Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  119


Автор: Фариза Оңғарсынова

Біз

Баптадық, ақ сұңқарға тауық теліп,
мақтадық, сауысқанға сауыт беріп,
Түбінде ымыраға келмейді деп,
жақсыны қолдамаймыз қауіптеніп.
Адамдар аппақ, адал іс, арманы
əйтеуір өмірде бір күш алмады.
Естімен, есермен де тіл тапқанды
мақтаймыз «бар деп мұның кісі алдары».
Қосылып қылмысыңа құлдық дейтін
сонда да өзгертпейтін мұңлық кейпін,
реті келгенде айтқан өтірігіңді
көз-көре шімірікпей шындық дейтін
адамдар – біздің елде сырттан бүгін,
сырттандар арасында шыққан ба үнің.
Ой айтып қамзол менен кебіс жайлы
шалқайып шешкенсиміз жұрт тағдырын.
Сөйлейміз сөйте тұра бірлік, ел деп,
естуге жоқпыз бірақ үнді кермек.
Əділін тура айтқанды көрмегенсіп,
маңайға жуытпаймыз бүлдірер деп.
Жақсы да жалтақ болар сенім кемде,
жалтақ күй ойлы жанды семіртер ме.
Тұрса да іші біліп, не бір мықтың
қарсы сөз айта алмайды шені үлкенге.
Ұрынса тамырды үзер жерің селге,
бұрылып кете алмайсың шегінсең де.
Ыдырап мəңгі мұздар,
тағдыр жолы
беймəлім, бара жатыр елім сеңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу