Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  612


Автор: Фариза Оңғарсынова

Менің планетам

Адам болса сезім мен сенім іздер,
келіңіздер, бері қарай еніңіздер.
Менің байтақ əлемім – планетамды
көріңіздер аралап, келіңіздер!
Бөгет те жоқ, кілт те жоқ осы арада,
(кіру қиын кей жерде шошалаға!)
есік те жоқ, алдыңнан арпылдайтын
есік баққан ит те жоқ босағада.
Қабырға жоқ итерер кеудеңізден,
тас жол да жоқ – кетірер келген ізбен.
Жел кернеген желкенін қайықтар бар,
тасқын құшып, бұрқанған сеңде жүзген.
Тек жүрекпен көрген жөн бұл маңайды:
аспаны бар бірде бұлт, бірде арайлы.
Күні шықса, қызудан миың қайнап,
түнергенде – жалғанды мұң қамайды.
Бұлақ күліп шашады күміс теңге,
көк шалғыны жайлырақ пүліштен де;
жүген-құрық тимеген жылқылары,
жігіттері мəрт мінез, құрыш кеуде.
Халқым менің, қанатты Құлагерім,
жанашырым, жақыным, мұрагерім.
Терең бойлап түйсініп, сезінбесең
ішін бермес жұмбақтай жыр-əлемім!
* * *
Бұл жерде құмға көміп жел,
күйдірер бірде от қарып.
Жалғыздан жүріп көріңдер,
дабырламаңдар топталып.
Ене алмайсыңдар жанына,
дауылы беттен қарсы ұрмай,
тұншығып толқындарына,
жаңбырларына малшынбай.
Сəулет жоқ мұнда қаптаған
сыртынан тамашалайтын,
оты – өрт, желі – ақ боран,
бояу жоқ күлгін – бəрі айқын.
Шалқыған шаттық аз мүмкін,
тасқа да мұнда мұң сіңген.
Сергітпей сылқым наз күлкің,
от деммен тауы күрсінген.
Кереғарлықтар – бұл əлем,
заңдарың мұнда ғұмырсыз:
жас қайыңды аңсап мына емен,
егіліп іштей тұр үнсіз.
Бұл əлем мұңмен жұртты емдер,
дауа жоқ бірақ сенбесе.
Дырду мен күлкі күткендер
əуре болмасын ендеше!
* * *
Ауа райы бұл жердің құбылмалы:
күншуаққа көмілсең қырындағы,
тауларында құяды қара жаңбыр,
тұра алмайды дауылға ұрынғаны.
Жарқырайды мəңгі мұз шыңындағы!
Өткінші күй алайда мұның бəрі,
мизамшуақ туады түбінде əлі.
Өкінішті
жете алмай сол күндерге
біреулердің жолшыбай жығылғаны.
Əлде тұру, құлау ма ғұмыр мəні?
Ашық күнді күтумен жол қараймын,
жүрмейді оған күшің мен қолдағы айбын.
Бар болғаны – осынау əлемімді
байлығымдай, баламдай қорғалаймын,
тоғытқым кеп нұрына толған Айдың.
Жатсам-тұрсам тілеймін (күш саламын),
аққуларым көлінен ұшпағанын,
тума бұлақтарымның суалмауын,
қуармауын қаһарлы қыста бағым;
алай-дүлей дауылдар құлатпауын
ошағымның өмірлік үш тағанын.
Осы менің өлеңім, ұқсаң – арым.
Тамыр жаймас жасыл бақ шыбықты екпей,
ойлар жатыр кеудемде тұнып кектей,
көңіл-күйім – көгімдей, ашылмайды-ау,
«Баянауыл басынан бұлт кетпей».
* * *
Жыр – менің планетам:
бəрі осында жиғаным, тергенім де,
сезінгенім, сүйгенім, сенгенім бе,
мінезім бе, болмыс па, кермек үн бе –
бəрі осында, басқасы қалды құмда.
Міне, менің берерім бал ғұмырда,
жыр жаттаған қыздарға, барлық ұлға.
Менің барым, байлығым – осы, басқа
түгім де жоқ жасырған сандығымда.
Көңілімнің көк майса шалғынында
сақтау үшін жүгірдім, өбектедім.
Жатпаса да мені жұрт елеп керім,
ұранына ергем жоқ желөкпенің.
Қылмысым да осында, тұрмысым да,
тағдырым жоқ жырымнан бөлек менің.
Ақ көңілмен келгеннен аярым жоқ –
аралаңдар, алыңдар керектерін!
Өмір кештім қарыған ызғар, ағын,
көрген емес сайланып жүз жарағым.
Шөл далада шілдеде шөлден қатып,
қалтыратқан қаңтарда мұз жаладым.
... Өздеріңе тапсырдым, сақтаймысың,
таптаймысың шыңғыртып сызда жанын.
Ендігісі – сендердің қолдарыңда
тағдырындай ұзатқан қыз баланың.
* * *
Бар өмірде өз жолым, өз жарығым,
шемен болған шерлерді қозғады үнім.
Тілім барда жұқарма, тозба, жырым!
Жалғыз-ақ ой жегідей мені жейді,
кім бағалар, кім білер сөз қадірін?
Бар ма соны саралар, сағынар жан?
Сөз өнері дерт болып дарығаннан
толқындарға көп салды ағын-арман.
Бұл өнердің алаңдап ертеңіне
сəттерім аз ойлардан арыла алған.
Сөзден қиып, мүсіндеп арайлы əрі
салдым талай самала сарайларды,
қаңырамай ішінде қан айналды;
кіріп-шығып кез келген тырпылдауға
қаймығады – ол нəзік əрі айбарлы.
Сөз-сарайым қазақтың даласында
мейлі титтей төбе ме, дара шың ба,
берер, бермес ұрпақтар бағасын да,
ең бастысы – бабамнан, анашымнан
қалған мұраларымның бəрі осында!
Бəрі осында: өмірім, от ғасырым,
қимасыма, халқыма, досқа сырым,
топастарды түйрейтін оқша шыным.
Тілеп жатам түндерде көрмесем деп
алтынымның сынығын тот басуын.
* * *
Күн жұтады тірлікті, жер екшейді,
күңкілдеумен күні өткен ел өспейді.
Соны ойласам, күңкілдің құрбаны боп
өліп кеткен ойларым елестейді.
Ол ойлардың орнында – тыртық кілең,
сыздатқанда жасымды іркіп, күлем.
Тұла бойда сау-тамтық жоқ та шығар –
шұрқ тесік, секілді жыртық кілем.
Ой жетілер тамыры тереңдесе,
тереңдейді топырақ кемелдесе.
Сəбидейін бойыма біткен екен,
тууға оны тиіспін мен ендеше!
Мүмкін ойым арудай Ай мүсінді,
мүмкін зəрлі кесір ме қайғысы улы,
жабыққанның бəріне нұр беретін
мөлдірлік пе əлде бір жайлы, сырлы.
Ана іштегі болашақ баласының
тілейді ылғи жалғанмен жарасымын.
Дана болып туа ма, шала болып –
қорғайды ана өбектеп жан асылын.
Ойран салып есердің, естінің де,
ойларыма хақы жоқ тепсінуге.
Тірі тұрсам – жақсысы, жаманы ма –
шерткізбеймін ешкімге ешбірін де!
* * *
Қаншама жыл...
Кеудеме
жыр қанжары сұғылып,
дауылдарға, жауындарға ұрынып,
кейде өртенген адамдардай шығынып
келем əлі – жеткізбейді жыр елі,
жаным не еткен сірі еді!
Қансыраймын, таламын,
паналаймын жайма желін жағаның,
ұмыт болған ұйқы менен күлкіні
місе тұтпай жанарым,
дұшпан көріп қарадым;
төккен жасым, азабым –
сол қалпында жыр етемін, жазамын
сыйлау үшін бұл өмірдің зəрі, не
кермек дəмін татқандардың бəріне.
Кей адамның сөзінде де тұрлау жоқ,
өзінде де тұрлау жоқ,
жүрегі де түтіндейді жалынсыз,
жалынсыздар жан бере алмас құрбан боп,
көңілімді шырқататын бір жан жоқ,
көкірегімде мұңдар көп.
Соның бəрін сезіну мен сезулер
жүрегімді жандырған,
жалындауды əм дəрусіз жыр дертін
жалбарынып алғаным жоқ тағдырдан,
арылмай мұң-балдырдан,
үмітімді талдырғам.
Қамшылатып жанымды,
тамшылатып қанымды,
өртеп келе жатыр мені жыр-алау.
Азап – Жердің бар қайғысын қақпайлап,
жүрегіңе сыналау.
Ешбір сəби анасының кеудесін
мұнша қинап сормаған да шығар-ау...
* * *
Білмейсіңдер, мені əлі білмейсіңдер,
білмей тұрып бекерге күндейсіңдер.
Секілдімін біреуге күнгейсіз жер,
күнгей болсам, тістеніп тілдейсіңдер,
сұмдық ойлап сұрланып жүр дейсіңдер.
Еңсем түссе, мүсіркеп қорлайсыңдар,
озып кетсем, жолымды орлайсыңдар;
қатар жүрсем, ақылды торғайсыңдар.
Мəртебенің мінбесін меншіктесем,
қол қусырып, бас шұлғып сорлайсыңдар.
Өрекпімей сылдырға, жалаң жайға,
сөз бен сертті ар дейтін адам қайда?
Əлде бəрі сезім мен сенім таппай,
алаң-жалаң күн кешіп амалдай ма,
адамдықтың тіндерін тарамдай ма?
Көпке жағар жетіспей тіл мен ебім,
мүжіп келем ғұмырдың күн кемерін.
Мен өзім де білгішсіп жүргеніммен
білгенімнен көп екен білмегенім.
Мүмкін, біліксіздіктен тіл жебедім.
Мейлі, мені білмеңдер, бал ашыңдар.
кейде тіпті жағыңдар қара сырлар,
менің жұмбақ жанымды ұғына алмай,
түрлі саққа ой жебеп, таласыңдар!
Бірақ қиын күн туса бастарыңа,
осы неге мені іздеп табасыңдар?..
* * *
Мені білсем дегенің –
түрімде мұң,
кейпім сұсты, тек одан түңілмегін,
құздарымнан аса алсаң, Күн шығатын
планетамның жанына үңіл менің,
ұға алмайсың əйтпесе діріл, демін.
Бойыңды үйрет бұрқаған құм дауылға,
өзендері батырып тұнба мұңға,
көкжиегі бастайды алыстарға.
Көре білсең, көркем үн, сыр да мұнда,
аялайтын жылу бар құндағымда.
Жүрегіңе сіңір де оты, қанын,
көңіліңе таңбалап тоқы бəрін:
шұрқыраған құлынын, құралайын,
жыңғыл жапқан сайларын, шоқыларын,
анам иісі шығатын топырағын;
еркіндіктің жүгенсіз тағы күшін,
қасіретін даланың, бақ, ырысын;
«екі көзге мөлтілдеп жас келетін»
қоштасудың қайғысын, сағынышын
жүрегіңе сіңір сен жану үшін!
* * *
Қайшылықтар, кереғар пікірлерден,
өзімді-өзім сынаудан, үкімдерден,
жазалаудан, ақтаудан, жазғырудан
тұратұғын мəнімді түтіп жеумен
келем əлі, жаным – от, түтін – кеудем.
Бет қаратпас сұрапыл – сезімдерім,
еске салар көңілім теңіз желін,
жаным нəзік тəніндей жас баланың,
қара түнмен арбасып көзімде күн;
сана – мұзарт таулардай, ой-сəйгүлік,
найзағаймен шешімім егіз менің;
шарттылыққа жаны жат болмысыма
шағаладай шарқ ұрып ем іздедім.
Мұндай мəнге мəз болып семірер кім,
үгіп жеуде ішімді жегі-дертім.
Жан əлемнің тартысы – күндіздерім,
буынымды сыздатып кемірер түн.
Қарсы ағысқа ұрынбай, жүзсем етті
толқындардың бойымен емін-еркін.
Қайшылықтар қағысы түбі, əйтеуір,
ақиқатқа апарар мені мүмкін!
* * *
Еш нəрсеге, ешкімге алаңдамай
жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл əлемде
жол сілтеген кім саған маған қарай?
Сені итерген мен жаққа не күш кенет,
(ойлап қалдым зымиян келіс пе деп)
түсіңе аян берді ме əлде саған
ертегілер елінен періште кеп?
Мен жайлы айтқан кім екен: бұлақ па екен,
мұңымды айтып кейде оған жылап кетем,
сыбырлаған самал ма сайда жүр деп
жетім көңіл, жаны дерт бір ақ бөкен?
Түсті ме əлде Күн көзі жанарыңа,
жанарыңмен мен жаққа қарады ма?
Ұйықтап жатқан шағыңда саусағыммен
Айдың нұры шашыңды тарады ма?
Қалай таптың, білмедім. Ісім де жоқ.
Алаулады тұншыққан ішімдегі от.
Жанарыңнан қаймықтым, сосын сені
көретінді шығардым түсімде көп.
Талай жанмен – əрқайсысы жеке жарық –
жолықтырып мені өмір өтер ағып.
Бұл кездесу, білгенім, еркімізден
тыс күштердің бұйрығы екені анық.
* * *
Шығарып салдың мені:
аэропортта – ызы-шу, жан дүрмегі.
Қуаныш, мұң алмасып көңілімде,
жүрегімнің басталды бал күндері,
дəл сол күннен қиқуға салдың мені.
Жүрегім бұлқып керім,
құшақтаса береді кірпіктерім,
ерек бейнең тұрады сонда алдымда,
кеудемдегі дүбірді іркіп демім.
Күйім менің – күзгі гүл,
нұр – күткенім.
Ештеңе
жоқ өмірде:
атағың ба, даңқың ба, өнерің бе,
жұрт ығысар жасың ба, өрлігің бе –
тіршілік – тек сол көзде, сол ерінде!
Оралам ба, тағы да көремін бе?
Қарсы алды бəрі құшып,
жақсы көріп, аялап, сағынысып.
Жиырмадағы күйімді кешіп тұрмын,
өз-өзімнен сенделіп, жанып-ысып.
Қайта кеткім келіп тұр қазір ұшып.
Ешкімді, ештеңені
көрсетпедің. Жұрт менен сескенеді.
Жынұрғандай күйдемін. Не боп барам?
Қайда қалды, қайда əлгі «ес» дегені?


* * *
Мен тағы да ғашықпын! Мына құдай
жүрсін дей ме ғұмырда мұңы арылмай,
сезіну мен сезуден жосаланған
жүрегімді келеді сынап ұдай.
Күйіп-жанып, қуанып көрінгенге,
түсімнен де шошынып, өңімнен де
жануменен, сөнумен жанұшырып
өтіп жатыр əйтеуір өмір менде.
Ауру қылған арылсам ой-мұрадан,
тыныштығын тосардай тойлы ғалам,
періштедей пəк тірлік кешсем деп ем –
бей-жайлықты бұйыртпай қойды маған.
Жай отымен жаншылған өртең едім,
айналғандай өртеңге көркем егін.
Баяғыдай ғашық боп тұрмын бүгін.
Енді қайттім?
Тағы да өртенемін!
* * *
Жарқыра, Күн!
Мен бүгінде көктеммін, таң – тұрағым!
Бұл əлемде жабырқап жүргендерге
бір жақсылық етсем деп талпынамын.
Жүректе – сүйікті елес,
мəңгілік Күн – жанымда, биікте емес.
Бұл əлемде ең биік – Адам ғана,
мұңдануға ешкім де тиісті емес!
Жанымда – қуаныштар,
қуанышқа ілескен бұла күш бар;
көшіп келіп көңіліме көкжиектер,
жақындаған секілді бір алыстар.
Ұғынбадым,
ұғып жатар шамам жоқ мұның бəрін.
Сен арқылы əлемге шаттық шашып,
дүниенің сіңірдім нұрын, нəрін,
сен арқылы қуаныш құлындадым.
Қайдам, мұнда сенің не сырың барын.
* * *
Қасаңсып кеткен кезімде
қайрақ тастардай қашалған,
кездесіп сендік сезімге
көзіме балқып жас алғам!
Жас алғам – жаным жасарған,
көктемгі жердей қан жібіп.
Көрініп тұрды тасаңнан
сəулесі шалқар нəрлі үміт.
Қаңтарып тарпаң ғұмырды,
шаршадым ба əлде безуден,
өзімнің осалдығымды
қайта бір сонда сезінгем.
Жүйкемді тарап, жіктедім,
көңілімнен, сірə, шықпай ел.
Өзінің əлсіздіктерін
сезінуімен мықты əйел.
Өмірі жұмбақ, сөзі үлгі
айналғам мылқау мүсінге,
табындым саған
өзімді
сезіндіргенің үшін де!
Қашықтап кеткен Күн нұрын
қайтадан құйып жанарға...
Байқасам, Жердің тірлігін
қайталайды екен адам да!
* * *
Қоңыраулатып көктемдер келді маған:
айналғандай бақтарға желді далам.
Бұл күйімді кешті ме, кешірер ме
осы күнгі, бұрынғы, ендігі адам?!
Нұрланады сайда да, белде де арай,
Жерде мекен бар ма екен кең даладай?!
Қанат қылып жанымның қуанышын,
ұшып келем аяғым жер жанамай.
Анау – аспан, анау – Күн күлімдеген,
көңілім – құс, көзде – нұр, діріл – денем.
Əн шырқағым келеді бар ғаламға
шаттығымды сездірер үнімменен.
Жүрегімде бір нəзік шуағым бар,
шуағым бар жоя алмас су-ағындар.
Ей, тауларым, кең далам, серпіліңдер,
менің қуанышыма қуаныңдар!
* * *
Мен қайықпын теңізде шыр айналған,
күйім – қоян бүретін құмай-жалған.
Теңіздердің тұнығын кешсем деп ем
жағадағы жиіркеніп лайлардан,
лай көрсе, мендегі жылайды арман.
Теңіз – дүлей, тап берсе дауыл – дұшпан,
күйім – қалқан соғылған ауыр қыштан.
Жер де – теңіз, көк – теңіз, жапа-жалғыз
ағыстардың шудалы жалын құшқам,
естілгендей болды бір сағынышты əн.
Жеттің сонда. Жеттің сен қалай маған?!
Күйім – қаңбақ дауылды қар айдаған.
Жамбастаған қайығым жөн түзеді
желкен керіп. Күн шықты арайлаған,
дауыл емес, сұлулық бар айналам!
Ақ желкені өзің боп тағдырымның,
сіміремін теңіздің таңғы нұрын.
Ақ желкенді қайығым – алтын қойма,
ұмытылды бұрынғы жарлы күнім,
байлық кешіп өткендей бар ғұмырым.
Жүрегіңде – от сезім, тұлғаңда – айбын,
жанарыңнан сарқылмас нұрды аңдаймын.
Жел айдаған тұмандай барады ұшып
мені мəңгі қамаған мұңдар – қайғым.
Келбетімнен Күн шығып кең əлемде
«кемесіндей дарияның бұлғаңдаймын!»
* * *
Кейбіреулер мені айтып етеді үлгі,
мен күрсінем қысқартып жеке күнді.
Ертеңіме асығам, есіме алып
бұл жалғанда сенің бар екеніңді.
Өзімшіл ем не деген, мен-мен едім,
сөйте тұра қамығам, сенделемін:
байлық емес, мансап пен атақ емес,
махаббатың өзіңнің – ең керегім.
Онсыз шуақ күндер де қараң маған,
онсыз күн жоқ өмірде, адамда – мəн.
Даңқ, құрмет – дода-алаң, одан сенің
сезіміңді сауыт қып аман қалам.
Мен əйтпесе тұяққа жаншыламын,
тартыстарда сыналды тал-шыдамым.
Сенің маған құлаған сезіміңмен
құрыш қанат кішкене қаршығамын.
Махаббатың! Тірегім сол бүгінгі,
асқақтаймын, сылимын сорлы мұңды,
сезіміңе оранған сəттеріме
қуана айырбастаймын он ғұмырды.
Өзің тұрған əлемдік үйлесім ең,
сонда ешкім кешпеген күй кешірем.
Кетіп барам өмірдің көшін бастап
Қыз Жібектің қоңыраулы күймесімен!
* * *
Аралап жүр көктем кеп бар алапты,
рақатқа маужырап дала жатты.
Жаңбыр құйып, біздерді жалғыз түйір
қолшатырдың астына паналатты.
Паналатты айтпаған тілек бізді,
бір керемет ұғысу жүректе ізгі,
қалай жақындасудың қыбын таппай
тұрған екеумізді де дір еткізді.
Бозарады шаюдан тозған аспан.
Уақыттан тыс келеміз, сөз жарасқан,
сөзбен емес, қос жүрек түсінісіп
əр қимылдан, қабақтан, көзқарастан.
Мені өртеуде оты мол нұр қарасың,
тайғанақтап көз салам ұрлана, шын.
Қандай жарға соқтырар бұл күйіміз,
немен, қалай жалғасар бұл жарасым?..
Мұң теңіздің мұздарын талақ еттім,
мəңгі ұмтылған жағаға жаңа жеттім.
Менің тəкаппарлығым, өрлігімді
қоштасқанда өзіңмен ала кеттің!
* * *
Сен маған тамыр жайдың,
(мен жүргенмін көзімнен арылмай мұң),
содан бері туғандай жанымда Ай, Күн:
бей-жай тірлік тағы да былай қалып,
аласұрып сағынам, жалындаймын.
Жалғыз кешіп, дауыл мен жел екпінін,
жаным жаурап тоздырған желек-гүлін,
көппен жүріп күрсінгем
сезінгеннен
мені сезер бір жанның керектігін,
шуағыңды шаш енді, ерек Күнім!
Талай түстім торына тұзақ қылдың,
бірде күлдім жындыдай, жылап бір күн.
Арасында адастым құрақ-нудың,
өмір-сеңмен алыстым, құлап-тұрдым.
Дымы кеуіп, шөл жеген қара жер ем,
тамыр жайдың – тірілтіп, гүл аттырдың!
Қайғысымен күңіреніп жыр-жүрегім,
кейде ызамен шашатын мұңды лебін,
(жан дертімнің бір адам білді ме емін?)
Тағдырымның түнек-түн патшалығын
найзағай боп келдің де тілгіледің!
* * *
Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
əлде өзімді сол сəтте ұмыттым ба –
өзің болдың əйтеуір бұл күнгі əнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым –
əлде аймалауыңа құнықтым ба.
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде...
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе əлде, білмеймін, кеште ме еді –
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пəк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі...
Іңкəрліктен, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сəттерден тұра ма əлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сəтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың...
* * *
Мына Жердің күшін-ай!
Əулие екен Ньютон дегендерің.
Тартылыстар талқысын жеңем дедім,
жердегінің бəрінен жырақ кетіп,
отауына аспанның енем дедім.
Енем дедім биіктік əлеміне.
Құпиялар сырына жетем дедім,
кезем дедім жан, жүрек мекендерін.
Өз жанымның сырларын аша алмасам,
ғұмырым да жердегі бекер менің!
Кешкім келген тұп-тұнық нұрды кілең,
мөлдірлік деп мен жалғыз Күнді білем.
Шарттылықтар заңымен сыйыса алмай,
қағидалар қамалын сындырып ем,
бірақ мені бəрібір Жер өзінің
арқандады ғашықтық шылбырымен.
Қасиеттер қалмаған сиынғандай
жерде өмір сүру де қиын қандай!
Рақатқа бату да мүмкін емес,
күн жайлаған межелі қиырды алмай.
Өтсем деп ем сананың саясында
жақсы көрмей, жек көрмей, күйіп-жанбай.
Шарасыздан шаршаған дертті жаным,
тоздыруға шақ жүрмін кек қынабын.
Жерде ғұмыр кешуің қиын кейде
көріп тұрып арсыз бен епті барын.
Бірақ тағы ғашық боп тұрмын бүгін –
жердің балдай азабын шекті жаным,
көтеріле беріп ем, мен бəрібір
қара жерге қайтадан кеп құладым!
* * *
Шаттанып тасыдым-ай бір
тұрғандай жарап тарланым;
иненің жасуындай бір
сəуледен қанаттанғаным.
Өмірдің шатқал жарынан
жүргенде борап қарларым,
ойласам – тапқандарымнан
көп екен жоғалтқандарым.
Ұмтылам бұлақтарыма,
сенімнің жебеді демі!
Құйғандай қуат жаныма,
сол сəуле келеді мені
жетелеп өмір төріне
жайқалған байтақ ормандай.
Жабырқау көңіл-көгіме
аққу-қаз қайта қонғандай.
Сөгер де тіл безеп бəрі
жанармен қарап ызғардай,
ғашық боп жүр ме деп тағы
селтеңдеп бала қыздардай.
Сəуледей бұл сенім ізгі
ғұмырды жалғаса не етем?!
Тек осы нəр сезімімді
жоғалтып алмасам екен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу