Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  213


Автор: Фариза Оңғарсынова

Азамат

Өмірғалиға
Жүзі қоңыр болғанмен,
əппақ оның жүрегі,
күлсе шындап күледі,
ал, күрсінсе – түн еді.
Шындық пенен əділдік –
оның жалғыз тілегі,
қиындықты көрсе де,
мұқалмаған жігері,
жұқармаған білегі.
Біздің елде осындай
бір азамат бар бүгін:
дау-шарларға қосылмай,
адал жанның барлығын
қастерлейді досындай.
Жайлайды оның жанын мұң
ел туралы қоршап ой.
Əттең, бауырларымның
бəрі сондай болса ғой...
Жалтақтықпен жауласар,
арамзамен арбасар
елге осындай ер керек!
Кім дейсің бе?
Ол біздің
Өмірғали Кенжебек!
* * *
Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім?
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
содан бері əйтеуір мазасызбын!
Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
екеумізде мұң да бір емес пе еді?
Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып əн саламын,
енді кімге сонда мен ақтарылам?
Қайтсем екен:
қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
əлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?..
Менің жаным секілді аспан көшкен...
Біліп жүрсің – жəйттар ғой бастан кешкен:
маған деген реніш ұйқы бермей
сенің көңіл-күйің де астан-кестен.
Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,
жүрегімді жылатса кінəларым.
... Болғаны да жақсы екен дүниеде
өкпелеуге тұратын бір адамың.
* * *
Бұлай сүймейді, жарықтығым,
сезім емес есті алар – анық мұның.
Сенен көзді жұмғызып тамсандырар
еш лəззат қалған жоқ. Қалыпты мұң.
Жүрек құрғыр құрметті ескере ме,
не атақтан, даңқтан сескене ме:
қайтем, сенен жанымда түк қалмады –
қуаныш та, қайғы да – ештеңе де!
Табынған боп, сүйген боп көндігер ем –
көнер емес жүрегім, сорлы денем.
Сыйланғаннан махаббат тумайды екен,
сирек келер сезім ғой ол бір ерен.
Мүмкін бұдан жаныңда мұң қалары –
ер жігіттің намыс қой бір жарағы.
Құлай сүйгізе алмаудан, сүйе алмаудан
сезімдер былғанады.
Солай.
Мейілің жек көріп жерлесең де.
Бірақ айыпты есмеспіз: мен де, сен де.
* * *
Жанталасып мені шын ұмытсам деп жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,
кінəлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен, аһ ұрдың,
көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын.
Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің –
жүрегіңнен бəрібір мен ешқашан кетпеймін.
* * *
Қарсы алдыңда отырмын балқып жаным,
сезім тұр тасығалы,
жанардағы найзағай жарқылдарын
кірпіктер жасырады.
От ұшқындар шашырап жанарыңнан
көзімді тайдырады.
Көңіл – толқын алқынып жағаны ұрған
екпіні айнымалы.
Мен білмеймін: əлде бір қорқу бар ма,
ерік жоқ санамызда.
Əлде мынау аппақ жал толқындарға
көміліп қаламыз ба?..


Телефон шыр етеді:
сонда менің жүрегім дір етеді,
көйлегімнің желбіреп гүл етегі
жүгіремін. Не пайда сен емессің.
Тек қимылдау көңілді жүдетеді.
Кешке дейін неше рет дірілдетіп
мəнсіз, əрсіз, алаңмен күн өтеді.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймін енді мен – қылғын, сарна!
Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесінен бір қойып сындырсам ба?!
Əне тағы... сені ме!
Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу