Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  238


Автор: Фариза Оңғарсынова

Поэзия, Махамбет аудармашысымен əңгіме

Поэзия –
əйелдей жұмбақ əлем,
сиқыр сырын түсінер тұлға да кем:
жаны – тұнған тұңғиық тереңдік те,
қимылы – ырғақ, əуен;
поэзия –
арудай
құпиясын
ұқтырар жылдап əрең...
І
Сіз – тұлғасыз
тұрған бүгін заманды таңдандырып,
арулар жүр көруді арман қылып.
Жасандылық мезі етіп, жалған қылық,
селқостыққа бой ұрған дүниеде
сұлу өрнек жырыңа алданды жұрт.
Тіршілікте
күнделіктің улаған қасаң əні,
табиғат та арудай тасадағы,
(сұлулықтан жұрт безіп қашады əлі)
табындырар, шошытар күштер жоқта
төгілмейді бұлақ-жыр, жасалады.
Сиқыр шабыт,
арқалы жыр – сандырақ мұның бəрі,
ұмытылды шабыттай ұғым бары.
Тасқын жырдың төсінде құбылмалы
сезілмейді ешкімнің жығылғаны
не алапат дауылға ұрынғаны.
Адастырмас ақылгөй жырымызбен
тықылдаймыз торғайдай тұғырдағы.
Дауыл,
дүлей үн қайда
екпіні арна,
қуатымен суарар кекті қанға?
Тоғандарды талқандар тасқын қайда,
Əлде сөзді бұғаулар тепкі бар ма?
Өлең қайда бұлақтай сылдыраған,
лəззат деп ұқтырған түнді маған,
елжіреуден ұмытып мұңды да адам
рақат пен нəзіктік толқынында
армандайтын, арылып мың күнəдан?
Жоқ, тепкі жоқ,
бұғау да жоқ адамда мынау күнде,
себептер жоқ шабытсыз бұралқы үнге,
зындан да жоқ шіритін шыдам-піл де,
мықты да жоқ, нашар жоқ ақындарда –
іскерлер бар жыр өрген тұман түнде.
II
Поэзия дегенің – халық қаны,
қасіреті, мұрасы, жарық таңы;
ол –
сезімнің оралмас мөлдірлігі,
уақыт шаңын бойына дарытпады.
Жыр –
таңбадай қасиет халықтағы,
ақын –
заман, дəуірдің алыптары,
ұрпақтардың, ортаның шын сенімі –
ақынның шабыт нəрі.
Ұлылар да ортақ де,
жақсы ақын де,
өз халқыма таныту – мақсатым де –
бірақ мүмкін емес-ау өз шыңынан
Махамбеттер сөйлеуі басқа тілде...
Махамбет!
Махамбет...
Білмеймін, жел ме, сел ме,
жырда онымен бір тұлға теңдесер ме...
Əділетсіз дүниенің қабырғасын
Махамбетше сөгер жан кездесер ме...
ондай жыр – ем кеселге.
Қалайы алтын болмайды зерлесең де,
дала емес кең көшең де,
құс қанаты бітпейді
сен қаншама
қолыңды кеңге серме,
қараларға ағару бұйырмаған
опамен «жемдесең» де.
Толғанғанмен ел жайлы,
қоғам жайлы,
кернесе де кеудесін содан қайғы,
Байрон емес –
Махамбет,
ол өмірге
Уитмен боп тіпті де оралмайды;
қылыш байлап, дулыға кигізгенмен
Пастернак та Махамбет бола алмайды.
Солай
семсер өнердің тағдыр-үні,
бойлатпас заңдылығы;
найзағайлы жырындай бар ғұмыры
Махамбет,
ол халқымның аспанында
алаулы таңғы нұры.
Махамбеттің сөйлеуі басқа тілде –
наркескеннің жарқыл мен жаңғырығы...
ІІІ
Жыр –
менің жалғыз тарланым,
аялап өтер ардағым,
талықсып атар таңдарым,
Айымдай жалқы арман
-үн;
қарқылдай берсін қарға мың,
бұрқатсын боран
-шаңдарын,
тарттырсын дүлей зардабын –
жанымды жырмен жалғарым,
өзімді соған арнадым.
Жалғаннан зардап шекпегем,
заманға нала
-кекті емен,
лапылдап жанып от денем
жылуын шашпай Күн
-сараң,
мəңгі мұз жанын құрсаған
жылусыз
-жансыз жерлерден
жалын боп өтсем деп келем.
Көз жасын сүйіп жел
-керең,
көкірегін мұң
-шер кернеген,
аспаны жерге түскендей,
қасіретін қайсар күш жеңбей
күрсінген бедеу бейбақты
жырыммен – ыстық демменен
сəби боп келіп емдер ем...
От сезім – өшпес өртпенен
еміреніп ешкімді өппеген,
махаббат атты бір күштің
лəззатты мұңын шекпеген
жандардың есін тандырып,
жүрегін оттай жандырып
сезім боп өтсем деп келем.
Шығарған шындық, арды естен,
зұлымдықтарды қан кешкен
Махамбеттен қалған наркескен –
айбалта-жырмен шапсам деп,
шаңын бір сөйтіп қақсам деп,
əділеттің шамын ғаламға,
қарамай құрсау-қамалға
лаулатып солай жақсам деп
қайсарларды жасқап шегерген
тасқыны тылсым тереңмен
серігім –
жырым-жебеммен,
жүрегім –
желкен,
жел кернеп,
қарсы ағыстарға,
сеңге өрлеп,
қағілез құйттай денеммен
дауылдарды құшып келем мен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу