Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  123


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жалғыздық

Қайда, қайда сонау бір кезім менің;
жақсы көріп, дірілдеп көз ілгенім?
Селт етпеймін бұл күнде ештеңеге –
отқа өртеніп кеткен бе сезімдерім?
Жүрем билік, таластан шеткеріде,
бас ұрмаймын əлі де бектеріңе.
Жүрек, талақ, бауырым химиялық
массаларға айналып кеткені ме?
Көшкеннен соң менен де, жұрттан мейірім,
жерден мекен таппаймын ықтар кей күн.
Іш жағымда тірліктің нышаны жоқ –
жан дүнием өртеніп бітті-ау демін.
Жалт бұрылды жылғаға құрдас – үміт,
мейірімім де таусылды құмға сіңіп.
Сенім-сері мерт болды аттан құлап,
досым да жоқ қол бұлғар қырға шығып.
Құлағыма жетсе де күрсінген үн,
жан дүнием мұз жапқан тылсым менің.
Сезімдерім тозақта кеткен жанып,
сандалып жүр жерде тек құр сүлдерім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу