Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  237


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қорқыт қобызының сарыны

Мынау жатқан кең дала
теңізді, таулы, қырқалы,
шүу десең, жарау тұлпары
ойнақтап барар ұрымға,
жауларын жаншар жылымға
жауынгер жайсаң ұрпағы
оғыз деген халықтың
бабадан мұра жері еді,
дархан бір жатқан ел еді,
даладай жаны кең еді,
шыншыл сөздің шебері
шешендердің елі еді,
тұңғиық ойдың ерені
береке елге – беделі
көсемдердің елі еді,
маржаны сөздің – терері
ақындардың елі еді.
Көз салып бүгін барласам,
даланың төсін аңдасам,
ақылымнан алжасам:
ақсақалдың азуы-ай:
миы кепкен тазыдай,
қыңсылайды төріңде,
алар емес өлім де!
«Шешенмін» деп шатынап,
билік тисе, батыр-ақ,
халыққа ақыл үйретіп,
талтаңдайды ақымақ.
Қасиеті даланың
өсиеті бабаның
көр кеудеге қор болды,
қайран елге сор болды.
Бірлік кетіп, халықты
сөз ірітті, тарықты;
ойлыларды налытты,
өсекпен тағдыр шешілді –
осындай елдің несі үлгі?
Жылпос пенен алаяқ
билік құрып есірді.
Жалаң сөзді жайдақтар
ақынмын деп төс ұрды.
Керегі сол деп көз қысқан
сыпсыңдап жүрген көп дұшпан
жеріме назар салып тұр,
нысанаға алып тұр,
тағдырыңды шешсе нөпір жау,
ертеңі елдің тамұқ-дүр.
Осыны ойлаудан зарлы əнім,
зарымды ұқпады жан-жағым.
Жемсауды ойлаған жұртымды
ел ету еді арманым.
Азамат-ердің басын бір
біріктіре алмай зарладым.
Қайран да қоңыр қобызым,
қайғымды бірге талмадың
сен ғана əнімді жалғадың,
зарлағын тынбай, сарнағын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу