Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  142


Автор: Фариза Оңғарсынова

Құмырсқа тірлік

Жайдақ су екен бұл ғұмыр
тамырсыз шөлде құм жұтқан.
Жаныңды сығып зыр жүгір –
құтылмайсың ажал-шындықтан.
Үміт те – сиқыр елес бір
сағым-жүйріктей зырлаған.
Көрген емеспін мен ешбір
ұстағанын сол бір нұрды адам.
Атар ма жайлы таң алғы –
белгісіз. Жұмбақ бұл қандай?!
Бір алып көкте адамды
қуыршақ қып ойнап тұрғандай.
Ертеңің – тылсым тұңғиық,
жеткізген емес күн елі.
Арман дегенің – бір биік,
жетпейді жан, тек көз тігеді.
Мəні жоқ екен өмірдің,
құмырсқа тірлік – қысқа жіп.
Жайласа да əлем төрін Күн,
жайдырмайды құлаш мыс қалып.
* * *
Қаланың тас көмкерген тірлігінен,
жаныма жай таба алмай зыр жүгірем.
Биікке талпынсам да, тырп еткізбей
əйтеуір тұмшалайды түрлі жүген.
Жеткендей бір сəулеге шам жақпай біз,
алшаңдап «азатпыз» деп айға аттаймыз.
Бас ұрып жалтаңдаймыз көрінгенге,
əкімге жағынамыз, жалбақтаймыз.
Сүт, нан деп шал мен кемпір, қара бала –
кезекте дірдектейміз таң ағара.
Тар үйде бала-шаға шүпірлесіп
күтеді кезек дəретханаға да.
Əбжылан жылжып еніп кемемізге,
азабын өмір бойы шегеміз бе?
Тəңірім Хауа шешем қылмысының
жазасын тартқызады неге бізге?!
Тыпырлап тар бөлмеде тұншығамын,
жалпылдап сөне береді жыр-шырағым.
Ұрынған теріс ағынға қайықтаймын,
білмеймін құтқарам деп кім шығарын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу