Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  168


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тереңдік

Дала шарлап шілдеде,
шөлдеп келе жатқан ем.
Айдын кезген Күн – кеме
қоналқы жай тапты əрең.
Аңқам кеуіп мен келем,
ұрттам суға зар болып.
Серік қылған желменен
қашан бітер шаң қорық.
Жатса сусыз жылап маң,
əн түгілі, жан қайғы.
Тұзды сорлар жырақтан
айдынға ұқсап арбайды.
Дала зəмзəм кəусарын
қойған терең жасырып.
Оны алуға қанша күн
жер қазасың бас ұрып.
Түсіп мұнша сарсаңға,
жанды неге қуырам –
болмай ма нəр алсам да
сордың ащы суынан?
О, тереңдік, жанды үгіп,
жатпас елеп сені ешкім.
Қуат берер мəңгілік
кəусарыңа не жетсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу