Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  142


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жүректі оймен қамалап

Сөз мүжіп, не жыным бар ақылды үгіп –
өзгелер қызық кешіп жатыр күліп.
Адамдар «ойнап-күлген күнə,» – дейді,
өздері сол күнəға батып жүріп.
Батсам деп күнəсына адамдардың,
құлшындым желігімен арам қанның.
«Бəрібір періште деп айтпайды ешкім», –
деймін-ақ, сөйте тұра қаламды алдым.
Күн кешпей кəріні алдап, жасқа күліп,
түртінем қағаз шұқып, бас қатырып.
Оңаша қалу – арман, көпшілікте
жонымнан алатындай таспа тіліп.
Жүректі жыл қамадым, ай қамадым,
білмеймін – қайда жастық, қайда жалын.
Əйтеуір өз еркіммен азап кешіп,
қағазға жіпсіз, сымсыз байланамын.
Ал, содан пайда қандай қу жаныма,
немесе өмір деген шуға мына?
Адамзат мүсінімді құйып, кейін
бейнемді жапсыра ма туларына?
Қарсы ағып, Өмір заңын сынар едім,
қол соғар қылық емес бұ да керім:
табиғат жазалайды қарсылықты –
күнəға батпауым да күнə менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу