Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  178


Автор: Фариза Оңғарсынова

Балалыққа саяхат

Хабарым жоқ қасіретті шаң-күдіктен,
атырушы ем қырымда таңды үмітпен.
Табанымды сүйетін құм қытықтап,
жалғастырып жанымды мəңгілікпен.
Қозы айдасам күндерде құлын қылық,
қоңырлықтан қашатын суыр бұғып.
Көк шалғыным жанымды тазартатын
мені мөлдір шығымен жуындырып.
Қарағайдың иісі-ай тоғайдағы!
Тоғай жаны – көкпеңбек көл айналы.
Көлге жетпей балалар жамырайтын
қой жуаға жабылып жолай бəрі.
Ақ ботаға жарасар зерлі ноқта,
бас қоймайды тұмса інген кергіп отқа.
Қой маңырап, құлыншақ кісінеген
қырмызы кез келмей ме, енді жоқ па?
Көргем (малды келмейді керең дегім)
қос биені боз құлын тел емгенін.
Соның бəрі бұл күнде түсіме еніп,
шулап бірдеңе айтады емендерім.
Суым – ащы, шөп – нəрсіз, затым – жеңіл,
сорға айналып көлдерім жатыр не бір.
Ауа да улы. Жердегі бар нəрліні
жеп тауысты біртіндеп Ақыл-жебір.
* * *
Түсініксіз тым кейде
шариғаты тірліктің.
Құдай оны білмей ме –
жалған қайсы, шындық кім?
Түйдік өмір заңдарын,
түңіл мейлің, түңілме:
жақсы көрген жандарың
жау болады түбінде.
Білмейді адам жегенін –
жая ма, жоқ сіңір ме?
Құлар мəңгі дегенім –
ертең бе əлде бүгін бе?
Тірлік – ағын, пенденің
шаяр мəнін сулықтай.
Өмір сүрсе жерде кім,
кете алмайды у жұтпай.
Жерде өмірдің сол мəні –
заңдылықтар шырмаған.
Ұқсар мəңгі тордағы
жаутаңдаған құлға адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу