Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  125


Автор: Фариза Оңғарсынова

Намазшы

Аузында – Алла, қолында тасбиығы,
Намазға да жығылып, жақсы ұйыды.
Жалбарынды: «Күнəмді кеше гөр!» – деп,
мөлт-мөлт етіп көзінде жас түйірі.
Сырттай қарап, сүйсіне, табынасың,
құйылғандай бір сəуле жаныңа шын.
Осы адам боп көрінер шырмауықтай
пенделіктен ұяты, ары басым.
Сыртқа шықты. Қарадым қалды да ұнап,
асықтырды-ау сансыз іс, алғы мұрат.
... Томпалаңдап жүгірген балғын бөбек
дəл қасында сүрініп қалды құлап.
Жанұшыра жүгірді соңында ана,
бала өсірсең, көз жазба – жолын қара!
Намазшымыз бұрылмай өте берді,
жолда құлап жатқанда өрім бала.
Сұңқылдатып созғанмен Құран əнін,
білмеді аяу дегенді бұл адамың.
Алланы алдап, шамасы, жуғысы бар
өмір бойғы өзінің күнəларын.
«Құлымыз, – дер, – Құдайдың», – жиында олар,
өз басының қамын жеу миын жалар.
Дəл мұндайдың тілегін Тəңірімнің
қабыл ете қоюы қиын болар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу