Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  101


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қыр келбеті

Сеңсең тон, саптама етік, түлкі тымақ,
тазы ертіп аңшы шықты, бүркітін ап.
Омбы қар. Қыстау маңы жайбарақат.
Қарайды айналаға Күн шытынап.
Жеңілдеу шыға қалсаң, құлақ бұрап
қоймайды аяз деген шұнақ құлақ.
Боз түтін бара жатыр боз аспанға
қырдағы көшкен елдей ұбап-шұбап.
Үй тыныш. Соғым семіз. Тұрмыс жайлы.
Қарғадан өзге қанат мұнда ұшпайды
Жымыңдап жылтылдаған қардың беті
көз қарып, кіп-кішкентай Күнге ұқсайды.
Жас келін ертіп «кенже баланы» өрен,
бұралып су ағашпен барады əрең.
Ішікті төрт-бес адам қос ат жегіп,
сыдыртып келе жатыр шанаменен.
Тұрса да тас төбеде Күн шалқалап,
бояйды бетіңді аяз қылсаң тағат.
Жал-жая, қазы-қарта мұрын жарып,
қыста да қонақ күту – бір салтанат.
«Қыз көру» салтын сыйлар ел сүрініп,
көрсетпе баса-көктеп ерсі қылық.
Қыдырып сəлем бере келген болып,
күйеуге еріп бірер «елші» жігіт.
Қыр қысы кейде əуреге салсын ұлып,
ешқашан өшкен емес малшыда үміт.
... Сұр қоян, қызыл түлкі қанжығада
келеді белден түсіп аңшы жігіт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу