Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  118


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ананың тілегі

Өмірден ылғи нұр күттім,
кешсем де талай өткелін.
Таңданам бүгін, тірліктің
құпиясы, мұнша көп пе едің?
Мол екен жұмбақтары да,
зардаймын ойсыз күніме.
Нəзіктеу мөлдір жаныма
ауырлау ғасыр жүгі де.
Қуаныш құяр көңілге
сиреді салқам сырласым.
Жыл өткен сайын өмірде
рахаттан гөрі мұң басым.
Жабырқап жарқын жамалым,
күдіктер жайлап сананы.
Бала өскен сайын ананың
бейнеті де өсіп барады.
Қоңыраулы күлкі қалды күн
шалқитын шартқа шектелмей.
Дос кеуделердің барлығын
күншілдік кеулеп кеткендей.
Серілік, сенім тұл бүгін
жүрмейтін бір кез таң қылмай.
Шарқ ұрып жеткен шындығың
шілдеден соңғы шалғындай.
250
Жылауын жоймай Жер-бесік
тұрса деп өшпей ізгі арман –
қорғаштап келем сең кешіп
қараулықтардан, ызғардан.
Тарландай уақыт тақымдар,
сенделтер салқын сеңдері.
Ей, Өмір, саған датым бар –
жалғыз-ақ тілек мендегі:
тоғытпа мейлің ақ нұрға,
сынағыңды əлі дайында,
нəзіктігімді тек қалдыр да,
аналығымнан айырма!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу