Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  126


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ашыну

Не дейді маған осы жұрт?
Құртқым келмейді ешкімді,
жер бетінен көшіріп
не жазықсыз өшігіп,
жек көргем жоқ еш тілді.
Отырып көрмедім көсіліп,
не деп шулайды осы жұрт?
Түйрейді оғын кесірлі үн,
ешбір нəсілдесімнің
байын тартып алмадым,
кемшілігін де кешірдім,
жетпей жүргенді жалғадым.
Адамгершіліктен басқаға
тəуелді болғым келмейді,
ұқпай
-ақ қойсын ел мейлі,
елемей
-ақ қойсын астана.
Əйтеуір біреу жерлейді,
өлеңімді ойып тасқа да.
Жайлауда тұрғым келеді
ақбоз үй тігіп, əн тыңдап,
жеңешелерім жарқылдап
жанарды жаулап желегі...
Дүниедегі бар қымбат –
сол ғұмыр маған керегі!
Қасиетін шалдар далада
шөлдегі бұтаның əр үнін
сіңірсе деп ем балама,
ақыл айтпай
-ақ тəлімін,
киесін, зарын, қадірін
қабақпен құйып санаға.
Қарыздар емен ешкімге,
шұқымаңдар мені, түртпеңдер!
Найзағайсыз болмас бұлт пен жел.
Төзімім менің шексіз бе?
Табиғат берген түріммен,
қырлық мəніммен, тіліммен
қаламын осынау от жерде.
Басқа мұраттар жоқ менде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу