жолы жоқ бастайтұғын жосып алға,
сұсынан адам түгілі шошыр аң да.
Рухы ұлылардың мекендеген
киелі Шамбала да осы маңда.
Мұзтаудың іші толған кен бе, жел ме,
ал, оны түсінбейміз сен де, мен де.
Өзінің сұңғақ бойын көрсетпейді ол
біздердей күнəсы көп пенделерге.
Бəрі бір оған қыс па, жаз айы ма –
мұз құрсау денесі де, самайы да.
Тайғақ шың Əлібекке құшақ жайып,
өзгені жолатпайды маңайына.
Мұзтаудан тарайтындай бар жақсылық,
жасқанып етегінде алғаш тұрып
қарадым дір-дір етіп, осынау шың
тұр-ау деп жер мен көкті жалғастырып.
Аңыздың Мұзтау жайлы шет жағасын
естігем, қатады əлі текке басым.
Көргенде осы шыңды
жұмақ жаққа
апарар баспалдақ па деп қаласың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу