Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  336


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жаулықтар

Жүргенде жанымды арбап жыр бұлағым,
өтіпті зымыраумен сұңғыла күн.
Бүгінде армандаймын бір көруді
анамның сыр шертіскен құрбыларын.
Ұқсайды өмір кейде түстенгенге,
адамға оны бөгер күш берген бе?
Бір сəлем берсем-ау деп асығамын
анамның қолынан шай ішкендерге.
Баяғы келіншектер жүзі еліктей
жүр ме екен əлі күнге тізе бүкпей?
Көздері сиреді ме олардың да
анамнан қалған күміс білезіктей?..
Қою шай, тамызары шырын қаймақ,
күлгенде жанарлардан Күн райлап,
талықсып жалғыз аяқ, түйе сауып,
жүретін едіңдер-ау құлын байлап.
Аялап ата-енені гүл ғып керім
білмедім дəл сендерше кім күткенін...
жалғыз өз үйің емес, ертеменен
аштыңдар бар көршінің түндіктерін.
Өсіріп ұл мен қыздың тау ғып бəрін,
бұл күнде жүрсіңдер ме саулық та мұң?
Қорқамын көзден ұшып барады-ау деп
сендердің ардай аппақ жаулықтарың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу