Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  192


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жабығу

Билігі барды батыр ғып,
ақшасы барды ақын ғып,
жарамсақтарды жақын ғып,
жаны жақынды жатың ғып
өтуде күндер... Жалықтым.
Сұмдығы көпті сұңқар ғып,
тұяғы барды тұлпар ғып,
ұяты барды ұлтан ғып,
марқасқаларды мылқау ғып
барады заман. Жабықтым.
Шешімі жоқты шешен ғып,
көпіргендерді көсем ғып,
көңілшектерді көсеу ғып,
еркелегенді есер ғып...
Қай көшке ерді біздің ел?
Жүдетті жанды күзгі жел.
2000 жыл
123
* * *
Қоғам дегенің – темір тор,
темірдің тілін таппадым.
Аспаным – алау, жерім – сор,
серкесіз отар – баққаным.
Мықтылармен тор бағар
жұғыса алмадым – жақпадым.
Билігін сатып қорғалар
астындағы ағаш тақтарын.
Қаншама заман жалғасты
үмітті қуып көз ілмей.
Бəрібір күйім алғашқы
қауымдық қоғам кезіндей.
Жылқы ішінде де жорғаң кем,
жылтырағанмен сырты құр.
Бөріктері басқа болғанмен
патша атаулының құлқы бір.
Болжайтын жан жоқ жолды алғы,
жүрегі сыздап жер-жайға.
Талқандап темір торларды
ел қамын ойлар ер қайда?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу