Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  310


Автор: Фариза Оңғарсынова

Достар - айдын, Ел - кемем

Дос іздеп келем, жарқыным,
өткіздім талай жалқы күн,
ажырасқанымды қия алмай
қайғысын қанша қарпыдым...
білмеймін неге – əйтеуір достықтарымның
бас жағы – шаттық, арты – мұң.
Өзгелеу сезім, ісім кей,
көп жандар содан түсінбей...
құбылмас сезім маған жат
балшықтан соққан мүсіндей;
достығым да менің қиындау
тағдырымның көрінісіндей.
Иілмегенге асқақпын – тұрам оқшаулау
кісілігімнен кішірмей.
Талайлар менен түңілген,
менің де сонша риза болған күнім кем;
дос болу үшін жүрегім ылғи жүгінген
сүюі керек мені ол жан
қырсықтық кемістігіммен,
(келіспе, мейлің, мұныммен!)
Тағдырым осы – қиын де,
қастерле, мейлің иілме.
Тау кезген тағы жылқыдай
қосылмай тобыр-үйірге
өтем-ау деймін өмірден тегі дос іздеп
шарқ ұрған осы күйімде!
* * *
Қоштасып талай доспен
қайғының таттым дəмін.
Көңілімнен арай көшкен
дос көріп жаттың бəрін.
Аңдысар, сөз санасар,
көрсетіп күш, салмағын,
қастасқан достан асар
болмайды дұшпандарың.
Ақыл – су, шақша – басым,
сынасып сыр алардай:
сезбеймін ақ-қарасын,
жақсылап құлап алмай.
Жылаймын сосын тұрып,
шайнаймын бармағымды.
Кеудемде өшім тұнып,
барлаймын жан-жағымды.
Кеуде – ыза, көзімде – кек,
өкінем, тым жүдеймін.
Бар кінə өзімде деп
жанымды тілгілеймін.
Бел буам бұл жайды енді
кешпеуге өмірімде.
Ал, оның, жырдай мəңгі
менімен жолы бірге.
* * *
Бас аман, малың түгелде,
хəл барда жұртты тірерге,
бірге ішіп, бірге күлерге,
алшаңдай басып жүрерге
адамның бəрі дос саған.
Есірген ез бе, шын ер ме –
адам мен сұмды білерге
ажырата алар жоқ шамаң:
жүрегің майлы, тоқ санаң.
Бақ тұрмас бекер бөскенге –
басыңнан бір күн көшкенде,
шамасы келмей қош дерге,
жаныңның жасын төксең де,
қайырылмай кетер оңбаған.
Үймелер майға көк шыбын,
дос дегендерің – көп шыбын,
бағыңмен кетер сол жаман,
жанында қалмай дос пенде.
Есін жияды сонда адам.
* * *
Жұртқа жағар құлқым жоқ өзімнің де,
құлақ аспай ақ ниет, көңілді үнге
(өз-өзімнен құдірет сезінердей)
керек менің өзім де, сөзім кімге?
Сабырлылық көрсетер жерде маған
маңайламай қояды төзім мүлде.
Жанымдағы мұзымды, мұңымды үккен
өкпелетем достарды қыңырлықпен.
Сезе тұрып қатемді, иілмеймін
темір сынды мендегі жұлын біткен.
Құдай атқан мінезді көрсеттім-ақ
адамдарға жанымның сырын күткен.
Өзімшілдік ізеттің жұтып əнін,
содан жанды қинауда үкім-арым.
Жақсы көрген сезімді сезген сайын
ақымақтау тақсырдай құтырамын.
Қайшылықтан соқтыққан бұл мəнімнен
қашан, қалай – білмеймін – құтыларым.
Тыпырлатып тастаса торға сені,
көрер едім кейпіңді сонда, сері!
Мықты сезер өзі өзін адам, егер
мақтан тұтып қастерлеп қолдаса елі.
Мені аялар жандардың сезімінсіз
мінезім де, мəнім де болмас еді.
* * *
Топтардан озбай, қалмай да,
жүргенде досым көп қандай.
Біткендей жалғыз маңдайға
елжіреп қарар, оқталмай.
Досым ба, тілеулесім бе –
əйтеуір бəрі қоршалап,
жүретін кілең, есімде.
Қайда сол достар, сол сағат?
Бұл күнде солар жүр тілдеп,
тістенген жақтар сəт тынбай.
Сыртымнан бірі күңкілдеп,
қарайды бірі жақтырмай.
Жақсы едім, көпке мен үлгі ем –
жаман боп қалғандаймын ба?..
Жырақтап əлде сенімнен,
берілем бе екен жəй мұңға...
Көбінің менмін көргені,
жұтқандай жаңғақ аршымай.
Жалғыз бөкенге шөлдегі
оқталған сансыз аңшыдай
соңымда бəрі. Əлі мен
келемін жалғыз жасқанбай.
Тазарам түбі бəрінен
бұлттары көшкен аспандай.
* * *
Керек емес ешкім де!
Құрсын бəрі!
Сыйласқан боп жүргені, ұмсынғаны.
Ақтарылар тазарып досыңның да
ойлайтыны – өзінің мұңсыз қамы.
Адалдықтың алдында аршылардай,
төңкересің жаныңды – тамшы қалмай:
шаруасы – басында, «сүйтсеңші» деп
сенің жауыр жаныңды қамшылар жай.
Жақын ұқпай жаныңды, ұқпай бала,
не еткен түнек? Тұман ба, бұлт па айнала?
Жанұшырып барғанда, кейбір досың
тағдырыңа қатысы сырттай ғана.
Қиындықтар туғанда бір басыңа,
достың бəрі болса да тұлға, сірə,
арашашы бола алмас мұң-шеріңе –
байғұс жүрек, онан да тұр, жасыма!
Жылайтын да сен ғана, жұбанатын,
біреулерде кеткендей құнан-ақың.
Сенше жылап, дəл сенше күледі деп
өзіңді өзің ұмытып құлама тым.
Құрысын бəрі! Жүремін бірақ əрең,
енді ешбірін көрместей сірə да мен.
Қойдым жолдас, досты да...
тоқта... сонда
кетпес пе екен тарылып мынау əлем?
* * *
Ортасында достардың
сəуле шашып бір жарық,
табанымда – көк шалғын,
келе жатам нұрланып.
Елдің көңілі – нəр маған
себелейді ақ нұрын,
заты əйелге тамбаған
даналықтың жаңбырын.
Дауылдарға кеуде ашып
жалаң төсті тағдырым.
Жалаңаяқ сең басып,
құздарына қарғыдым.
Сезімімен халқымның
сақтап жүрек дірілін.
Талай отқа шарпылдым,
сонда да əлі тірімін.
Дос көңілдер – Күн, ғалам
тілек тілер анамдай.
Қуат құйып тұр маған
солар жаққан жанармай.
Келем тартып əлі алға,
достар – айдын, ел – кемем.
Екеуінсіз ғаламда
түк емеспін мен деген.
* * *
Бағың жүріп тұрғанда, бəрі жақын,
досың да көп іздейтін, сағынатын,
арыңды арлап, сөзіңді сөйлер сенің
жүргеніңде жоламай жаныңа түн.
Мақтан етіп болғанын бір ел – бесік,
басыңдағы бар жайды жүрер кешіп;
немересін қамқорлар қариядай,
шаруаңның бəрін де түгендесіп.
Бабын тауып балаңның қыңыр бұрын,
құрбысындай ұғынар тілін, жырын.
Асты-үстіңе түсетін бұл жан жайлы
өзгереді сенде де бұрыңғы ұғым.
Əрқайсысы осылай кеудеңе еніп,
қаныңа да сіңеді желмен еріп.
Қаумалаған жан-жақта достар барда,
тамырың да жатқандай жерде берік.
Бір-бірінен қызғанып, құлап бəрі,
олар үшін сіздің үй – жұмақ таңы.
Сəлем-сыйлық тасиды жанталасып,
бірі бірінен асыру – мұраттары.
Дəреже де кетеді бір күн келіп,
Көңіліңнен көшеді шіркін желік.
Əрең танып баяғы «достар» сонда
қарсы алдыңнан өтеді сыртын беріп.
* * *
Жан беріп, жан алысар дос іздедім,
дос деген ұғымым да тосын менің.
Майысып-қайыспайтын болмысымнан
морт сынбас майысқақтар шошыр керім.
Өзімдей болады деп досым менің
майшамды көкірегімнен өшірмедім.
Егіздей достың өзі болады екен
бəрібір қасиетіндей көшірменің.
Менің де бастан асады кесірлерім,
кесірдей ең аяғы сесім, демім.
Өзімнің өлшемімнен сəл ауғанды
тең көрдім қылмыскермен, кешірмедім.
Жұқпадым орталарға не сіңбедім,
жек көрдім астамдықтың есіргенін.
Басымнан алтын құйсын – жарамсақтың
алдында ақтарылып шешілмедім.
Дегендей бір көргеннен сырымды алар,
əдетім тосын жанға қырын қарар.
Басқадан ала алмаған өшімді мен
алатын достарымнан «жыным» да бар.
Кім төзсін бұл мəніме, кім шыдасын.
Көңілімнің шуағынан бұлты басым.
Оңаша жылап алам жүреді-ау деп
жаралап аз досымды күлкі, жасым.
* * *
Дəреже ме, орта ма жан ержеткен,
үлкен-кіші тұғыр ма əрең жеткен –
өзгертеді əйтеуір адамды ылғи,
өзгереді бəрі де əлемде өктем.
Сала ма əлде қыш орта қалыбына,
сұсты мұхит-тірліктің ағыны ма –
құбылады адамзат, дүниеге
болатындай бүгінгі тағы – мұра.
Орны өзгерсе, өзгеріп мұң, несібе,
көршісі де, сөзі де, мүддесі де,
қимылы да, досы да, қылығы да
басқа. Алмайды бұрынғы күнді есіне.
Бірақ бір күн шектеліп өрлегені,
құбылады кешегі төр мен өңі.
Уақыт-құйын ойқастап, жер бетінде
тақсырлар да, тақтар да өзгереді.
Жүрген кеше жерде – өзі, жанары Айда
адам сонда, таусылып амал-айла,
су мүжіген ескектей қайық қирап,
сұсты толқын лақтырған жаға-жайға.
* * *
Жанымның қозғалысы, ағыстары –
өзіңе бұрыннан да таныс бəрі,
өзіме бағынбайды тасқын судай,
кеудемнен əн ұшқалы.
Қаламын кейде өзімді басқара алмай,
мен – айдын, мынау дүние тас қамалдай,
қиратып, кері жасар
өз бойымнан
күш сезем жасқанардай.
Сандырақ не қиялым емес мұным,
ойымнан шығарғам жоқ мен ешбірін,
сезімім, сезінуім, мəнім – осы,
мазмұным, демек – шыным.
Сен маған үйретесің: «Айтаққа ерме,
аңдап бас, құлашыңды байқап серме!»
Тек содан бір қорытынды шығармай жүр
мендегі найсап кеуде!
Қайткенде арыла алам бұл мəнімнен,
сіңді ме əлде сүтпен, құндағыммен?
Білмеймін, бұл құлықтан құтыла алсам,
жауым аз, мұңдарым кем.
Мінші көп (жоймайды ешкім, менше, мұны):
тіл безеп түзегісі келсе бірі,
біреуі тірідей-ақ жерлер сені,
жетсе де өз басының терсе міні.
Ал жақпас қылық-дертке жалғыз дауа –
дос қөңіл, ел сенімі.
* * *
Достарым, ортам, қоғамым,
оларсыз, семем, соламын.
Салқындық сеуіп, сырт берсе,
көңілімде – кірбің, жоқ əнім,
солардың қабақтарымен
налимын, тасып
-толамын.
Өшіретін мені бір үріп,
өсіретін мені күні ғып
құдіретті күш те мен үшін,
жебейтін жігер, жеңісім –
жанымда жүрген сол жандар.
Жолымда талай орлар бар,
асуын бермес жондар бар,
жанымда теңдей тоңдар бар –
қиналғанымда қолдаңдар,
сəулелеріңмен қорғаңдар!
Шынары солса, жерге сын;
құрағы солса, көлге сын,
асылын ардақ тұта алмай
аздырып алса елге сын.
Сендерсің жерім, елдесім,
жауласатын да сендерсің,
жыласатын да сендерсің,
жазалайтын да сендерсің,
азалайтын да сендерсің.
Мен үшін зауза, ақпан бар,
қара сулар бар, ақ қар бар.
Мүсіркемеңдер – сақтаңдар!
Итерсең – жығып тастаңдар,
Тұрғызсаң – қолды қақпаңдар.
Сендер деп жүрмін, əйтеуір,
аялаңдар не таптаңдар!
* * *
Құшқанда мені жиі айқара мұң,
жанарым жасқа толып, байқамадым:
жас іні, жайсаң аға жақсылығын
енді ойлап, дариядай шайқаламын.
Болғанмен жаным ізгі, бай талабым,
сарқылып бітпесе де айтар əнім,
бəрібір жарда жалғыз құрақ едім
о баста-ақ құлататын жайпап ағын.
Ешкім де ғұмырымды демес керім:
төзетін жерде төзбей, егескенім...
Жер басып жүрсем əлі құлап, тұрып –
ерлігім не еңбегім емес менің.
Кіргендей шеңгел жердің жаңқасы кіл
жүрсем де, тірлігімнің қалқасы – нұр,
өзіме сездірмей-ақ аялаған
ортаның, адамдардың арқасы бұл.
Япыр-ай, бастасам ба қайта бəрін?
Біреу-ақ бүгінгі уайым, айтар əнім:
осынау дариядай сезімдердің
қарымын қалай, немен қайтарамын?
Салар ем əрқайсыңа алтын мүсін,
жетпейді оған əзір даңқым, күшім.
Тек сендер қорғап қалған пəктігіме
бір қылау түсірмесе əр күнгі ісім.
Өмірдің сезінсем де таң, ызғарын,
қызуын жойған емес тамыз-жаным,
жаныма қалғу бермес жалғыз жарық –
сендердің алдыңдағы қарыздарым!
* * *
Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы,
өмір жайлы, дос жайлы жаз арайлы,
жақсы, жаман ойлар кеп оңашада
маған тыным бермейді, мазалайды.
Бірі тартып əлемге бұлты үрейлі,
бірі айтады: қайғы мен күлкі мейлі
алмасса да, əйтеуір тірлік артық –
деп, барлығы жанымды сілкілейді.
Басым қатып – қайсысы саналы ұғым,
(тартыс десе қарлығып қалады үнім)
отырамын дел-сал боп, əділ шешім
шығаруға жетіспей даналығым.
Біріне ерсем – тып-тынық жатар ғалам,
екіншіде – дүние қатал маған,
дəрменсізбін бір сəтте, енді бірде
найзағайдай жарқылдап, қаһарланам.
Не еткен болмыс: ертең – сау, бүгін – жерік,
күн кешпей ме қалыпты ғұмырға еріп?
Өзге түгілі, осынау болмысыма
отырамын өзім де жыным келіп.
Өзгермедім бұл күйден, «оңдалмадым»,
сездім жерде бұралаң жолдар барын.
Құздан құлап қалар ем, болмаса егер
періштедей менің дос-қорғандарым.
* * *
Жібімей жанның тоңдары,
ішінде жатсын бұлт тегі,
жарқылдап тұрсаң болғаны –
жақсы көреді жұрт сені.
Биязы, нəзік қалпыңмен
жайдары жүрсең нұрланып,
тоңдырған ылғи салқын дем –
жаныңнан шықпас бұл халық.
Төзімің жетсе сен егер,
көрінсең жақсы жағыңмен
досың боп бəрі келеді ел,
көздейтін дұшпандарың кем.
Болмағанменен ешкімнің
арына тиер сорлы ісім,
шаттығым сирек, кекшілмін,
құбылған толқын – болмысым.
Төзбесін көп дос – кемімен,
жолымнан жылжып шет қалсын,
жалғыз да болса, менімен
дауылды бірге бетке алсын.
Жатқандай үңгіп, мұң ішін,
жұғымсыз десін ел мені,
əлемім, ауа, тынысым –
Ай, Күндей достар мендегі.
* * *
Жанымды шырмап менің бұлыңғыр мұң
қайғыдан аласұрдым, сүріндім мың.
Еш пенде шыдамастай қылығыммен
сендерді қаншама рет түңілдірдім.
Азабын тартуменен күншіл күннің
шаттанар сəттерде де үнсіз күлдім.
Опасыздарға деген кек-ызамды
сендерге төгіп қанша күрсіндірдім...
Кейде, рас, қыңыр мінез, сыңаржақпын
(сонда да еркелеттің, бұлаңдаттың).
Сендерді ренжіттім біле тұра,
соныма қаншама рет жылап жаттым...
мен жұртқа ұнасам деп тырыспадым
(ойсызбен мүмкін емес ұғыспағым).
Шындықты көлгірсімей көзіне айттым,
сол үшін кезеді əркім қылыштарын.
Мен болсам, ызаландым барлығына,
жұрт маған қимай ма деп таңды мына.
Күрсінсем күлімдеді кейбіреулер,
тек сендер ортақ болдың зар-мұңыма.
Əйтеуір сендер мені тастамадың
(шынында арналса да басқаға əнім!).
Ешкімнен сескенбеймін.
Тек сендердің
осы бір ниеттеріңнен жасқанамын.
* * *
Жүрегімнің келеді жорамалы,
түсінгем жоқ өзім де оған əлі;
ал кетіскен достардың бəрі маған
түбінде бір қайтадан оралады.
Өкінішке оранып жүректері,
жан болмысы, сезімі тілеп мені,
үйіріне оралған жылқыдайын
жуас, ойлы, келеді жүдеп, тегі.
Сонау күні себеп қып бір өкпені,
достығымды, жанымды күл еткені,
ұйқым менен күлкімді тонап алып,
жүрегімді қопсытып мұң еккені;
есалаң боп, келе алмай шешімге де,
барды екен деп бұл жайға досым неге,
оны қимай күнəға, кесірге де,
айыптағам өзімді, басқаларды...
сарсаң күнім ұмыт па, есіңде ме?
Зарығудан түн болып барлық таңым,
быт-шыт қылған денемнің қалдықтарын
құрастырып, қайтадан адам бола
бастағаным...
Осыны бар ма ұққаның?
Арманды Ақансерідей құлап əнім,
«құс жастықты құшақтап жылағаным»,
тəй басқаным сүйретіп сүлдерімді.
Бүгін тағы балаша қуанарым –
талай күндер өтсе де не бір алаң,
келуі емес бас иіп кері маған –
кеше, бұрын достасқан жандарымның
болмағаны, əйтеуір, тегін адам!
* * *
Тегі, менің мойнымда мың қарыз бар,
соны ойласам, соққандай шыңнан ызғар,
менде құйттай жүрек пен тұлға мұздар.
Соларды өтей алам ба, ертең мені
не күтіп тұр? Алдымда тұр ма құздар?
Айтып қалғым келеді бүгін бəрін,
мың қарыз бар мойнымда, тыңдаңыздар.
Өртті демі секілді тамыздардың
жаны өртенген мен де бір аңыз жанмын.
Адамдық пен елдікті ту қып ұстап,
келісімге келмеуді уағыздадым,
ыңғайшылға төгілді бар ызғарым,
осы өлшеммен күн кешіп, өзім содан
таттым талай кермектеу арыз дəмін.
Сонда менің жанымның нағыз қамын
шерткендер бар. Еленбей жан ызғарым,
өз-өздері тартылып өрісіме,
сепкен солар жаныма бар ізгі əнін,
орбитама іліккен адамдардың
бəріне де сондықтан қарыздармын.
Мендейлерге оқ та жан-жақтан борар,
сонда ұмтылды қалқалап сақтауға олар.
От пен мұзы алмасқан болмысымның
ызғарына, өртіне қақталды олар.
Бір ғажабы, мен емес, солар түбі
адамзаттың бəріне мақтан болар!
* * *
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
Жетпегендей бір демі тылсым кеуде
тұншығады бейуақыт сендерді ойлап
оңаша күрсінгенде,
жарқын аға, жақсы дос, сыршыл жеңге,
шыныменен өкпелеп жүрсіңдер ме?
Жаюшы ем сырымды ұдай,
келмейсіңдер жарқылдап бұрынғыдай.
Сонау күнде ерке едім, ойламаушы ем
өздеріңсіз өтер деп ғұмыр бұлай.
Серпіп тастап көңілдің мұңын былай
мен де күлгім келеді бұрынғыдай.
Даңқы ма, атағы ма,
ағыл-тегіл байлық па – ата мұра,
мен туған датаны да
жатсын тойлап жапырлап жат ел мейлі –
түк рақат жаныма əкелмейді.
Мен сенбеймін лəззат татарыма,
қосылмасам сендердің қатарыңа!
Əлде бойын үйретсін дейсіңдер ме
мəңгі серік – жалғыздық сапарына?
Басып жатыр айқайға үнсіз кеуде.
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
* * *
Мұнарлы шыңдай сағым-мұң,
бермейді маған бір тыным,
жүрсем де мынау жанымның
бүтіндей алмай жыртығын.
Қандай күш өтер жердегі
достардың маған ең ізгі
сезімін сүйген, мендегі
ескермей жыныс не жүзді.
Ұйқымнан түнде тоналдым,
азапқа түстім бір керім:
өтермін қалай солардың
сезімін, кешірімдерін?
Табылмас мұндай еш халық,
жүрегі жомарт, жаны үлгі,
өзімнен бұрын еске алып
ойлайтын менің қамымды.
Жүремін қолдан түк келмей,
байлық жоқ, мал жоқ қорамда.
Осынша парыз жүктердей
өткіздім немді соларға?
Құлағым түріп жел-үнге
бос өткен күнім, айым көп.
Ендігі жерде менің де
жақсы болмасқа жайым жоқ!
* * *
Масаты жер құбылған жұмақ таңда
талай-талай салса да мұз, ақ қарға,
мені қателестірген, күрсіндірген
жылдарымды қимаймын ұзатқанда.
Жылдастардың қадірін, дос қадірін
білмей, сезбей өтіпті босқа күнім.
Естімеппін торғайдай шырылдаған
жанашырдың өзгеден оқшау үнін.
Талай мезгіл жүргенмен бағаланбай,
енді солар қымбат-ақ маған ардай;
қоласы да күміске айналыпты,
күмістерін алтын бу жалағандай.
Жауласудың, жаттықтың нақ себебі
болмаса да,
баурап ап басқа мені,
қол үзіппін көбінен. Көңілімнен
аққу ұшып, көзіме жас келеді.
Келте өмірім тұғырдан таяр əлі.
Достар екен жанымның сая бағы:
ескілері, жаңасы
өмірімнің
əр тұсында қаншалық аялады!
Алғы жылым, сен де сал сынақтарға,
мейлі алдымда құрылған тұзақ бар ма,
тек,
оларсыз жарылған Жерге ұсаймын –
достарыммен араға сызат салма!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу