Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  226


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ажал деген бір мерген

І
Басыма қаза тастары
түскенде, таппай көңілге ем,
адам боп аяқ басқалы
зар шегіп келем өлімнен.
Қайғыдан жаным талса да,
қабырғаларым сөгіліп,
өксідім жалғыз қаншама
мамық жастыққа көміліп,
араша таппай зар-мұңға,
жанымды жеді шаң мен сыз,
жазмыштың заңы алдында
тілеулестер де дəрменсіз.
Келер ме бір сəт өтер сең...
Біткендей жанның аңсары.
Енді-енді басты көтерсем,
екінші соққы жаншады.
Қарағайдаймын жай ұрған,
басымнан кетіп базар да.
Қимастарымнан айырған,
не істесем екен ажалға?
Жесе де жанды құсалық,
сөнбесе сəуле жанарда,
өмірдің заңы күш алып,
бастырады екен тағы алға.
II
Сескенбей жүрем. Ой-мұңды,
тұрса да жаннан қан тамып,
жұлсам деп біреу мойнымды
алдымнан шықсын балта алып.
Өткізетіндей елеңдеп,
еншіме тиер көп пе күн?
Жүрердей жауым келер деп
қылмысым, күнəм жоқ менің.
Демеймін алар жазам кем –
назы көп маған ортаның.
Қорқынышты емес ажал. Мен
қорықпағаннан қорқамын.
Жарқ етсе менің көзімде от,
сиқырлық емес жан арбар.
Қалуға өзім – өзім боп
рұқсат еткін, адамдар!
Қиындау менің тағдырым,
сапарым – шексіз, жол – жүкті.
Алыңдар менен барлығын –
қиыңдар жалғыз өрлікті.
Менде де қурар ну арман,
болса да барар жолым көп...
Өрлік пен қайғы суарған
өжеттеу жырға өлім жоқ.
ІІІ
Жақсы көру!
Не деген керемет ең!
Қарағаны біреудің жебеге тең.
Бейқам бара жатқан боп, ал ішімнен
кімдер қалай қарайды – елеп өтем.
Өмір сүру үшін де біреулердің
сені жақсы көруі керек екен.
Сонда жанда от ойнап,
жанар жібіп,
иесіз қалған кеудеме қамалды үміт.
Қадалғаны шаршы топ – саған күдік,
тілеулес те сезімін қарар бүгіп.
Сонда-дағы көңілін анау жерден
айтқызбай-ақ –
не сиқыр! –
қалам біліп!
Көп айтса да, сөз емес жаттанды бұл,
жақсы көру дегенің – жатқан ғұмыр.
Сөніп бара жатқанға жан беретін
бұл сезімге қиындау шақтарда үңіл.
Сені ақысыз аялар жандар үшін
тірлігіңнің бəрін де тастап жүгір!
Ажал соғып,
құласа жан-шаңырақ,
елің жоқтап,
сыңсиды арша жылап,
күрсінумен күн өтіп,
тіршілігін
қайта жалғастырады тамсанып ап.
Өмірліге өлім – хақ,
тек артыңда
жақсы көрген адамдар қалса – мұрат!
ІV
Не істесем екен өлімге,
қоятын емес бұл залым.
Нұр шашар туған көгімде
жалмады бəрін тұлғаның.
Шабытты демдеп тұратын
аспаннан бүгін жоғалды Ай.
Арманда кетті ұлы ақын,
ұлылық тағын көре алмай.
Ерлікпен елге дем беріп
тұлғасы таудай хас батыр,
қаһарлы тұлға жерге еніп,
орнында қара тас жатыр.
Əділетсіздікте шек бар ма,
жемсауын ажал жемдеген,
тоймаған бір де тек қанға
өрт қойсам ба екен жерге мен!?
Шықшыты қурап кей арам
шалқиды тірлік төрінде.
Салсаңшы тыйым, ей, адам,
жолсыздау келген өлімге!
Өзгертпес мазмұн, өң-кейпін,
жер атты байтақ мекенде,
билікке, пұлға көнбейтін
талант пен ажал екен де.
V
Тыным көрмей адамзат тырбанады,
көз жұмбайды кіргенше құмға жаны.
Алдырмайды қаншама ұмтылғанмен
жайлы өмірдің міз бақпас сұр қамалы.
Жіңішкерген қыл-жүйке үзілердей
басы қатып,
бір мезгіл жынданады.
Жынданады, білмейді кімге, неге,
атой салып арам қан құл-денеде,
ақыл-патша алжыған, ару-сезім
жесірдей ме, қайтеді, сыр бере ме?..
Сақшы-жанар сəулесіз, жағалаудан
сіңіп бара жатқандай түнге кеме.
Кете алмайды бəрі бір алыс тағы,
тарпаң күннің жалынан тағы ұстады,
сосын қайта тартады бауырына
тіршіліктің иірім-ағыстары.
Өмір-шеңбер бойымен сырғанайды
араласып мысығы, арыстаны.
Құлазиды, кеудеден əн қашады,
бес қаруды лақтырып жан жасағы,
қарай қалса маңына бас көтеріп,
кетеді ұшып шеңберден – шаң басады.
Су жұтарда қалқанға ұмтылғандай
адам өзі-ақ ажалға жармасады.

Тыным жоқ жанда, бастарда,
тыным жоқ жерде, көкте де.
Адамзат бармас аспанға
зулайды бүгін от кеме.
Сана мен ақыл теңдесіп,
жетілген сайын адамзат,
қысымдар тулап жерде өсіп,
шапшиды қаның мазаңды ап.
Ілесіп оймен жел бірге,
жатқандай адам күнді іреп,
Тінтеді жанын жердің де
өтіне дейін тілгілеп.
Туардай алдан жаза – күн
табиғат жасын іркіді,
кетердей шалқар сананың
құрбаны болып бір күні.
Түтінге бөгіп ақшыл Күн,
сарқылды жердің жасы – арна.
Табиғат деген тақсырдың
төзімі жетер қашанға?..
Ажалдың жолын Өмірге
қысқартып жатыр санамыз.
Жасалған істен өңіңде
қандай да болсын қалады із.
VІІ
Өмір-өлім, жаз бен қыс, көктеміңіз
тіршілікпен о бастан еткен егіз
табиғаттың заңдарын шет көреміз.
Кем-кетікке кінə іздеп айналадан,
үйренісіп алғанбыз өкпеге біз.
Бейнет кешсін ұрынып қамалға ма –
тірлігіне тойымсыз адам ғана.
Өмір сүрсек болғаны алжығанша,
ризамыз жақсыға, жаманға да.
Мəңгі етпейтін күндерді ажал-дана.
Болмаса өлім, қалар-ды қараңғыда
əділетсіз күйінде ғалам мына:
кестесінде тірліктің бір қатарға
отырғызып аңды да, адамды да,
барғызбастан төбе-би – ар алдына.
Өмір – жаға. Өлім – су тұнық, терең.
Қос нүктенің арасы. Жүріп келем.
Жүріп келем айдында. Үміт – кемем.
Ажал барын білемін. Бірақ көзді
жасыл жаға – өмірге тігіп келем!
VІІІ
Безінгенмен бəрінен,
өлмей келем əлі мен.
Ал мүмкіндік қанша еді
өлер, таппай жаныма ем...
Сан ұрындың кеселге,
мазақ болдың есерге,
мықты менен ептіге
кетті талай есең де.
Жүрмесең де жығылмай
өмір тартар жылымдай,
ғұмыр бойы жегенмен
наннан шықпайтыныңдай.
Қаншама рет қаймықтың,
қаншама рет жай жұттың.
Бірақ тірлік арбайды
ауруындай байлықтың.
Тіршілік деп тамсанып,
жүгірді адам жан салып.
Ал өмірде өлуге
мүмкіндіктер қаншалық!
ІХ
Адамды үгіп жатқандай мұң ішінен,
қанша болып-толса да бір ісі кем.
Айқай салып, тыпырлап, арпалысып,
жанталаса бастайды туысымен.
Тыным таппай тырбану – бас ұраны,
əлдеқайда, əйтеуір, асығады.
Жер бетінде болмысын адамзаттың
өзгерте алмай келеді ғасыр əлі.
Уақыт – патша болғанмен жанары өктем,
тіл қатысып жатса да дала көкпен,
жер-тылсымның қопарып құпиясын,
қадірін де көшіріп ала кеткен;
арыстанға аңсатып тарлан күнін,
шарласа да шапқылап жалғанды үнім,
тірек тұғыр – топырақ бола тұрып,
жалаң аяқ жер басу арман бүгін;
ащы, тұщы өмірдің салқын дəмі,
құдірет пен биік ой, даңқың – бəрі
қаракетті күндерді құбылтқанмен –
адам бірақ баяғы қалпында əлі.
Бүгін басқа болғанмен жыры, жемі,
бабасынша күлкісі, түңілері.
Жазбай табар желісін жылқыдайын
адам ажал-қазыққа жүгіреді.
Х
Табиғаттың шексіз-ау ғажабы да:
біле тұра түсерін қаза-құда,
арпалысып адамзат асығумен
əзірлене бастайды ажалына;
тірлік қамын ойлаумен көз жұмады,
бұл – тағдырдың адамға мазағы ма?
Тындырам деп тірліктің сағым-ісін,
оңға-солға шашады жаны, күшін,
шырпы ғұмыр сөнгенше
шаруаның
барлығын да үлгеріп қалу үшін.
Аз тірлікке қаракет – мол еншіні
бере салған адамға жазымышың.
Əділдік пе, азап па мұның мəні –
туу-өлу болса да ұғым нəрі,
мəңгі түннің келерін біліп тұрып,
дүние деп адамзат шырылдады,
алып қашпа күндерге ілесем деп,
жүгіреді тұрса да жығылғалы.
Жайшылық жоқ жататын қыр жадырап,
өкпесіндейді сүрініп, құмға құлап.
Жынды ғасыр сүйрейді домалатып,
қыр арқаңа сұққандай сымды бұрап.
Бір-бірімен жарысып барады адам
жетуге ажал-нүктеге жылдамырақ.
ХІ
Қара бас қамы дегенде,
ағайындар да қырық ру.
Талас пен тартыс ел-елде,
билік пен таққа ұмтылу.
Кім надан болды, кім үлгі –
өткен шақ бізге қараңғы.
Бұзық деп адам бүгінгі
тілдейміз орта-заманды.
Адалдық ұғым солғындап,
тартысқа талай салды ашу.
Үстемдік-сайқал қол бұлғап,
адамдардікі – қандасу.
Əр адам – құстың сұңқары,
қорғардай елдің намысын.
Кей-кейде сатып құртады
өзінің билік қамы үшін.
Өкпе жоқ бірақ оларға,
билікпен келсе бақ, тұлғаң.
Билігі жоқты қоғам да
қажетсіз заттай лақтырған.
Зорлыққа жаны қомағай
жандарға жүрген арды аттап
ажал да тіпті жоламай
жүреді-ау деймін жалбақтап.
ХІІ
Көңілімнің көгін бұлт алып,
жанымнан жылжып мұң тамып,
жатырмын жырақ жерде мен,
ісі жоқ жұрттың – күл, тарық,
қайырлап жүйрік жел кемең,
кеткенде қиял бұлтарып.
Жатырмын.
Жат жер.
Жат мекен.
Солқылдап сорып қақ шекем,
Анамның тілін жан ұқпай.
Ошағым
алтын таққа тең,
жүргенде кеше қамықпай
білмеппін –
жанға тəтті екен.
«Достарым, бауырластарым!» –
талғанша жағым қақсадым.
Бəрі бос, жалған екенін
торланған кезде аспаным
ұғындым –
туған мекенім
жұмағынан артық басқаның.
Куəсі болған кеңдіктің
еске алып елді шер жұттым.
Не əкелер екен келер күн?
Жарқ етіп жанар, сергіп мұң,
жаныма жылу себер кім?
Туған жерде өлу дегеннің
бақыт екенін енді ұқтым.
ХІІІ
Өлім деген немене,
көргендерің бар ма оны?
Ғұмырыңда келе ме
бір-ақ рет бар-жоғы?
Бір-ақ рет? Ендеше
рахат қой мұныңыз:
бірнеше рет келмесе,
қиналмайды құлыңыз!
Келіп-кетіп жүрмей ме
адам сонау мақшардан?
Киері де бір жейде
ала ма əлде аспаннан?
Басқа ма екен шынында
өлімі де əр жердің?
Мен дегенің ғұмырда
бірнеше рет жан бердім:
демеңіздер бұл бос үн –
болмай, рас, менде ерік,
кеткен сайын бір досым,
қалам ылғи жерленіп.
Жаналғыштар төнгенде
көргем талай түр-өңін.
Бірнеше рет өлгенге,
бұйым емес бір өлім!
ХІV
Ойласаң, өлім – сұмдық тым,
білесің бір күн келерін.
Өзінде осы шындықтың
əділдік жатыр дер едім.
Қайшылығы көп құрлықтың
тысқары жатқан санадан.
Көкесі-ау бірақ сұмдықтың
өлмейтін болса бар адам ?!
Өтпейді-ау онда қараң күн,
сейілмей бойдан шаң- күдік,
не болар күні адамның
өлмейтін болса мəңгілік?!
Өлмесе өмір шыңына
шыққандар, ойы – қанды ұғым,
шалатын құрбандығына
адамның, Жердің тағдырын
өлмесе қайттік жүргендер
арды да доптай лақтырып –
болса да куə Күн мен Жер
зауалсыз жүрген шат күліп?
Өртеніп Жер де жалынға
күйдірер кейде жеке дау.
Қара күштердің барында,
ажал да қажет екен-ау!
ХV
Бір мерген бар жер шарын аралайтын,
көздегенін құлатар жанары айқын.
Əділеттен бір өзі жаралғандай,
ешкімге де алалап қарамайтын.
Қарамайды келбетке, шырайға да,
жер, əлемді түсіріп бір айнаға,
ажал-мерген келеді кірпік қақпай
жас-кəріге, құс алар құмайға да.
Бірдей оған: жассың ба, ұлысың ба,
шыққан тегің, жерің де, жынысың да
алынбайды есепке, мейлі адамдар
қолын малып отырсын жылы суға.
Кедергі емес даналық, мол ақылың,
дабыл қақпай келеді ол ақырын.
Сенімді үзген жандарға ұқтырады
бір ақиқат түбінде болатынын.
Сескенбейді ол əкімдік құрықтан да,
тəубасыздар тайраңдап мұны ұққан ба.
Сездіреді бір əділ үкім барын
асып-тасып ұятты ұмытқанға.
Жұптаспайтын, ұстайтын жолын дара
бұл жалғанда жалғыз-ақ өлім ғана.
Мерген атын жайса да жер бетіне,
келеді оған бас имей Өмір-дана!
* * *
Қолында билік барларға
жағынып жалпаң қаққандар,
секіріп аттап ардан да,
биліксіздерді таптаңдар!
Мансаптың дертін емдер ме,
дəру жоқ, соны түйдік біз.
Мазмұнсыз, мəнсіз сендерге
күн көру қиын биліксіз.
Жүйкемді мен де жонам кеп,
өссем деп биік бəрінен.
Сендерге обал болар деп,
жағынбай келем əлі мен!
Жанымды жеді бір мұңым,
басылмай тіпті дəріге:
санаулы билік құрғырың
қалар ма жетпей бəріңе?
Сен үшін мен де мұңданам,
өңештен асың өтпесе.
Тимесе билік – күн қараң,
ойбайды салып, от көсе!
Қайғырма маған сен бірақ,
жағдайым менің басқаша:
өлеңім барда, жер – жұмақ,
оқыма, саған жақпаса!
Көйлегім бүтін, күйлімін,
жатқам жоқ шіріп жағада.
Жаутаңдап алған билігің
еркіндігімнен садаға!
* * *
Шеберсің-ау, табиғат, шіркін, ана!
Алмасса да сан заман ғұрпы жаңа,
заңдылық бір: қояны қойдан бөлек,
жуыспайды батардай бір күнəға,
таныстық жоқ сиыр мен жылқыда да.
Ешкі тұқымдастар да бірге бəрі,
жарасады қосылып үн мен əні.
Түйе атаулы келеде не жалғыздан
мойын созып қарайды Күннен əрі.
Əтеш біткен аққуды тілдер əлі.
Жануар да дейтұғын ұқпас жанды
ұнатады бірі-бірін ықтасқанды.
Қарап тұрсаң, адам да маңайына
жинайды ылғи өзіне ұқсастарды.
Күн тұрғанда жұлдыздар шықпас мəңгі.
Батыр жолдас жандармен серті бірге,
ақын мұңдас, талпынсаң еркін үнге.
Пəтуасыз жандар да бірін-бірі
тауып алар жүрсе де жер түбінде.
Дарақы өзіндейлермен желпінуде.
Жинар біреу маңына тобырларды,
тілсіз, үнсіз аршитын жолын мəңгі.
Суайттар да жүреді жақын тартып
дəл өзіндей қағылған, соғылғанды.
Бір ғажабы, барлығы – құс, аңы да
сыяды ана-табиғат құшағына!
* * *
Баттың деп бекер зар-мұңға
қиялыма менің таңданба:
қасқайып тұрып алдыңда
қаһарын төгер жан бар ма?
Қылышпен берер, келсе емін
айдаһар тектес арланға,
қаймықпай келіп:
«Мен сенің
жауыңмын!» – дейтін жан бар ма?
Дуылдап шулы жұрт тарап,
екеуден-екеу қалғанда,
көзіме менің тік қарап:
«Пасықсың!» – дейтін жан бар ма?
Қылмысқа батып мына мен,
қыспаққа халық салғанда,
«Бір күліп, бірге жылап ем,
құтқарам!» – дейтін жан бар ма?
Аңғалдығымнан құладым,
жаманатты болып жалғанға,
саңқ етіп жұртқа: «Бұларың –
қиянат!» – дейтін жан бар ма?
«Пəле ғой тұрған бұл бір»... – деп,
мұныма, достым, шамданба:
есікке қарап міңгірлеп,
күн көру жағын қамдан да!
* * *
Шынымды айттым – сенбеді,
құлап жаттым – келмеді.
Жаға алмайтын жақсыға
жаман болдым жердегі,
надан болдым елдегі,
не аңғалдық мендегі?
Ақымақ боп көрінер,
ақыл-ойым кем бе еді?
Ашу-ыза кернеді,
өзіме-өзім жау болып,
алқымдағым келгені.
Қанша тырысқаныммен,
жалғандықтың шеңгелі
маған көңілін бермеді.
Күн кешемін тірлікте
қайықтайтын сеңдегі.
* * *
Көрген емес жанымды жасқап елім,
мүмкін жасқамағаннан асқақ едім.
Дұшпаным жоқ жырымды көре алмаудан
жек көретін жандардан басқа менің.
Ондайларды түртеді үнім шаптан,
(шындық кейде қауіпті ұрыншақтан).
Жауласамын өзім де жандарменен
тілін сатқан, халқының жырын сатқан.
Қызықтырмай өзгенің атақ, əні
жүргенімнен көп уды татам əлі.
Досын сатқан жандардан жиіркенемін,
Отанын да ондайлар сата алады.
Ұқтым мен де көп жанның күй-дастанын:
көргеніңмен жанашыр, сыйлас бəрін
мүддесі үшін өзінің бір жаманға
айырбастар кешегі қимастарын.
Жандар қанша күлкісі де шектеулі,
біледі олар тасадан кесектеуді.
Жанашырлық түгілі, ондайлардың
кіммен сəлемдесуі – есептеулі.
Көрінгенмен бəрі де пəк тұлғалы,
аппақ емес шынында ақтың бəрі.
Бұлт шалғанда басыңды көрінеді
адамдардың адалы, сатқындары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу