Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  128


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қорғаныс

Өмір сүру дегенің –
қорғау өзің өзіңді.
Өмір бойы келемін
қалқан етіп сөзімді.
Мидай жазық – жан-жағы
бекінісім – кең дала.
Əскерімнің сардары,
сырбазы да – мен ғана.
Кеудем – садақ, жыр – жебе,
əлі жүрмін қорғанып.
Бұрылмайды Күн – кеме,
маңымда жоқ орман – ық.
Шабуылдан жел тынбай,
қалады оқ-жаңбыр.
Басым – қазан, бел – қурай,
екі аяғым зордан жүр.
Тірлік кешіп солды ару,
жоқ солмаған бір мықтың.
Өмір деген – қорғану
шабуылынан тірліктің.
* * *
Тыным жоқ жанда, бастарды,
тыным жоқ жерде, көкте де.
Адамзат бармас аспанға
зулайды бүгін от кеме.
Сана мен ақыл теңдесіп,
жетілген сайын адамзат,
қысымдар тулап жерде өсіп,
шапшиды қаның мазаңды ап.
Ілесіп оймен жел бірге,
жатқандай адам күнді іреп,
Тінтеді жанын жердің де
өтіне дейін тілгілеп.
Туардай алдан жаза-күн
табиғат жасын іркіді,
кетердей
шалқар сананың
құрбаны болып бір күні.
Түтінге бөгіп ақшыл Күн,
сарқылды жердің жасы – арна.
Табиғат деген тақсырдың
төзімі жетер қащанға?..
Ажалдың жолын Өмірге
қысқартып жатыр санамыз.
Жасалған істен өңінде
қандай да болсын қалады із.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу