04.05.2022
  227


Автор: Ербол Шаймерденұлы

ƏУЛЕТ

 


Жарық дүниеге жотасын тосып Жалғызтау жатыр. Көкше мен Қызылжардың кіндіктесер тұсында одан асар биік, оған жетер шоқы жоқ. Айнала қайыңды, қарағайлы жалдар қаумалаған ол осы өңірдің төре тауы іспетті.


Төре таудың тамырын иіп, төсінен құлаған бұлақ та бар. Со- нау бір жылдары маңайдағы екі-үш шағын ауылдың басын қосып совхоз құрап, оған ат іздегенде көпшілік көңілі соған құлапты. Сөйтіп, шаруашылық «Бұлақ» совхозы атанып кетті.


Білетіндердің айтуынша, мұның өзі тіпті де кездейсоқ емес көрінеді. Елге, жерге ат қоюдың желісі үзілмеген жақсы дəстүрі бар екен бұл маңда. Біреулер ат қоюда уақыттың тынысын дөп ба- сып қалуға тырысса, Жалғызтау етегіндегі елдің əдеті табиғаттың өзімен тумаласу, адас дегенді тура сол табиғаттың төл тумалары арасынан іздестіру болса керек. Шаруашылық құрамындағы ауыл- дардай өзі Ақтас, Қарағай... болып кете береді.


Орекең сол ауылдардың Жалғызтауға ең жақын жатқаны – Ақтастан. Сондықтан болар, төре тау туралы сөз бола қалған жер- де ол еңсесін басқалардан биігірек ұстауға тырысады. Əсіресе жасы тоқсанды дөңгелеткен шежіре қарт Төлекең Арқаны əнмен қырған Үкілі Ыбырай мен Біржан салдың хикаяларына басқанда бір түрлі көтеріліп қалады. Сондай əйгілі адамдардың ізі қалған өңірде дүниеге келіп, ғұмыр кешкеніне іштей мақтанатын тəрізді.


Ал Төлебай қарияның туған жерге деген сүйіспеншілігі түп- түгел Жалғызтауға деген ықылас-пейіліне сыйып кеткен бе дерсің. Төретаусыз əңгіме бастамайды ғой. Қызық... Бірде одан:


Ата, ұзақ жасаудың қандай құпиясы бар?– деп сұрап қалды. Шын білгің келе ме?– деді қария қуақы жүзбен.


Əрине...


Ендеше бері кел. Құлағыңды тос.


Төкең тағы бір қулыққа көшті-ау деп ойласа да шегінер сылтау жоқ. Құлағын тосты.


– Көп жасау үшін мына жарықтық Жалғызтау маңынан табан аудармау керек. Мені молдалар айтатын құдіретті күштің көзінен тасалап жүрген сол, – деп сұқ саусағын шошайтты.


 


– Сөзімнің шыны да бар. Əзілдің астарынан аңғармай қалмаң- дар, түге, – деген тағы.


Бұл – көп жасап, көпті көрген қарияның кейінгілер де өзі сияқты тағдырларын туған жер тағдырымен тығыз байланыстырса деген тілегі, аталық ұлағаты, əрине. Ал оның осылай айтуға қақысы мол. Екі ғасырға куəлігін былай қойғанда, өзінің бар үрім-бұтағының саналы өмірі туған жер өмірбаянымен өзектес. Баласы Сəлдеу осы Ақтаста ширек ғасырдан астам ұстаздық етсе, немересі Гүлнар да осыдан біраз жыл бұрын орта мектепті бітірген соң ауылда қалып, шопан таяғын ұстады, комсомол-жастар бригадасын құрды. Ауыл атын шығарып, сіңлілері мен інілеріне өзгеше өнеге танытқан Гүлнар бүгіндері – қос орденді шопан. Кезінде облыстық Совет- ке депутат та болып сайланды. Тіпті, тұрмыс құрарда басқа жер- ден жолыққан күйеу жігітті де өз шаңырақтарын Ақтаста тігуге көндірді.


Төлебай қария сондықтан да сенімді сөйлейді. Төлебай қария- ның сөзі сондықтан да кəрі-жасқа бірдей өтімді.


Шынын айту керек, Орекең өзі де Жалғызтауды Төкеңнен кем сүймейді. Рас, оның басына алғаш қай бабасы көтерілгенін білмейді. Бірақ өзінің бүкіл саналы ғұмыры осы төре таудың етегінде, оның тағдырымен етене өтіп келе жатқаны анық. Жалғызтау өңіріндегі ел мен жердің соңғы қырық жылға жуық уақыттағы өзгерістеріне Орекең куə, ал Орекең өміріндегі бар сəулелі сəттерге Жалғызтау куə.


 


* * *


Төкеңдер ол кезде де əңгімені «Бұл Жалғызтау жарықтықтың көрмегені, куəлік етпегені жоқ қой» деп бастайтын. Дегенмен со- нау 1954 жылдың көктемінде жапан даланы жаңғыртқан ұлы істі Жалғызтау, оны мекендеген қалың ел бұрын көрмек түгіл, қиялдай алмаған да болар. Сауырын самал жел ғана сипап, сұлық жатқан селеулі дала төсі бір сəтте ғана қайнаған қызу еңбек ордасына ай- налды да кетті.



  • Тыңға түрен түсті! – деп шулап жатты газеттер.

  • Тау-тау астық аламыз! – деп айқайлады ел.

  • Жалғызтау маңы да жер қайысқан дəн теңізіне айналады екен!

  • деп жүрді енді біреулер.


Бұл сөздердің дұрыс-бұрыстығы жөнінде саудаласып жатуға уақыттың өзі, керенаулау күйінен əлі де болса толық айыға


 


қоймаған елдің көз алдында бірінен бірі асқан жаңалықтардың соншалықты жылдам алмасуы мұрша берген жоқ. Əйтсе де партия мен халық қолға алған ұлы істен ешкім де шет қала алмады. Ұлы жорыққа туған жер түлектері де қатысты.


Солардың бірі Жəмет Кəкімов еді. Қазір ғой кеудесін орден, ме- дальдар көмкеріп, биік-биік мінбелерден беделді сөздер айтатын байсалды күйге көшкені. Онда ол да өткірдің жүзіндей қылпылдап тұрған, қайда салса да қаймықпай шығатын жалынды жігіт-ті. Қан қызыл ДТ-54 тракторын қалыңдығындай күтіп, ең жаңа техника- ны басқа емес өзі еншілегеніне ерекше көтеріліп, қаз-қаз басушы еді-ау көшеде. Обалы не, жұмысқа да жойқын болды ғой. Темірмен бірге туғандай, тракторының тетік-тегершігін тегіс талдап беретін сонау Мəскеуден келген тың игерушілерімен алғаш үзеңгі қағыс- тырған сол. Көктемгі егіс біткен соң сол мəскеуліктердің ең таңдаулыларымен тізе қосып тұрып, арнайы жүлде алғанда ауыл- дастарында ес қалмаған болатын.


Орекеңе, қазіргіше айтқанда, кəсіптік бағдар берген, міне сол жайсаң Жəметтің өзі.


Көп болып жинала қалғанда алқа-қотан отырып алып бала ба- луандар күресін тамашалау ауыл үлкендерінің əдеті. Ақтаста да əр көшенің, əр кластың өз балуаны бар. Шет шыққанда ауыл намы- сын арқалап кететіндері тағы бар. Орал да сол соңғы топқа еніп жүрді. Бойы шағындау болса да, дене бітімі кесек сары баланың қимылы сүйсіндіретін.


Қара-қара, болмайды өзі!


Өй, болмағаны несі? Ол қазір ана ұзынтұраның аяғын аспан- нан келтіреді.


Əне, қолтыққа еніп кетті. Енді жамбасқа салады! – деген қолпаштаулар күрес сайын сан қайталанып жатушы еді. Жолы болып жеңіп шыққанда кішкене сарының өзі де желпініп кетеді. Теңдестеріне төбеден қарап, үйге жеткенше асығады. Бар ойы –


«жарайсың, ұлым» деген əке алғысын алу.


Дүниеде одан асқан жетістік бар деп ойлаған емес. Бірде осы- лай асығы алшысынан түсіп, үйге қарай ағып келе жатқанында Жəмет тоқтатып алды. Кəдімгі жайсаң Жəметтің өзі.


Сен мені танисың ба? – деді салған жерден.



  • Əрине.


Жақсы. Ал өзің кімсің?


 



  • Орал... Орал Тəттібаев.

  • Қай класта оқисың?

  • Жетіншіде.

  • Ой, жігіт болып қалыпсың өзі! Сонда мектеп бітірген соң кім болам деп жүрсің?


Үн жоқ.



  • Неге үндемейсің? Түсінбей қалдың ба? Кейбіреулер сияқты мұғалім боламын деп қалаға кетесің бе? Əлде осында қой бағасың ба, немесе басқа қандай іспен шұғылданғың келеді дегенім ғой.

  • Əлі ойлағаным жоқ.

  • Жарайды, оқуың қалай?

  • Жақсы.

  • Дұрыс екен. Орал, мен сенің күресіңе көптен қызығып жүрмін. Ана өзіңнен көп ірі балалармен күресу үшін жүрек керек. Түсіндің бе? Бірақ менің саған айтайын дегенім ол емес. Мынау деген (ол саусақтарын күс-күс алақанына бүгіп, бас бармағын шо- шайтты) механизатор болу үшін де жүрек керек. Ауыл жігіттерінің көбі əлі тайсақтап жүр. Ал сенен жақсы тракторшы шығады. Сегізді бітірген соң училищеге барсаң, кейін тура өз қасыма алып үйретемін. Түсіндің бе?

  • Білмеймін. Əкем...

  • Саспа, əкеңді өзім көндіремін. Ал қолың боста маған келіп жүр. Тракторыма мінгіземін.


Жайсаң Жəмет кейін əкесімен сөйлескен-сөйлеспегені қазір есінде жоқ, бірақ өзі мектеп бітірген соң Боголюбово кəсіптік- техникалық училищесіне түсті. Оны бітірген соң Жəмет сөзінде тұрып, өзіне тіркеуші етіп алды. Бұл тың игерілетін көктем еді. Сол көктемде оның еңбек жолы басталып, сол көктемде оның азаматтық тұсауы кесілді.


Бəріне соның Жалғызтау куə. Ол мұның қинала жүріп, үйрене жүріп ел қатарлы еңбек ете бастаған кезін де, жеке өзіне бекітілген темір тұлпарды құмары қанғанша «қуып-қуып» сөндіріп алып, танап төсінде табаны күректей екі күн жөндегендерін де біледі. Білместердің майдангерлерден: соғыста қорықтың ба? – деп сұрайтыны сияқты, кəнігі диқанға да басында жеңіл болмаған шығар деудің өзі артық. Əрине, тұрқы бөлек темір серікпен тіл та- бысу, оны өз дегеніңе бүкпесіз бағындыру əрі диқан еңбегінің түні таңға, көктемі – күзге ұласып жататын мазасыз маусымдарының жұмыс ырғағына көндігудеген жігіттің жігіті ғана төзер сын. Оның жанында атаның құтты таяғын қолға алып қой бағу, оңай болмағанымен, өтімділеу шығар.


Жалғызтау – Орекеңдердің сол сыннан сүрінбей өткенінің куəсі. Орекеңнің механизаторлық кəсіптің қиыр-шиырын игеруге ден қойғанына да отыз бес жыл. Аз уақыт емес-ау. Бір тағдырдың бүкіл саналы бөлігі. Осыншама үйрену мен іздену жолы оны еңбек өнерінің биігіне көтеріп, танымал диқан атандыруы да заңды. Омы- рауын Отан наградалары көмкерген Орекең сол биікте де баяғы са- бырлы сырбаз қалпынан бір аумайды. Бала балуандар күресіндегі жеңіске деген құштарлық көңілін əлі кеулесе, көтерме сөзге деген алып-ұшпалықтан із де қалмаған. Өз бағасын, өз ісінің бағасын біледі ғой. Дүниедегі ең ізгі мамандықтың хас шебері болғанға не


жетсін, шіркін!


Таңданасың ба, танданбайсың ба – өз еркің, əйтеуір, диқан еңбегінің нəтижесі дəн санымен өлшенеді. Йə, кəдімгідей бір дəн, екі дəн, үш дəн... жүз дəн... миллиард дəн делініп. Арқаның алтын астығын алу жолындағы аласапыран еңбектің алғы шебін көріп, ақтық қызуын сезбегендер бұған алғашында аңтарылып қалуы мүмкін. Бірақ олар естіп жүрген пұттар мен тонналарға шаққан миллиондар мен миллиардтардың негізінде осы қарапайым есеп жатыр. Дəл осы есеп нағыз азаматтар ғана қайыспай көтере алатын Орекеңдер еңбегінің ауыртпалығын анық аңғартса керек. Орекең бел ортасында жүрген отыз бес жыл ішінде топырақ өңдеу, дəн себу жəне астық жинау жұмыстарында, тұқым шаруашылығында, жалпы егіншілік жүйесінде ғажайып өзгерістер дүниеге келді. Тың өлкесінің өз егіншілік мəдениеті қалыптасты. К-700 сияқты қуатты да тиімді техника келді көмекке. Бірақ солардың ешқайсысы да астық сеуіп, оны азық ететін адамның қасиетті ырыздық пен Жер- ана алдындағы жауапкершілігін бір мысқал да кеміткен жоқ. Қайта сол жауапкершілік жүгі ауырлаңқырай түскендей. Міне, Орекеңдер еңбегінің шоқтығын көтере түсер қасиеттің негізі де осында.


Осы орайда Орекеңді бақытты диқан деуге əбден болады. Бақыт емей немене, өзі күтіп-баптаған алқаптардан республикада мүлдем қара үзіп шығып, ғалымдардың өзі бір кездері егіншілікке қолайсыз деп есептеген жерлерде еліміздің Қаратопырақты аймақтарындағы көрсеткіштермен таласар өнім алып жатса. Бұлақтықтардың дəнді дақылдың əр гектарынан 31 центнерден өнім жинағаны туралы


 


кезінде одақтық баспасөздің басы – «Правда» газеті де жазған бо- латын. Бұл 1970 жылы жасалған рекорд еді.


Сол жолы Орекең тағы орден алды. Кеудесін көмкерген Октябрь Революциясы, «Құрмет белгісі» ордендері мен басқа да жоғары наградаларының қатарына Ленин ордені қосылды. Бұл оның диқандық шеберлігі мен тəлімгер ретінде біліктілігіне ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетіне, бүкіл бригада мүшелерінің жігерін жанудағы жетістіктеріне берілген баға еді. Өйткені, ол – коммунист, қоғамдық істердің бел ортасында жүретін жан. Цехтық партия ұйымына жетекшілік ету сеніп тапсырылуы да содан. Бір ғажабы, бұл жұмысты ол қайнаған қызу науқан күндерінде де, өзі қыр кемесіне отырған кездерде де уақыт талабына ұштастырып жүргізе алады.


Үстіміздегі бесжылдықтың алғашқы жылдарындағы табыста- ры да толымды. Ауа райының ала-құлалығына қарамастан жылы- на орта есеппен гектар сайын 20 центнерден өнім жиналып жүр. Еселі еңбек кəделі ғой – бұрнағы жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.


Көңілі көл-дария Орекең бұл жолы да ағыл-тегіл той жасап, əдеттегідей қуанышын бар ауылдастарының ортасына салды.



  • Орал, енді сіздің шаңырақта батыр есімі аталып, сонау төрге Алтын Жұлдыз қадалуы ғана қалды, – десті тілеулес ел.

  • Дұрыс айтылуда. Бірақ дəл емес. Өйткені бұл үйде бір батыр қазірдің өзінде бар ғой, – деп ұштап жатыр тағы біреулер.


Осы сөздің жаны бар. Ол айтылып жатқанда Зұлқия жеңгей қашан да таймайтын ақжарқын қалпымен əнтек жымиып қойған. Осы сəтте жанар біткен өз жағына бұрылғанын біліп отыр. Жастық ауылынан аттанып кеткеніне əжептəуір болғаны əзер байқалатын көркем келіншек жүзі бал-бұл жанады. Орекең шаңырағына Батыр атағын əкеліп үлгерген осы кісі. Он екі бала өсіріп, тəрбиелеуде.


«Ардақты ана» атанғалы да бірнеше жыл болып қалды. Он үшінші бала – Оралдың өзі. Оның ауыртпалығы қалғандарынікінен кем емес, – деп əзілдейді кейде жеңгей.


Қалай десе де жарасып жатыр. Өйткені, түтіні түзу ұшқан бұл шаңырақтың шын ұйтқысы осы жеңгей.


Менің еңбектегі абырой-атағымның тең жарымы – жеңгелерің- дікі, – деп мойындайды Орекең əзіл-шыны аралас.


Бойымыздағы бар жақсы қасиет үшін əкеймен қатар анамызға


айрықша қарыздармыз, – деседі Орекеңнің үлкен өмір жолына сəтті қадам жасаған тұңғышы Майра мен оның ізін басып келе жатқан Əділ. Бұл – үлкен семьяның алғаш қанаттанған қарлығаштарының сыры. Орны бөлек сыр. Сол сияқты олардың өздері туралы əңгіме де бөлек.


 


* * *


Жалғызтау куə, Орекең тұңғышының «ат ұстар» болуын іштей қатты тілеп жүрді. Сондағысы – артына қара еріп, ол да өзіндей Жер-ана төсін емген диқан болса деген тəтті үміт. Əкесін пір тұтып, оның тракторының кабинасына отыруды бір мұрат көретін көршінің қара домалақтарына қызығушы еді.


Өстіп жүргенінде өмірге «ине сабақтар» келді. Əлі тəжірибесі жоқ əкесі мен шешесінін екі аяғын бір етікке тығып, апшыла- рын қуыра келді. «Құдды тынымсыз, ер баланың мінезіндей екен мінезі» десті ауылдастары.


Сол Майра аяғын тəй-тəй басып, пысыған кезде де, əкесінің əуел бастағы құпия арманын білетіндей, көп ойыншық ішінде қуыршақ емес, тракторды немесе машинаны үйірсектейтін. Өсе келе де темір-терсекке бір табан жақын жүрді. Əкесінің қасынан бір елі қалмайды. Сөйтіп жүріп, техниканы көп құрбы-құрдастарынан бұ- рын танып білді. Ал оныншы класта машинатану пəнін өткенде өзін суда жүзген балықтай сезінді.


Бірақ осының бəрі анасы Зұлқияға қызының басындағы ертең ержеткен соң өзінен-өзі ұмыт болатын өткінші күйдей көрінетін.


Қателескенін кейін ұқты. Мектеп бітірген Майра аттестатпен қоса алған механизаторлық куəлігін көрсетіп, ауылда тракторшы болам деп бір-ақ айтты кесімін.



  • Қызым-ай, ойлансаңшы. Мүмкін ана құрбыларыңдай бір оқу орнына барып бағыңды сынап келерсің. Қу темір қайда қашар дейсің. Əрі аттестаттағы бағаларың да жақсы, – деп көріп еді, бол- мады.

  • Айттым ғой, апа, алдымен ауылда еңбек етемін деп. Оқу да ешқайда қашпайды. Ойлағаның диплом болса, оны да осылай көз алдыңда жарқыратып тұрармын əлі-ақ. Бірақ қазіргі шешіміме кө- нуіңе тура келеді, – деді. Сөздері – нық. Мақсаты – анық. Айтайын дегенін көптен саралап жүргені сезіліп тұр.


Сонда да болса Зұлқия кешке күйеуін қажады.


 



  • Осы сен бəріне кінəлі. Өзің күні-түні қасынан шықпағаныңмен қоймай, қызыңды да темір-терсекке үйір еттің. Енді жұрт сияқты оқуға да барғысы келмейді. Тракторшы болам дейді, əне.

  • Е, онда не тұр екен. Дұрыс. Болам десе болсын. Өзің емес пе едің жайшылықта «мамандықтың бəрі жақсы» деп отыратын. Енді жеме-жемге келгенде тайқып шығып отырсың ба? – деп күлді Орекең.

  • Жай... қыз бала. Ауыр болады дегенім ғой, – Өз көңілінің қалауы болса, ештеңе етпейді. Ауырына көндігеді, қиынын үйренеді. Өзім үйретемін. Тəттібаевтар семьясынан тағы бір диқан шықса көптік етер деймісің. Біледі Майрашым өзінің не істеп жүргенін. Көп мазалай берме.


Ана секеміңен гөрі, əке мен бала көңілінде қабысқан ой өміршең болып шықты. Майра сол қыста қосымша комбайн жүргізуді оқып- үйреніп, арнайы куəлік алды. Келесі күзде əкесімен қатар жүріп астық жинады.


Майрамен алғаш сол 1977 жылдың күзінде танысқанбыз. Орекең үйі қуанышқа толы екен. Егін орағы аяқталған. Даңғайыр диқанның өзі қыр кемесінен 12 мың центнер тың маржанын қотарса, Майраның көрсеткіші 5 мың центнерден асыпты.



  • Қызымның тұсау кесер табысы жаман емес.


Осында сенімсіздік білдіргендердің аузына құм құйылды. Тура тойдың үстінен түстіңіздер, – деп жайраң қағады жақсы азамат.


Майрамен ынтымағы жарасып, шаттығы шалқыған шаңырақ төрінде отырып əңгімелестік. Қай сұрағымызға болсын тосылмай жауап береді.


Мына кітапшаларды өзің жинап жүрмісің? – дейміз ұқыпты қатарланған шағын жеке кітапханаға көңіл аударып.


Əкем де көмектеседі. Жалпы семьямыз болып қол боста кітап оқуға құмармыз. Өзім негізінен тарихи тақырыпқа арналған жəне шырғалаң оқиғалы туындыларды жақсы көремін. Тарихты білу бүгінімізді түсінуге жəрдемдеседі.



  • Тегі, білімге құштарлығың мол көрінеді. Оқуды жалғастыру да ойыңда бар шығар?

  • Осында кейбіреулер менің механизатор болуымды кездей- соқтық деп есептейді. Мүлдем олай емес. Мен нағыз диқан болғым келеді. Ал нағыз диқанға білім қажет, оған сөз жоқ. Сондықтан ал- дымен кəсіби білімді көтеріп, кəсіптік-техникалық училищеде


 


К-700 тракторын жүргізуді үйренсем, кейінірек жоғары оқу орны туралы да ойластыра жатармын.


Алғашқы орақ кезінде өзің сезінген бүгінгі диқан еңбегінің ең басты қиыншылығы қандай? – деп сұрады сапарласым – астаналық журналист.


Қызу науқан үстінде комбайның сынып жатса – сол қиын, – деп жымиды Майра.


Москвалық журналист кейін жас қыздың саналы да салмақты жауабына қатты риза болумен қатар едəуір таңғалғандығын да айт- ты.


Осы орайда тағы бір жай еске түседі. Əңгіме сурет төңірегінде болатын. Фототілші əкелген дүниелерді қарастырып жатқан редакциядағы жауапты қызметкерлердің бірі таңырқап тұр.



  • Жаңылыс əкеліп тұрған жоқсың ба өзің? Мына қарындас ком- байншыдан гөрі актрисаға көбірек ұқсайды екен, – дейді ол.


Шынында да мойыл қара шашын иығына төгіп жіберіп, бір қырындау отырған, омырауы сəл ашықтау көйлегі бар қыздың кейпі даланың аптабы мен суығына бірдей көнбістеніп, ауыр еңбек салмағын сезініп жүрген жанға келіңкіремейтіндей. Қайта өз бой- ын ғана күткен қалалық бойжеткендерге көбірек ұқсайды деген- дермен таласу қиындау...


Дегенмен жауапты қызметкер үнінде сурет сөзінің дəлдігіне деген күдіктен гөрі еңбегімен ел мерейін көтерген бүгінгі ауыл жастарының жұмыстан соң жайнап шыға келетін жоғары мəдениетіне деген сүйсіну басым еді.


Біздің астаналық əріптесіміздің таңғалысында да осындай ізгі ілтипат бары анық.


Көпшілік көңілі кездейсоқ құламайды ғой. Майраның диқандық жолы кім болса да қызығарлықтай құтты басталды. Екінші орақта- ақ өз комбайнымен жеті мың центнерден астам астық бастырды.


Ол жайында облыстық газеттер жарыса жазып, суреті респуб- ликалық баспасөз беттерін де шарлап кетті.



  • Ауыл атын абырой-құрметке бөлеп, аспандатты аудандағы тұңғыш диқан қыз, – деп қуанды ауылдастары.


Мұндай дақпырт, əсіресе, ол жас өндіріс озаттарының Москва- да өткен Бүкілодақтық кеңеске қатысып, оралғаннан кейін өзгеше көтерілді.


Осы сапар Майраның өзін де едəуір өзгерткендей еді. Ысыла түсті. Астана құшағы, əсерлі кездесулер көңілін тасытып, мəртебесін көтерді, рухани есейте түскендей болды. Ол қарапайым диқан еңбегінің біздің елімізде қаншалықты зор құрметке ие екендігін бұрынғыдан да бөлектеу сезініп оралды.


Астанаға алғаш баруы болғандықтан көргенінің бəрін көңіліне түйе берген. Алдымен ВЛКСМ Орталық Комитетінде қабылдау жасалды. Одақтас республикалардан да өзі сияқты кіл өрім жа- стар жиналыпты. Еңбегімен ел құрметіне бөленгендер. Бəріне ең жоғары комсомолдық наградалардың бірі – «Алтын масақ» белгісі тапсырылды.


Өзінің күн сəулетті республикасының басты байлығы – би- дай масақтарының бейнесі зерленген осынау значокпен ол ұлы көсем Мавзолейіндегі ұмытылмас сəттерін өткізді, Жұлдызды қалашықты аралап, космос қырандарымен кездесуге қатысты.


Сол сезім тербеген сəттердің бəрінде ол əке аманатын- дай қабылдаған диқандық мамандығының мерейі туралы терең тебіренді. Өзінің дүниедегі ең көне əрі ең қажетті өнер – туған жер төсінде астық өсірумен айналысатындығын, шынын айтса, алғаш рет мақтан етіп, тезірек алыстағы туған ауылы Ақтасқа жет- кенше асықты. Келесі жылғы өнім негізін қалаушылар қатарына қосылуға құлшынды.


Ал ауылда оны қыр алыбы К-700 тракторы күткен-ді. Темір тұлпарына отырып, жер құйқасын шығара судігер жыртты.


Диқан қам-қарекеті қашан таусылған. Бұл жұмысты тəмамдап, мал қыстақтарына жемшөп тартып жүргенінде қар тоқтату ба- сталды. Көктем шыға ылғал жабылды, егіс жұмыстары жүргізілді. Көктеген егінді күтіп-баптау қамымен жүргенде үш айдың қалай өткенін де аңдамаған. Күз туып, орақ жетті.


Жас диқанның бір жылғы еңбегі осылайша тұйықталды. Оны- мен қатар Майраның тəжірибесі де толығып, шеберлігі шыңдала түсті. Соның айқын айғағындай ол Паша Ангелина атындағы Бүкілодақтық жүлдені жеңіп алды. Жоғары наградалары қатарына енді «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі қосылды. Партияға мүшелікке ұсынылды.


Ал бүгіндері Майра Тəттібаева есімі республикаға кеңінен та- нымал. Ол – ВЛКСМ XIX съезіне делегат болып қатысу бақытына ие болған өнегелі өрендердің бірі.


Осының бəрі Орекең мерейін тасыта түседі. Ол өзі өмірлік мұрат тұтқан тың дəстүрлерін тұңғышының жан-жүрегімен ұғып,жалтақтамай қабылдағанын мақтан тұтады. Оңашада Зұлқия жеңгейге:



  • Əне, айтпап па едім. Майражанның қолынан бəрі келеді деп. Екі қолыңды жылы суға салып, айдарыңнан жел естіріп қойған жоқ па? Енді əйгілі диқан қыздың анасы ретінде телевизорға түсіргенде шалжия қаласың. Ал басында ғой басқаша əндетіп ең. Қалай екен? – деп шалқаятыны бар.


Айтпақшы, Майра ана тілегін де жерде қалдырған жоқ. Бізбен алғашқы кездесуде айтқанындай, диқандық мектептің біраз са- тысынан сүрінбей өткен соң жоғары оқу орнына документ тап- сырды. Жұмыстан қолы қалт еткен сəттерде көз майын тауы- сып, көп дайындалғаны зая кеткен жоқ. Ол қазір Қостанай ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетінде сырттан оқып жүр.


Жас диқанның мақсаткерлігіне кім де болса тəнті боларлық-ақ. Жер төресі Жалғызтау Тəттібаевтар əулетіндегі əке жолын қуып,


өз тағдырын туған жер тағдырымен тығыз ұштастырған тағы бір танымал диқанның бұл қадамдарына да куə, əрине.


Орекең де Жалғызтауға жан дүниесінің жадыражай жарқын нұрын төге өзгеше бір мақтанышпен қарайды.


Табиғат тумасы мен адам-ана перзенті бір-біріне айтайын дегендерін үнсіз-ақ ұғынысып жүргендей.


 


* * *


Жалғызтау Орекең шаңырағынан шыққан үшінші диқан, он екі баланың екіншісі – Əділдің де құт кəсіпті игерудегі алғашқы қалт- құлт қадамдарына куə.


...Орақтың оңайы болмайды. Маңдай терді маржандай төгіп өсірген мол астықты шашаусыз жинап алу үшін қажымай күресу керек. Қолайсыз ауа райы да, ұйымдастыру жұмысындағы орашолақтықтар дейсің бе, əйтеуір жұмыс қарқыны мен сапасына ұтылдың деп ұпай салып кетер «қиқарларың» жетерлік.


1981 жылдың жаңбырлы жазы да алғашқыда алақайлап қуанған диқан қауымына соңыра сан соқтырғандай болды. Не дері бар – қоңыр күздің бел-белдеуінің өзінде əлі піспей көгеріп жатқан егін диқанның көңіл-күйін тілсіз ұқтырғандай еді. Масақ толы дəн сабақта тұрып-ақ төгіліп жатқан жерлер де бар. Дəл орақ кезінде сібірлеген жаңбыр бой жаздырар емес.


 


Ақтасқа бет алып заулаған машинада жол бастап келе жатқан совхоз партия комитетінің секретары Амангелді Смайылов:


Міне, мынау қаздай қатар қалқыған Тəттібаевтар звеносының комбайндары, – деді ауыл сыртындағы шоқ қайың етегіндегі та- нап төсін нұсқап.


Екеуі – Оралдың өзінікі мен Майранікі ғой. Ал үшіншісі кімдікі? – деп қалды біреу.



  • Оның иесі де – Тəттібаев. Тəттібаев Əділ. – Орекеңнің екінші баласы. Кəсіптік-техникалық училищені биыл бітірді, – деп түсіндірді партком секретары.


Осыдан біраз бұрын облыстық партия комитетінде өткен озат диқандар кеңесінде Орекеңмен кездесуіміз ойға орала кетті. Кеңес қиын орақты енегелі өткізу жайлы пікірлесуге сайған.



  • Енді Тəттібаевтың пікірін тыңдайық, жолдастар. Ореке, сіздің не ойлағаныңыз бар? – деді бір кезде облыстық партия комитетінің секретары арнайы тоқталып.


Бағанадан бергі əңгіменің бəрін зейін қоя тыңдап отырған дүлдүл диқан бірден тоқ етеріне көшті.



  • Əріптестерім айтып отырғандай, үстіміздегі орақ өзгеше қиын болатын түрі бар. Бір танаптың өзінде бірнеше технология- мен қатар жұмыс істеуге тура келер. Бірақ соған қарамастан жарыс тегеуіріні жылдағыдан төмен болмауға тиіс деп ойлаймын.

  • Орақты ойдағыдай жүргізудің бір кепілдігі, меніңше, осы. Өзім биыл да кемінде 10 мың центнер астық бастыруға уəде беремін, – болды бар сөзі.

  • Міне, азамат!

  • Тура іске көшті ғой!

  • Ал енді қалғандарымыз да нақты межелерімізді аталық, – де- ген дауыстар тұс-тұстан шықты.


Нақты межелерін атаған соң олар бүкіл облыс еңбеккерлеріне арнап үндеу қабылдады.


Орекеңді кеңес аяқталған соң да босатпай, журналистер қоршап алды. Біраздан соң ғана ол шыға берісте күтіп тұрған маған қарай əдетінше əнтек жымиып келе жатты. Екі беті алабұртып алған.



  • Ой, осы сіздің əріптестеріңіздің құрсауы қатты-ақ. Əрең құтылдым ғой. Одан бір-екі норманы асыра орындау жеңіл, – дейді амандасып жатып.

  • Ореке-ау, үйренетін уақытыңыз болды ғой. Одан да болашақ орақ қиыншылықтарын жіпке тізе жөнелсеңіз сенер ме едік...

  • Əркімге əрқалай ғой. Не десеңіз де, мен үшін алқаптағы қиындықтар жеңілірек.

  • Жарайды, сізбен сөз таластырып болмас.

  • Айтпақшы, жаңалықтар жайлы айта отырыңыз.

  • Жаңалықтар жетерлік. Алдымен бірнеше бөлмесі бар жаңа үйге көшкенбіз. Кезектен тыс «Жигули» сатып алдық.

  • Қайырлы болсын, Ореке, қайырлы болсын!

  • Тағы бір жаңалық – биылғы ораққа кəсіптік-техникалық училищені бітірген ұлым Əділ де қатысады. Майра да əдеттегідей сақадай-сай...

  • Жарадыңыздар, Ореке! Семьялық экипаж əзір десеңізші?

  • Əзірі əзір-ау. Дегенмен, Əділжанның алғашқы аяқ алысы қалай болар екен деп ойлай беремін.

  • Асықпаңыз, ағасы, əке жолын қуып, өнегесін тұтса, əулет на- мысын қолдан бере қоймас...


Мақтан сүйе қоймайтын кісі ғой, əңгімені жылдам басқа жаққа бұрып əкетті. Бірақ Əділдің əулет намысын жер етпеуін іштей қатты тілейтінін алабұртқан жүзінен аңғару қиын емес. Бұл жер- де оны əке мұраты мен ұстаз арманы сияқты қос сезім қатар тер- беп тұрғаны анық еді.


Міне, енді сол Əділмен танап төсінде жүздеспекпіз. Қалай екен қадамы?


Əр минуты қымбат қауырт шақта қырман толар қызыл би- дайды қуалай жұтып жүрген қыр кемелерінің иелерімен көп сұхбаттасудың реті келген жоқ. Орекең мен Майра – көптенгі та- ныстарымыз. Олардың қасындағы екі жігітті ғана алғаш көруіміз. Екеудің бірі – Петропавл индустриялық-педагогикалық техни- кумының студенті Ғазиз Аманжолов екен. Ол диқан қыз Майра Тəттібаеваның тікелей қамқорлығымен тұсауы кесілген қарлы- ғаштардың бірі болатындығын көңілге қатты түйіп қойдық. Ал


екіншісі – Əділ.



  • Нағыз еңбек адамы істе сыналады ғой. Осы орақта Əділім де жақсы жағынан көрініп, төбем көкке бір елі ғана жетпей жүр. Шеберлік, əрине, бірден келмейді. Бірақ оған деген ұмтылыс алқапты бір айналып шыққанда-ақ аңғарылып қалады. Сол ұмтылыс Əділде бар ғой деймін.


Бұл – Орекеңнің сөзі. Бөлімше басқарушысы Тұяқ Оспанов болса, жас механизаторды диқандар қатарына қосып та қойыпты.


 



  • Əділдің тұсауы кесілді. Орақ аяқталғанша алты мың центнер- ден астам астық бастырарына қазірдің өзінде кепілдік беруге бола- ды. Ол алғашқы орақ үшін аз көрсеткіш емес. Көрерсіздер, əлі осы бала қалған Тəттібаевтардың бəрін басып озады, – дейді ол.


Асырғаны болса да əркімге арнала берер сөз емес, əрине.


Ал өткен жылы Əділ өз комбайнымен он мың центнер астық бастырды. Сондағы апасы мен əкесінің қуанышын көрсеңіз ғой. Тəттібаевтармен тың төсіндегі бұл жолғы кездесуден де тағы бір соны əсер алып қайттық. Жалғызтау бұрынғыдан да биіктей түскендей көрінді бізге. Баурайындағы елдің мерейі өсіп жатқанда, оның еңсесі неге көтерілмесін? Көтеріледі де.


 


* * *


Жарық дүниеге жотасын беріп Жалғызтау жатыр. Көкше мен Қызылжар арасындағы кербез шоқы. Жан-жағына асқақ қарайтындай. Туған жерінің құмды-тасты пұшпағын басқа сулы- нулы жердің ешқайсысына қимайтын түлектерінің арқасы-ау де- ген ой келеді.


Орекең, Майра мен Əділ – солардың үшеуі ғана. Үшеуі де – диқандық өнерді мұрат тұтқандар.


Үшеуі де – бір əулеттен.


Түлеген тың төсіндегі осындай əулеттер абыройы аса берсін деп тілейсің іштей. Жер төресі Жалғызтау да солай тілеп жатқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу