Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  157


Автор: Фариза Оңғарсынова

Заман құлқы

Жерім жатқа тапталып,
шаңға айналды даламыз.
Досым мені жат танып,
алшақтады арамыз.
Əнім жұртқа ұнамай,
жат айқайға бас ұрдық.
Салт-сəнімді, сұрамай
жалмап жатыр ғасыр-жұт.
Дəстүрімді, жырымды
паш етуге қымсынам.
Жоғалтыппын бұрынғы
жоқтауымды сыңсыған.
Қырқып жатқан қай шалғы –
біле алмадым сенделіп.
Жақсы менен жайсаңды
жоқтау айтпай жерледік.
Кінəліні іздеп сандалма –
заманның құлы – жан біткен.
Арзан мына жалғанда
адамның құны ақ жіптен.
* * *
Əкімдерде ақылдан айла басым,
айласыздар сайманын сайламасын.
Бір жылпостың қолына билік тисе,
өзіндеймен толтырар айналасын.
Темір торын жайғанда айла-дана,
əділдік деп тісіңді қайралама:
өзің сезбей қаласың, сені қалай
отырғызып кеткенін айдалаға.
Бұл заманның мылжыңы – батырлары,
жағымпаз бен жылпостың əкім бəрі.
Қоғам көркі – жезөкше қатындары,
мал соңында, кетпенде – мақұлдары.
Көрінгенмен қаншама, іскер, дарын,
біл əкімде тылсымдай күштер барын.
Өтем десең ақ, адал, ойлан, адам,
əкімдерге күніңнің түспеу жағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу