Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  81


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ширазға сəлем

Ширазда таң атады-ау, Күн сыланып,
ертемен сұлулары гүл суарып.
Атасы шайырлардың Хафиз ақын,
өсіп ем ғазалыңнан сусын алып.
Тербетті бесігім боп дала мені,
өзіңді Абайым да аға деді.
Мені де бұл өлкеге ғашық еткен,
өзіңнің жырларың мен анам еді.
Рухың құйғандай ма күш жаныма –
кеткендей жүрегімнің қысқаны да.
Соға алмай зиратыңа, дұғамды арнап,
аттанып барам Қазақстаныма.
Басқа елде өлең шамын жақсам да мен,
өзіңді ойым жетпес асқар деп ем.
Шираздың ауасымен тыныс алып,
сен жүрген топырақты бір басам деп ем.
Иранның ұлы – батыр, қызы – көркем,
хош исі жұпар шашқан жүзім – өлкең.
Ал, менің кең даламды шөл жалайды:
жазы – өрт, қысы – қатал, күзі – желкем.
Өлкеңнен ғазалыңның нұрын көрем,
мұхитта мерт болмаса ғұмыр-кемем,
нəр берсем деп ем шөлейт мекеніме,
кəусары құштарлықтың жырымменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу