Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  194


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сауал

Малдан бездік бейнеті белшеден деп,
қойдық құдық қазуды жер шемен деп.
Жұмыс іздеп балаға сабыламыз,
жаны тыныш отырар – кеңсе жөн деп.
Шұбат қайда білмейміз, қайда қымыз,
ақ араққа айналды айранымыз.
Бала аузына алмайды ірімшікті –
балды қосып қайнатып, май жағыңыз.
Орман етер өзге жұрт тақырды егеп,
күлкі етеміз, жатпаймыз ақылды елеп.
Пысқырмаймыз өнер мен ғылымыңа –
жастай басын баланың қатырма деп.
Айқай шықса, əн дейміз көңіл бұрып,
күй «тартамыз», темірді темірге ұрып.
Атқа мінсек, мəңгілік түспейтіндей,
жаяуларды жасқаймыз шегіндіріп.
Қозысы да өзгенің – кілең егіз,
біздің қойдан егізді тілемеңіз.
Есесіне, кісімсіп өзді-өзіміз,
бірімізге-біріміз шіренеміз.
Қарның тойса, қарқылдап күлкің ғажап,
жалмап жұтып жатса да жұртыңды азап.
Қос кеменің құйрығын ұстаймын деп
қайда барып тынасың, шіркін қазақ?!
* * *
Бай болам деп бір демде,
омақаспа, қарағым.
Ақыл айтсам мін көрме,
құлақ салсаң, жарадың!
«Ана біреу бозамық, –
деме, – менен артық па?!»
Болмағанмен өзі алып,
ар жағында бар тұтқа:
қайын атаның құрығы,
оны талтаңдатып тұр,
қазынадан бар шығыны,
ақша табар жатып құр.
Байимын деп он айда,
жанталаспа жұлқынып.
Баю деген – ол – айла,
бойлатпайтын бір тұнық.
Байыр ебін тапса кім,
білсең, байлық шіркін – у:
қалтасынан басқаның
ебін тауып қымқыру.
Ондай ебің жоқ па еді –
пайда іздеме жер-көктен:
байлық-дерттің от-демі,
талайларды мерт еткен.
* * *
Мен ойлайтынмын:
данышпан деп патша мен бидің бəрі,
əрбір ұлттың солар деп тұйғындары.
Жарқ-жұрқ еткен қаңылтыр саясаттар
сезімімді сорып ап, миды ұрлады.
Билік құлқы əлемде біреу екен –
өз басының мансабы, үйдің маңы.
Билік таққа жеткенше жылтыр бəрі,
жылтырлардың ойы – тек құлқын қамы.
Қара табан халықтың қамын ойлап
жаны ауырған көрмедім бір тұлғаны.
Шындық-елік шыңғырып жатса-дағы,
қылыштылар қорғауға ұмтылмады.
Қылыш-билік сылып ап сезімдерін,
сезімсізден сескеніп көз ілмедім.
Қиянаттың қорғаны күштілік те,
ақиқатқа мəңгілік егіз бе мұң?
Биліктінің жаны – күс, жүрегі – жез.
Тек мен одан не күттім, нені іздедім?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу