Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  139


Автор: Фариза Оңғарсынова

Әкімдік

Ақылсыз басшы – сор елге,
тылсымда жұрты тал қармар.
Маңырап халқы көгенде,
тақсыр боп өзі талтаңдар.
Жайы жоқ елдің жақ ашпақ –
жалпақ жалғанды тарылтар.
Ақылдыларды аластап,
жалпаң қаққанды жарылқар.
Сан жұрттың сүртіп мекенін,
патшалар құртқан құлқы мал.
Кім қара, кім ақ екенін
жылдар өткесін жұрт ұғар.
Бақыты тайған сорлы елге
бұйырмас басшы бір туар.
Кісіліктің құны жоқ жерде
əкімдікке адам ұмтылар.
1995 жыл
* * *
Көңілдеріңді көтерер
жақсы өлең менен күтпеңдер.
Өлең-əлемім – бұлт шеңбер,
шаттану күтсең, өте бер,
жайым жоқ менің жұртты емдер.
Ойларым тосын келеді,
жоқ менде жайлы мамыр күн.
Жырларым үшкір жебелі –
дерттер улаған жанымның
бұлыңғыр көшірмелері.
Дəметпе менен жыр жайлы,
жүрегім – өрттің ошағы.
Өртті жүректе кіл қайғы,
қайғының тұнған тосабы
жазбайды, жаныңды улайды.
* * *
Бəрі, бəрі сатулы бұл өмірде,
сезімің бе, сертің бе, білегің бе,
достығың ба, көңіл мен жүрегің де –
жылаймын ба мен бұған күлемін бе?
Жақсы еді ғой, япыр-ау, жаста бəрі:
жетпесе де ас пенен ақша жағы.
Қара нанды қақ бөліп бірге жеген
қымбат еді достардың қас-қабағы.
Адал едік онда біз – есебі кем,
санамайтын қай үйде неше кілем.
Бүгін біздің сатулы сəлеміміз,
соның бəрі байлықтың кеселінен.
Байлық келді: көксеме, көксе мұны,
жақындарың жырақтап, дос кеміді.
Байлық – патша жанында қанды көйлек
Қызғаныш пен Бəсеке – қос серігі.
Тартылғанда теңіздер ну жағалы
сор қаптайды – Жер жаны қурағаны.
Адамзаттың бар жақсы сезімі де,
қызғаныштың зəрінен уланады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу