Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  110


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жалбарыну

Билік деген – арыстан, мысық – пенде,
пысқырмайды шəуілдек күшіктерге.
Билік дерті қатерлі, жұқпалы əрі,
қауіптірек жазылмас ісіктен де.
Шалдыққанның көзіне түк ілінбей,
күн кешеді, биліксіз түрі кірмей.
Бəрін құрбан еткізіп, есіңді алып,
бұлтартпайды Құдайдың іліміндей.
Биліктінің қолы ұзын, татқаны май,
өмірі өтер онысыз бақ дарымай.
Билік кетсе, жұрттағы күшікпен тең.
Мені мұндай дертіңнен сақта, Құдай!
* * *
Сырласың сырт айналған,
мұңдасың – сұрқай далаң,
көгінде күнді жауып бұлт ойнаған
ауыры-ай жылдарымның,
жаныма мұң жамылдым.
Жалғыздық – жанашырым,
айтпайды бала шынын,
жүрегім жоғалтқандай бар асылын,
достардан жырақтадым,
солғандай бұлақтарым.
Көтерер бəрін де адам
десек де, ауыр маған...
Мен қалай шамын жағам жүрегімнің
мұң-зілден арылмаған,
сүймеген, сағынбаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу