Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  232


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қасірет пен ерлік жыры

Соғыс өртін бастан кешпегендер мен соғыс
қасіретін тартпағандарға арнаймын
Аспан мен Жер арасын
өрт қаптады жалыны жалаңдаған,
көңірсіді құйқадай адал далам.
Бір-бірінің қанынан ұрттамаса,
тыншымастай сұстанды адамға адам.
Түндер келді жарыңның құшағында
рахаттың орнына алаңдаған.
Жас орнына мөлдіреп жанарда қан
тамайын деп тамбаған, тама алмаған.
Алмасты ілез күрсіну, күңіренумен
жүректерден шарықтап таралған əн.
Түнде соғар дүлейін жасырғандай,
күліп атып қылымсып таң алдаған.
Бейнетімен бақ құшқан кең далаға
қанды өзендер құйғандай сан арнадан.
Мазасыз һəм қысқа бұл тіршілікте
болар кейде мейірімді адамнан аң.
Сəби көңіл жандардың жанын улап
бітіспес кек, ызамен арамдаған.
Дөңбекшіді сонда Жер қанға бөгіп:
«Не кінəң бар, Адамдар, тағар маған?!»
* * *
Күндер туды өртенген
тұрғанда нұр-бақытқа аймақ тұнып:
жігітінде ер мінез, қайраттылық,
сұлу мықын, тұнжыр көз келіншектер,
құмар қылған құлынды байлап тұрып.
Құштар сезім бұрқ етіп, жас жігіттің
көкірегінде тербелген айлап тынып;
бұрын естіп білмеген сырлы əуенді
жүрегімен, жанымен сайраттырып;
өр көңілі арман мен мұң оранып,
тұл болғандай кешегі айбаттылық:
көз алдынан кетпейді жалт қарас пен
есін алған үркектеу сайғақ қылық;
дүниенің бəрі-бəрі ұмыт болған,
шықса алдынан сол ару жайнап күліп.
... Төріне əкеп өлім мен қайғы лақтырып,
уланбаған аймақты жайратты жұт,
жауыздығын себелеп айбат қылып.
Сүйіктісін бір сүйіп үлгерместен
ер кектенді зығыры қайнап тұрып.
* * *
Отырды əйел
еміреніп, емізіп тұңғыш ұлын,
естігендей жалқы үнін жыл құсының,
аймалайды елжіреп балапанын
ұмыттырған талайғы мұңды сырын,
сезіндірген аналық бақытты алғаш
еріндерін қызықтап тұңғышының.
Бұл бақытты қашан ол аңсағалы...
Аңсағалы, көз жасын тамсағалы.
Кімге барып не дейді, құдайым-ау,
«Балам жоқ!» деп қай жұртқа жар салады.
Жан болғанмен байсалды, шыдамға бай,
көңіл көгін шалмасын мұнар қалай:
артықтықтан туғандай кейбір əйел
жат қайғысын жүрмейді ұрандамай;
тырнағына тұрмайтын біреулері
кісімсініп қарайды бұған қарай.
«Байғұс» дейді мүсіркеп біреулері...
онсыз да оның көңілі жүдеулі еді.
Соның бəрі сылып ап тастайтындай
алаулаған шырайды гүл өңдегі.
Сонда ызадан булығып тұншығатын,
тұншығатын, жарынан қымсынатын.
«Соқыр болсын бір перзент таппадым... – деп
күйінетін, – бүйткенше құрысын атым»...
Болмаса да сырт көзге қорынар түк,
ана сəби аңсайды өңі балқып.
Бала көрмей өтудің күйігінен
əйел үшін қайғылы өлім артық.
Сəби келді талайғы армандаған:
ұмыт болып қайғылы таңдар қараң.
Шаттығы да келеді мұң-қайғының
қанша нəлет айтса да жалғанға Адам.
Бақыттылық!
Отыр еді көзінде жақұт тұнып –
«Соғыс!» деген бір сөзден есеңгіреп
зəресі ұшты орнынан атып тұрып.
* * *
Қосылған сағынысып
жүректерде тыншу жоқ алып-ұшып.
Дүниенің бəрі ұмыт. Елжіреуден
денелер жанып, ысып.
Көңілдер алабұртып,
рахаттың жаңбырын жанар іркіп...
Тек осылай сүйе алады бұл өмірде
қос жүрек адал, ынтық.
Түндерде көз ілеспей,
ынтық болып құмарлық сөзіне іштей.
Бұл сəттерді ешкім де ұға алмайды
басынан өзі кешпей.
Жердегі пасық біткен
ақ сезімге жанарын жасып тіккен.
Жұмақ болып кеткен бұл өмірге олар
қарайды ғашықтықпен.
Түндерде қысқа мына
ыза, мұңның жүректен ұшқанына
таңданады екеуі, кеткендей ме
дос болып дұшпаны да.
Айналып бар алапты
бақыт мынау қақпаны жаңа қақты.
Соғыс деген бір сөзден жылы төсек
мұз болып бара жатты.
* * *
Көк мөлдір көркем аспанға
моншақтан шашу шашқанда,
ақ ұлпа бұлттар қымсынып,
көкжиектерден қашқанда,
сүйеніп балғын жас талға
өрім қыз сырын ашқанда,
адамдар аппақ көңілмен
бақытын аңсап өмірден
бар əлем титтей кірбіңсіз
армандай мөлдір көрінген,
самала саумал шақтарда
жүректерден жыр төгілген
ілезде сөніп бар үміт,
тұманнан тыныс тарылып,
басталды соғыс дегенде
адамдар қалды аңырып.
Дөңбекшіп жатты дүние
қасірет бұлтын жамылып.
* * *
Соғыс,
тартыс
ешқашан басылмаған,
қантөгістен қаншама ашынды адам.
Жазықсыз жер қаншама жараланып,
жетімдіктен қаншама бала налып,
қара тұман жамылды жасыл ғалам.
Əлсіздерді əлділер басып-жаншып,
шындығы жоқ өмірден ашынғансып
дейтіндер бар: «Бұзылған ғасыр жаман».
Соғыс – майдан ғана ма оқ бораған,
Жоқ! Оқсыз-ақ атыстар тоқтамаған.
Аймалаған болып кеп жаққа ұратын,
құшқан болып құздардан лақтыратын
қатерлісі – соғыстар оттан аман.
Болдырмаудың қажетін біліп тұрып,
шектелуден шыға алмай бұғып, тынып,
адам кейде бұзаудай ноқталаған.
Ғасырларға үңілші, замандасым,
тыйған күн жоқ жазықсыз жанар жасын
біреулердің қанқұйлы арманы үшін,
біреулердің үмітін жалғау үшін
талай-талай доп қылды адам басын.
Біреу адалдығынан жазаланып,
пайда көрген бір сұмдар мəз-ау анық...
Арамға емес, бұл өмір – адалға сын.
Адамдарға осы мен таң қаламын:
бір-бірінің аңдумен əр қадамын,
бірін-бірі атқылап зұлымдықпен,
көкірегіне арам ой, сырын бүккен
біле тұра жат көзден қан тамарын,
біле тұра ғұмырдың қысқалығын.
Жұмсап құртып жоюға күш-жалынын,
осы еншіні неге, адам, арқаладың?!
Ой-қиялды жұмсамай ақ арманға,
біреу тойып, біреулер таланғанда,
сыйыса алмай кең жерге қақтығысып,
сүйгенді емес, сезімсіз жатты құшып,
оқтан қалған жазылмас жараң бар ма –
ем табылмай сыздайды, қамығасың...
өмір солай – ауадан шаңы басым,
жерде қара ниетті адам барда.
Солардан, жер, қашан сен арыласың?
Жатырсың сен
ғұмыр бойы оқтардан жараланып,
сені адамдар былғады, талады анық.
Болмаса да бір сəтің күрсінбеген,
қажысаң да тартысып күншілменен,
мықтылықты сенімен бағаладық.
Қай заманның болмасын бір кеселі –
ойлы ұлдарың азаппен күн кешеді
өсекпенен, жаламен қараланып.
О, бұл бүгін ғана тек басталды ма,
зұлымдықтар заманнан жасқанды ма –
жасқанбады, жалғады қырғын ісін,
тоқтамады күрес те шындық үшін,
оған куə мүжілген тастар мына.
Галилейлер тірілей отқа жанып,
Спартактар төсіне оқ қадалып...
Ал осыдан замана жақсарды ма?!
Зұлымдықтар...
бүкіл елдің жүрегін орап қанға –
Лениндей данаға оқ атқанда,
қалай ғана қолдары дір етпеді?
Қалай ары азаптап, жүдетпеді
(арды бірақ жауыздық жолатқан ба?!)
Ал осыған, адамзат, не дер едің,
жақынсың сен əлі де неге керім
қиянатқа, өзгеге оқ боратқанға?
II
Майдан. Алаң.
үскірік ұйытқып соғып айналадан
барады дірдектетіп от денені,
бірақ одан бір жалын өктем еді
(мен де онымен өзімді қайрап алам) –
елге деген махаббат жүректерде
айбынды еді оқтан да, тілектен де.
Мұндайда ер ме кек жүзін қайрамаған!
Арулар сүйілмеген,
сыланып та үлгермей үйінде кең,
жары аймалар ақ төсін жер тілгілеп,
еңбектейді ызадан елтіп жүрек,
жаудың оғын нəзіктеу иінменен
тоқтатты да құлады, дым көрместен,
дүниеге қош деп те үлгерместен...
Бос сөз екен өлуді қиын деген.
Гүрсілдеп құлақ тұнып,
бір-біріне ажалды лақтырып
жүрді адамдар ойланбай қанға батып,
жауап берер бір кезде таңдар атып
білмей өкінетінін жылап тұрып,
ар алдында əр ісін сұрақ қылып.
Бүгін соғыс. Айнала азап толған.
Төбешікке қырғынмен азат болған
ту қадады карт солдат жылап тұрып.
Қанша қырғын.
Жер қақалды жас қанын тамсап ұлдың...
Əрбір үйдің ардағы шаттығы алда
шала жансар көміліп жатты қарда,
үзілді албырт арманы бал шағыңның,
от жылдардың ұл-қызы, қыршын кілең,
кешкенім жоқ сен көрген бұл сынды мен.
Сенің қайғың – жанымда қалса бір мұң.
Болса егер мақтанышым –
ол өзіңнің ерлігің, тап намысын
қорғау үшін қиратып дұшпандарын,
жас арманды құрбан қып құшқан жалын.
Ел сенімін ер солай ақтады шын.
Қай далада сүйегі қалды екен деп,
сүйгенінің жүрегін зар мекендеп
«Келер ме, – деп күтеді-ау, – баққа құсым».
Күту деген...
ол қайғы емес, үміт қой шүкір дер ем:
бірақ мен де азабын тартқам талай,
мынау аппақ селеулер жапқан самай –
күткеніме қойылған үкім дер ем.
Сықыр шықса келді-ау деп тосып күнде,
елеңдеумен көз ілмей шошып түнде
талықсыған жүрегім, бүкіл денем...
Қарт солдат барады алға,
көміліп жатыр, міне, дала қарға.
Басталған таң алдында жорық демде,
сүрініп жүре алмайсың өліктерге...
Соғыс түнге, күндізге қараған ба.
Жатты солдат алдында ыңыранған,
жұтып жатыр аппақ қар жылы қаннан,
адам бейне оққа ұшқан қара қарға.
Жүрегі сыздады ма
қалтырап кетті таңның ызғарына,
шала жансар жігітке үңілді де,
шырамытқан секілді түрін, міне...
50
Тани кетті! Денесі мұздады да
жалғыз ұлдың өлігін тасалауға
еңбектеді күш жоқтай басар алға.
Қалай тастар өренін сызға мына...
Қан толып жанарына
(кек қайнаса көзден жас тамады ма)
ұмтылды алға кегі үшін жалғызының,
енді қара жер көрген бар қызығын.
Жүрек ұйтқып тығылды тамағына,
тістенді де жау жаққа боратты оғын,
шешіп тастап ызадан шолақ тонын,
елемеді қолдағы жараны да.
Ұрыс сəл басылғанда,
жоқтарды ойлап жолдастар ашынғанда,
ол отырды, жалғызын көме алмады,
жүрек жылап, өксиді соған жаны,
көрсетпеді бірақ та жасын жанға.
Адамдардың қинады-ау бұл сын бəрін,
еске алады оқ құшқан қыршындарын.
Бұл қыршынды ұмытпас ғасырлар да.
* * *
Камералар.
Темір тор.
Қақпа жабық.
Тірі өліктер əр жерде жатты ағарып,
тірі деуге – тарамыс қу денелер,
өлі деуге – қимылдап жатқаны анық.
Жас сəби
жатыр əне көгеріп талмаусырап,
енді сөніп кетердей арман-шырақ.
Айтатұғын дəрмен жоқ, жалынышты
жанарымен бір жұтар талғам сұрап.
Өрімдей қыз
махаббатқа, арманға, сенімге асық,
тілін кескен, «сөйлейді» тек ымдасып.
Ақша бетте ырсиған «жұлдыз» – таңба –
жауыздардың салғаны темір басып.
Жап-жас ана
от жанары ызасын шашады анық,
сосын үнсіз жылайды тасаланып.
Қос анарын темірмен күйдіргенде,
сəтте кеткен қудай боп шашы ағарып.
Селк етеді...
Сəбиі кеп сорғандай көкірегін.
Қай жақта жүр, құлыным, жетімегім...
Құлағында ұлының шыңғырғаны,
сосын: «Тоқтат, күшік!» деп зекіген үн.
Концлагерь.
Қан түсті күрең есік.
Жақындасаң ажалдың лебі есіп...
Əлі сөніп бітпеген үміт мұнда
қасіретпен, азаппен жүр егесіп.
Крематорий.
Отын да құтаймады,
қара жерге келген бұл жұт айғағы.
Адамдарды тірілей отқа жағу –
зұлымдардың ойыны, ұпайлары.
Темір пештер тізілген.
Сұсты бəрі.
ұшқын шашып өртенген ыстық əрі.
Адамдарды бір-бірлеп өртеп жатыр,
жанталасып біреулер күш қылады.
Дыбыстауға көбінің келмейді əлі.
Ал біреулер шыңғырып ышқынады.
Беттескенде ажалмен
кетеді екен жанардан жалын қашып –
үрей, қорқу, не мұнар сағым басып.
Жанталасын көргенде адамдардың
мəз болады фашистер дабырласып.
Майданда, ұрыстарда
оққа ұшқандар не деген бақытты еді!
Тұншықтырды қан сасып уақыт демі.
Адам адам болғалы жер үстінде
дəл осындай қайғы уын татып па еді?
Зұлымдықтың –
кан сормаса көңілі жайланбаған –
жанды қуыршағына айналды Адам.
О, адамзат! Осыны ұмыттың ба?
ұмыттың ба? Қалайша? Қайран қалам.
Кешірімсіз:
адал жанның өшірген үміт таңын,
еске алмасаң жауыздың қылықтарын;
бастан кешкен қайғы, ыза, қасіретті
түк те болмағандай-ақ ұмытқаның.
Бұл əлемде қасірет
жүргізіп тұр қаралы үстемдігін,
басымырақ қанқұйлы күштер бүгін.
Адалдарды жазықсыз жылатады,
зұлым жандар айлакер, іскер мығым.
Мейірімге жер үсті тапшы бүгін.
Кімге айтасың шындықтың ащы жырын...
Теңіздегі тамшыдай еленбейді
сенің адалдығың мен жақсылығың.
Өртенуден дүние тыншымаған,
бейне құрап қойғандай мың сынадан:
быт-шыт болып кетердей тұр бүгін де,
қағыстырып, лақтырып бірді-бірге
жауыздар жүр. Қор болды-ау қыршын адам.
Жер де бүгін жамылды қаралы ірең,
қарашы сен жүректің жанарымен –
жұрттың бəрі жүрген жоқ мұңсыз аман.
Үңілмесең,
сен көрмейсің ештеңе қас-қағымда –
тұр оранып дүние ақ сағымға:
секілді еді дəл кеше адал бəрі,
батпағандай күнəға жаралғалы,
түк те жоқтай жұмақтан басқа мұнда.
Ақ сағымды серпі сен, қорғалама,
шын өмірді көресің сонда ғана,
бұлтсыз емес көк деген аспаның да.
Мынау пештер...
ажал ғой тұнған бəрі,
қашан мынау өмірден жыр қалғалы
əділеттік, адамдық, бақыт жайлы;
ондай тура жолдардан уақыт тайды
жер бетінен адалдық ұрланғалы.
Солай.
өмір дегенің – айқас əлі.
Жақсылыққа жамандық жай шашады.
Біреу аңғалдығынан жала тартып,
біреу өліп, кейбіреу дара шалқып,
біреулердің жанады қайта шамы.
Бұл неліктен? Адамда сана кем бе?
Жоқ! Опасыз барында қара Жерде
əлі талай адамдар шайқасады.
Оған куə –
пеште мынау өртенген тірі халық.
Жауыз жұрттың қан-сөлін, сығып алып,
«Биялайға жақсы» деп кейбіреудің
жүр тірілей терісін сылып алып.
Адам, мынау шындықтан
жүрек шошып, дір етіп кетсе денең,
бұл азапты кек алмай кешпе дер ем.
Қасіреттер болады емделмейтін
уақытпенен, бақытпен –
ештеңемен.
* * *
Он сегіз жас!
Алабұртқан көңілдің бұлаң шағы
тəтті үмітпен өмірден жыр аңсады,
сұлулыққа, биікке аңсары ауып,
бас ұратын, төнсе де қанша қауіп,
тосқауылдар жоқтай-ақ сынар сағы.
Мөлдірліктің бəріне ғашық болып,
қиындықтан көрмеген жасып, тоңып
жан-тəнімен өмірге құмар шағы...
Майдан көгі.
Жас жігіт.
Ыза кернеп кеудесін, тістенеді,
жүйткітеді «тұлпарын» құс денелі.
Неткен бақыт айқасқан көк аспанда!
Жер құштырып жауларын, өзі асты алға.
Билеп алды қаһарлы күш денені.
Мөлдір емес аспан да күлгін еді,
«шмидтерді» ол найза боп тілгіледі.
Опасыздар! Бұлар не істемеді?!
«Шмидтердің» нешеуін
жер қаптырды. Бірақ ол санаспады.
Біреу тағы келеді жанасқалы.
Қанша достың қаны бар бұл сұмдарда,
өмірімен борышты ол қыршындарға!
Қап, оқ тиді. Қырсығын қарашы, тағы!
Самолетін жаралы бұрып келіп
(енді басқа қалмады жігітте ерік)
жаудың ауыр составын аластады.
Ауа іздеді орнынан сəл бұрылып,
тек шілемін басынан алды жұлып,
күлімдеді соңғы рет... жақ ашпады...
* * *
Он сегіз жас!
Қыз жасы бұлаңдаған,
құрбысының көзінен сыр аңдаған.
Сыр орнына кек ойнап жанарында,
ыза жасы жұтылмай тамағында,
тұншықтырып оқ құшқан мұнарлы алаң.
Оғы бітті. Қиналды-ау мұнша жаны,
үміт, арман жанарда тұнса-дағы
жау дзотын денемен тұмшалады.
Таңданды жау: «Ессіздік! Бұлар надан!»
Ессіздік пе!
Мұндай ессіздіктерге жүгінер ем,
өмір ғой бұл үзілген. Күңіренем.
Байланысшы еңбектеп, жанұшырып,
оқ өтінде аунады қары сынып,
қол дəрменсіз, тұрса да жаны шығып
үзік сымды жалғады тіліменен.
Жатты солай үзілген сымды тістеп...
Айтамыз ба мұны да сұмдық іс деп?
Жоқ, бұл – ерлік. Өтейміз мұны немен?
Бара жатты ол орманда
бейқам жан боп, айнала құлақ түріп,
орманшыдан алған-ды сұрап біліп
партизандар бағыты қайда екенін.
– Қолға түссең?
– Саспаңыз. Айла етемін!
Орманшыда сонда да бір-ақ күдік –
Қолға түссе шыдар ма? Жастау əлі.
«Көрсетермін, – дейді өзі, – масқараны!»
Сосын еске алады жылап тұрып
дарға асылған анасын жас балалы...
Село жауда.
Жауыздар қан тілеген
атып, асып өзіндік салтыменен
жүр бейкүнə жандардың қырып бəрін,
мазақ етіп дарға асқан тұлыптарын.
Бір кемпірде жалғыз қыз бар-тын өрен
алып келді. Офицер зілденеді:
– Коммунистер селода кімдер еді –
Ата, түгел!
Қайсар қыз үндемеді.
Бас ием сол өр қыздың даңқына мен.
Ол бір өлмес ерліктер жасады ма?
Жоқ! Бірақ дақ салмады жас арына.
Адалдық пен кек тұнған бұл жас ірең
сатылмайтын, сатпайтын тұлғасымен
елестетті ерлікті. Шашы ағы да,
жасаңы да қайран қап
бар сындары
елең болмай, ызадан қалшылдады,
тұр булығып сары пақыр маса мына.
Құтырынды:
– Бұл не деген өжеттік, қайсар қылық?
Талай ерді жүргенде тайсалдырып!
Қыз жиіркеніп, əдейі күлімдеді,
əлі де ұстаңқырасын жының деді.
Ыза толған демінен май шам бұғып
офицер тұр.
Торларын тыңнан құрып.
Сонда да есін шығарды жындандырып
мынау жап-жас қыздағы байсалдылық.
– Бұлар – ауру!
Коммунистер бастарын айналдырған!
Күтеді енді ажал мен қайғы алдыңнан!
Есуастар
махаббаттың ұққан ба құдіретін!
Сүймес, сенбес адамдар – тірі жетім.
Сүйе білмес сорлыны қайран қылған
мынау жандар, өлсе де сатпай елін.
Жау-пақырлар дал болды таппай ебін,
«ендігі амал – көздерін жойған жылдам!»
Миллиондар!
Сонау жендет-соғыстың құрбандары,
Қара жерге қақ болып тұнған қаны.
Сезсеңдер-ау сендерді ел күткенін...
ұрпақ үшін жасаған ерліктерің
мүмкін емес сол күйі жырланбағы.
ұрпақ мəңгі бас исін тұрып мейлі –
сендерді олар бəрібір тірілтпейді –
содан бізде жазылмас мұң қалғаны.
Біз білмейміз əлі күн
есіміңді. Қай сайда қалды денең...
Күтуменен көп жүрек зарлы дер ем.
Мəңгілік от жағамыз белеске тік,
сенің мəңгілігіңді елестетіп,
содан өлмес ерлікті, таңды көрем.
Сенен мирас ұрпаққа – тарлан жігер,
хатыңды да қастерлеп қалған бірер,
іздейді əлі өзіңді балғын өрен.
Белгісіз солдат дейміз.
ұлы едің-ау біреудің тілеп алған.
Белгісіз боп қалдың сен. Міне, жалған...
Бозбаланы қиялмен күрсіндірген
əлде аяулы ару ма ең? Кімсің? Білмен.
Білерім тек – бойыңда жігер арман,
елге келген ауыр күн, сындарды ұғып,
ұрпақ үшін жаныңды құрбан қылып,
жаумен шайқасқаныңды біледі əр жан.
Белгісіздік... жұмбақтық
қашан сырын білгенше асықтырған,
тыншымайсың, іздейсің асып қырдан...
Кейде еркелеу, кейде асқақ арулар да
(есіңді алған сезімге дару бар ма!)
жұмбақ қылығымен-ақ ғашық қылған...
Жалғасады жұмбақтық мəңгілікпен,
атырасың қиялдай таңды үмітпен,
армандарға талпынбай, жасып тұрман!
Миллиондар. Мəңгілік жұмбақ жандар,
батырсыңдар халық пен ар алдында,
сендерді іздеп талай тер тамар құмға...
Білем, Батыр атағын ала алмадың,
мүмкін жалғыз медаль да таға алмадың
(даңқ аңсаған жоқ еді бал арманың).
Бірақ тұлғаң ерлік боп қалар жырда.
Мен айта алам бұл күнде батыл тұрып:
кеудесінде ерліктер жатыр тұнып
менің мынау жұмбақтау даламның да.
Дала ұлдары
елі менен жері үшін түн қатқанда
ер атансам деген жоқ. Жүрді ақпанда
қорғау үшін отанын. Ұрпақ үшін.
Көмген талай төбеге жұрт арысын...
Алтын мүсін қойса сол қымбаттарға
ескерткіштен көрінбей қалар еді
біздің шалқар отанның дала, белі!
Əр төбеде ерлік пен сыр жатқанда
басыңды иіп сол ұлы мəртебеге
мəңгі алауды жақсаң да əр төбеге
көп болмайды. Жас ұрпақ, шыңдап барла!
Белгісіздер...
Мəңгі өшпейтін от болып тұр елімде:
əлде ол сенің лаулаған жігерің бе?
Əлде өмірге деген жан құштарлығың –
əйтеуір сол мəңгі отта күш бар бүгін
серпілтетін түндердің түнегін де!
өшпес махаббатым да сендік менің.
Мəңгі алау боп сендердің ерліктерің
мəңгі қалар ұрпақтың жүрегінде.
III
Жас келіншек
жас тұнып жанарында,
қара түнде көміліп нала-мұңға,
(сонау сəттер елестеп көзді арбайды)
күбірлейді, ең ыстық сөзді арнайды:
қалмай бірі: «Жарығым!», «Қарағым!» да...
Тарылтады тынысын түндер керең,
күндіз көппен жер басып жүргенменен.
Құс жастықты құшады күйеуінің
таныс исі сіңіп те үлгермеген.
Балғын дене балқымай, мұң қамаған,
бұл сезім ғой көңілді қылған алаң.
Төсегінде дөңбекшіп аңсап-талып,
сосын таңда көз іліп шаршап барып...
Білем, білем. Таныс жай бұл да маған.
(Сəттер болған менде де
құлазыған, жүрегім дірілдеген,
дірілдеген, көздерім ілінбеген:
мен біреуді сүйгенмін өліп-өшіп.
Соны ойлаймын, аңсаймын бүгін де мен.
Ол-дағы ессіз сүйетін шатастырып
атқан таңды кешегі іңірменен...)
Түн еді бір. Есігі тасырлады.
Сасып қалды келіншек. Басындағы
орамалы сусыды, түсе берді.
Əлде келіп қалды ма асыл жары?
Оңбаған ба əлде бір келіп тұрған
жалғыз басты əйел деп басынғалы...
Неге, неге осынша қалтырады,
мынау есік неге тез ашылмады.
Таныс жандар көзіне елестеді,
жеті түнде жай жүріс емес тегі...
Бір нəрсені көтеріп тонға ораған
Жоқ! Нəрсе емес! Бас, көзі...
болжады – адам.
Осы, осы таныс жүз емес пе еді?
Не болды əрі. Білмейді. Есінде тек
айқара ашқан есіктен жел ескені.
Шыныменен...
Жоқ! Мынау қайдағы адам?
Адам? Қап қой аузын байламаған.
Арман сонда шынымен тапталды ма?
Қос аяқсыз домалап жатқан мына
сол жігіт пе? Жоқ, мұны кешіре алман.
Анық сол бір жігіт пе есін алған,
құшағына ап алқынған, аймалаған?
Сол!
Көзде анау от қалған, ыза қалған.
Шаш ағарған жиырмада ұзап арман.
Мұның балғын денесін қаусыратып
тастар сонау күш қайда бұза жарған?
Қалай енді жаныңа жақындайды.
Талықсытты əйелді ақыл, қайғы.
Жұрт тым-тырыс. Айнала тына калған.
– Есің жиғын, – деседі қоршағандар, –
өзгермейді болған іс жылағаннан.
– Құдайым-ау, шүкір ет. Бар ма арманың?
Маған қара, – жалғызым, алданғаным
келсе еді ғой осылай домаланып,
алданыш боп қалмас па еді о дағы анық...
Солай келсе жоқ еді арланбағым.
Қол-аяқсыз домалап оралса да,
шүкірлік ет, шырағым, таңданбағын!
Керекпейді
ақыл айтып жұбату, үгіт деген.
Қалай өмір сүреді тұлыппенен...
Тəтті екен ғой күтудің қасіреті,
өр тұлғасын еске алып үмітпенен.
Кім кінəлі?
Кегімді кімнен алам?
Енді маған шуақты күн де қараң.
Арысымды бұл күйде көргенімше,
соқыр болып қалсамшы өлгенімше,
неге керек жер басып жүрген аман?
Бұдан артық қасірет əкелмейді
өлім, қайғы, азапты түн де маған




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу