Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  129


Автор: Фариза Оңғарсынова

Парсының сұлулары

Таңданбай көзі түссе, қалған ба адам,
дидарын көргенде естен танған ғалам.
Өмірімді қияр ем деп күлкісіне
өртеніп ақын біткен армандаған,
парсының сұлулары!
Жарқ етсе жанарынан Күн күледі,
Дүниеге шуақ шашып нұрлы іреңі.
Күлкісі – əділдігі аз өмір салған
балдырдай жаныңдағы мұңның емі –
Шаһнабал сіңлілері!
Ашуы – желтоқсанның түнгі ызғары,
тіл қатса, күміс шолпы сыңғырлады:
көзі – түн, бұрымы – орман, ерні – раушан,
қол жетпес еңлікгүлдей шың-құздағы,
Зуһра жұлдыздары!
Тазартып күнə-ласты санадағы,
жер беті сүйсінуден жаңарады.
Тек ғашық сезімдерден перзент болып
жаны пəк, періштедей таң ажары
сұлулық жаралады.
Күзетіп не заманнан Шығысты ерлер,
дұшпанға тапталмаса пүліш жерлер,
ошақтың жылу көзі – көкірегінен
өрбіген Шырындар мен Рүстемдер
парсының сұлулары!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу