Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  110


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қаңбақ-тағдыр

Туған жерім!
Тумай жатып оранды балаң мұңға,
құндағымнан қуылдым, нəр алдым да,
Алты жаста ем. Қылмысым жоқ болатын,
Алланың да алдында, адамның да.
Сені іздесем дүниеден табармын ба?
Туған жерім!
Бас салды да кеудеңе сары жылан,
қапелімде жоғалтты бағын ұлан.
Кете барды ұл-қызың тоз-тоз болып,
қаңбақтайын үзілген тамырынан.
Қаңбақ-тағдыр салады жабығып əн.
Көз алдымда;
ошақ қалды отымен, ана қалды,
қурайлары сыңсыған дала қалды.
Əлі ұмыта алмаймын ботасынан
айырылып зарлаған қара нарды.
Теңіз долы, ашулы. Біз тентіреп
кете бардық жағалап жаға-жарды.
Жылады атам,
қимай туған елдегі жылдарды ізгі,
көз алдымда бұлдырап қырлар жүзді.
Біздің тағдыр осылай елестетті
жарылыстан быт-шыт боп сынған құзды.
Қара жердің бетінде паналатып,
бауырына тартатын кім бар бізді!
Рақымы түссе Алла нұр береді –
пана болды жат жердің іргелі елі.
Жас ұлғайды. Ой жейді түнде мені –
ой кемірген жанымды кім көреді?
... Теңіз беттен жел ессе, келеді əлі
жусан иісі... Құм иісі шілдедегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу