Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  117


Автор: Фариза Оңғарсынова

Салт атты

Аймалап Айдың нұры бар алапты,
бір ғажап сəуле ораған дала, бақты.
Бет алған Бөрілі жақтан бір салт атты
құйғытып Қанжиренмен бара жатты.
Жарқырап дала маңдай. Күн-жанары.
Шығыс жақ сол жанармен нұрланады.
Тұма көл жағасында тұрған маған
сəл ғана мойнын бұрып бір қарады.
Кім мынау Күндей таныс, санадай ақ?
Көз салды – мен шіркінді бара ма аяп?
«Япыр-ау, Мұхтар ағам екен ғой!» – деп,
соңынан мен жүгірдім жалаңаяқ.
Мен қалдым, ілесе алмай, түнге адасып,
жас тұнған жанарыма мұң жанасып.
Салт атты көз ұшында кете барды,
ғасырлар қақпасынан зырлап асып.
Көз тігем, оған жетер айлам қалмай,
алдымда сан асулы сайлар бардай,
... Дөңбекшіп жатыр екем төсегімде,
Алламен амандасқан Пайғамбардай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу