Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  113


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жібек бақшаға бармаған күн

– Көке, тоңып барамын...
– Шыда, қазір жетеміз ғой, қарағым.
– Бүгін үйде қаламын?!
– Бақшасына баруы керек баланың.
... Сыр шертісіп келеді.
Қыстың аппақ желегі
желбіреген басында
дірілдейді терегі.
Аяз деген əзілкеш
қытықтайды денені.
Ертеменен тұрып ап,
қала шылым шегеді.
Машиналар сырғанап,
жолда шаңғы тебеді.
Адам біткен жарысып,
автобусқа мінеді.
Балалары жанында
бұлталаңдап ереді.
Ал қараңыз мынаған:
өтіп жатқан жүз адам
кең көшенің бойында
құлап жатыр бір адам.
«Тұра алмаймын, қарағым...
сынды білем бұғанам...»
Тапты əкесі бір ебін:
сұрамастан «кім едің»,
тастай салып Жібегін,
тоқтатты əрең дегенде
таксилердің біреуін.
Түсінікті ар жағы:
əлгі ағаны салғалы
емханаға барғаны,
телефоны жоқ екен,
үйін де іздеп шарлады.
Көкесінің жанында
Жібек жүрді, қалмады.
Бақшаға да бармады.
Көкесінің жұмыстан
жақсы болды қалғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу