Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  127


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тебіреніс

Бар еді жыр-пырағым Шабыт деген,
жалында ойнаушы едім жанып денем,
үркектеп қарайтындай маған бүгін,
шабытым жырақтады неғып менен?
Мал жиып, жоқтан барды құрамадым,
досым да, жолдасым да – қыран-əнім.
Жыр-пырақ жеритіндей не күнəм бар,
мен мүмкін тұғырымда тұраладым?
Тұманға тұмшаланып нұр алабым,
жанарын жасырғандай ғұлама-күн.
Жаутаңдап жеңгелерім жетім қыздай,
естіледі əлдеқайдан жылаған үн.
Жан едім ойым мөлдір, затым бұла,
кешірмес, ақ болмаса, жақынды да.
Ұлты – ақша, шындығы – ақша мына заман
мені де күнəларға батырды ма?
Болса да не бір дөкей тақымы нық,
көрмеген көлденеңдеп жаты ұрынып,
əуелден Жыр-пырақтың əдеті бұл –
кететін тойынғанды атып ұрып.
Жанымның шуағы аз да, бұлты қалың,
Шыңғыстау – тағзым етер нұр тұрағым,
жанымды тазарт менің тұмандардан –
қайта бір құйындасын жыр-пырағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу