Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  118


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сабақ

Сыйлағанмен жаманды
сыйласың болып жарытпас.
Жас жуғанда жанарды,
қимасың да қамықпас.
Безінгенмен жақыннан,
бүйрек бұрар, суынбас.
Тегі жаман жатыннан
асыл ұрпақ туылмас.
Тырнағымен мұзды үгіп,
сусын еткен жарымас.
Үйреткенмен үздігіп,
мисызға ақыл дарымас.
Ақымақ жан – асқа құл,
санасызбен сабақтас.
Сөзге құлақ асқан ұл
түбі жерге қаратпас.
Май берсе де бал қатып,
олақ үйдің асы оңбас.
Күй тартқанмен сарнатып
тас кеудені аша алмас.
Ем іздесең көңілге,
талқан болма – талап қыл.
Мұның бəрі өмірде
бастан кешкен сабақ-дүр.
* * *
Жыр оқы деп қолқалап қоймадыңдар,
жарқылдауға шамам жоқ, бойда мұң бар.
Мені құрмет тұтқаның үнімді емес,
жырларымды оқы да, ойларымды ал,
ойларымды ал, сонан соң ойланыңдар.
Жырыңды оқы жарқылдап, төгіл деме,
қылығымды алмаңдар көңілге де.
Жыр оқу да – бір дарын, көрген емен
артист болып түсімде, өңімде де,
өмір атты сахна төрінде де.
Əжептəуір шыққанмен ақын атым,
күлдіретін, сілесін қатыратын
жыр жазбаппын мінбеге лайықтап,
жұртты бір сəт шаттыққа батыратын
(жоқ-ау ақынмын деуге, зады, хақым!).
Ұғар ешкім болмаса – кісі жетім,
досы бардың ұялар ішіне Күн.
Менің күнім – сендерсің, тымсырайып
отырсам да ұғатын, түсінетін,
аялайтын, алдымда кішіретін.
Қызықпаймын дақпырттың даң-дұңына,
мақтаулардың, мансаптың барлығына.
Теріс қарап төсекте оқитындар
сезіп, ұғып бойлайды зар, мұңыма,
шомылады, шуақты таң нұрына.
Солар – менің жазылған тағдырыма!
* * *
Көсемдікке тапшымыз, кеңдікке де,
адамдыққа, мəртікке, елдікке де,
сөйте тұра дүниені тындырғандай
баса алмаймыз аяқты кергіп неге?
Басымызға ой кірмей, кірмей міндет,
көлігімен мансаптың күндей жүрдек
зуылдаймыз, бас шайқап шытынамыз:
«Абайды ақын деседі... білмеймін», – деп.
Өрісінің көрсетіп кем-тарлығын,
жыр тағдырын шешеміз, ел тағдырын.
Жарымжан күй қалады-ау, енді қанша
сылығанмен жүректің шел-қалбырын.
Таланттарды «құлқы жоқ жағымды», – деп,
жол бойынан тастаймыз бəрін күреп.
Жер шарында, қарасаң, осы лаңнан
кетті өртеніп қаншама дарын жүрек...
Адамзатты жарық Күн қарсы алғалы,
ақиқаттың сөнбеді қанша арманы.
Топастардан тұтанар қиянаттың
ойлыларға түседі бар салмағы.
Заманында залым да, қу да – сері,
шындықты айтсаң, жейтіндей тура сені,
Əлде бəрі заңды ма?
Мүмкін онсыз
ұлылар да дүниеде тумас еді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу