Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  347


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өнер дерті

«Не жетпейді саған?» – деп,
«Неге көңілің алаң?» – деп,
таңданады басқалар.
«Атағың бар, ақша бар,
жаныңды ұғар жас та бар,
аялаған халқың бар,
азды-көпті даңқың бар...» –
дегендерін талайдың
естіп, қайғы жамаймын,
жаным ашып қараймын.
Елін сүймегендерден,
жерін сүймегендерден,
өзін туған халқының
жанын ұқпағандардан,
қанын ұқпағандардан
əндей терең мұңымды,
сүтін емген тілімді
сезіп білмегендерден
жаным жылап, сенделгем.
Көтергенмен мені өрге,
ойларыма ерем де,
жүре алмаймын желпіне,
жібермейді еркіме,
дауа жоқ бұл дертіме.
ІІ
Алтын сарай үйім бар,
жұрт қызығар күйім бар.
Бала деген – бір мұра,
шеттерінен сұңғыла,
талғамы Айдан жоғары,
өкіндірген жоқ əлі.
Кейбіреуге үй қайғы,
кейбіреуге сый қайғы,
соның бəрі бар менде,
кəрі мен жас сыйлайды,
абырой ма – ол кəміл
бір түйеге сыймайды.
Тақыршақты шөлдегі
көк тіреген өңмені,
рас, шынардаймын мен,
қарыным тоқ, қайғым кем,
алшаңдаудың орнына,
ұқсап бейбақ сорлыға
өз
-өзімнен жүнжимін,
таңдайыма құм құйдым.
Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамды ойлап, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,
күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,
өнер дертін білмес ем!
* * *
Сен мені түсінсеңші.
Түсінер деп жыр-маржан төгіледі
(төгілсе жыр сол ғана көңіл емі).
Қошқар мүйіз əжемнің теруіндей
сөз тізбегі кеудемде өріледі.
Өзің жоқсың жанымда.
Теңіз-көңіл қалайша толқымасын
(есің шығып сүймесең, ол күнə, шын).
Мəңгі кетер өзіммен мұң-қайғымды
сен де түсінбеген боп, тор құрасың.
Елестетші: жалғыз жан... жым-жырт бөлме...
Шыдам таппай он кіріп, он шығасың.
Айыпты өзің. Осылай құлазытып,
сонсын қайта көңілді толтырасың.
Менің көңіл-көгімнің жайлауысың,
сұраса жұрт, тек саған жол сұрасын.
Басқа ештеңе білмеймін. Есалаңмын.
(Азабы ғой бұл маған жасағанның).
өзің айтшы, айтшы өзің, сыбырлашы –
өрт сезімді қалай мен баса алармын?
Жеткізсінші жырларым саған, жаным,
сен екенін тек жалғыз алаңдарым.
Мені еш нəрсе өмірде таң қылмайды:
даңқ, мансап, кей «мықты» адамдарың.
Білесің ғой, өзіңсіз мұңды жаным.
Үнім шықпай мен іштей шыңғырамын:
«Түсінсеңші сен мені бар қалпыммен,
сарқылмашы мəңгілік, мың бұлағым!»
Саған деген сезімім теңіз сынды:
еш адамға көрінбес төңірегі,
толқындарға батады, көміледі.
Сен осылай құртасың, қуантасың,
тек моншақтар жыр болып өріледі.
* * *
Көңілімнен кетіп көп арман,
көзімде тұнып мұңдарым,
сəулелер быт-шыт жоғалған
құштырып маған құндағын.
Қызғалдақ гүлдер дөң басқан
қызығы тоқтап қалғандай.
Түссе де кенет Жерге Аспан
қарайтындаймын таңданбай.
Сезім – тұл. Күш жоқ кернеген,
өртенуге де аз шамам.
Ғашық боп жүргендерге мен
немкетті жүзбен көз салам.
Кездестің, менде жан қалғып
жүргенде, бұлттан Күн шықпай,
бей-жайлығымды талқан ғып,
шыр айналдырдың ұршықтай.
Өртеді-ау мені тəтті ернің,
жолықтың, жаным, кеш неғып...
Күрсіндім осы сəттердің
өткіншілігін еске алып.
* * *
Қаласам, жасаймын да жайдан құрық,
дүниені тас-талқан майдан қылып,
өршеленіп бұрқанған өзендердей
ағынымен жататын сайларға ұрып
(білмейсің ғой – жанымның түкпірінде
атылғалы жатқанын қайнар бұғып),
құлай сүйіп көрмеген жүрегіңді
алқындырып, көңіліңе қайғы алдырып,
келтірместен мұршаңды ойлантуға,
отыруға пайымдап, жайларды ұғып,
құздан құлап көрмеген өр басыңды
көкке сүйреп, сонан соң Айдан жығып,
шеңберлермен шектеліп жалтаңдаған
жасқаншақтық – барлығын қайран қылып –
алам сенің басыңды айналдырып!
Керек емес мекерлік, айла маған:
сүйем сені, сескенбей айналадан.
Менсіз сезбей, ұға алмай қаласың сен –
қайда жүрсің, тұрғаның қандай алаң.
Біреулер бар сескеніп аяқ басса,
біреу көріп тұрма деп тайғанаған.
Біреу үшін рахат, жұмақ өмір –
біреу үшін қантөгіс майдан алаң:
мазаланып көрмеген жандар ғана
жасқаншақтап жүреді айдаладан.
Жалтақтамай солардың барлығына,
тірлігіңді бір өзім жайлап алам.
Ақ сезімді алдыңа селдетемін –
тек сен шыдар ма екенсің... қайдам... оған.
* * *
Сен келмегенде
жанталасам сезімнің тасқыны ұрып
жанарға жас тығылып,
қоятұғын өзімді жер таба алмай,
жалғыздықтан жиналған шер таралмай,
отырамын ішімде қасқыр ұлып.
Арпалысам өзіммен
бəрін тұл ғып кететін жақ таба алмай,
думанды баққа бармай –
тарылғандай дүние аласұрам,
сосын, сосын таусылып шама, шыдам,
жер боламын біреулер таптағандай.
Саған аян бұл күйім,
бұрқанысым,
өзендердей өзгертер күрт ағысын.
Саған қарай қол созам, арман-əнім,
талықсимын, қайтадан жанданамын
тағы бір шырқау үшін.
* * *
Менің тұнық сезімім
өзіңді сағынғанда,
соққандай ағын жарға
қара жердің бетінде сенделтеді,
сонда мені дəру жоқ емдер тегі.
Желімделген жаныма
құтылсам бұл аңсаудан,
адамдай қыран сауған,
атан сойып бір тойды жасар едім!
Бірақ жүрек табады қашан емін?
өзіңе ғашықтығым
ешкімге ұқсамайды.
Қариды мұз самайды.
О жасаған! Сүйе алар жүрек беріп,
неге маған сүюді мұң еткенің,
дəл осындай қасірет тілеп пе едім?..
* * *
Тынбайды жүрек алқынып
келгендей маған жалқы жұт.
Қай жаққа барып жай табам,
назымды кімге айта алам?
Шағала көңіл шарқ ұрып,
іздейді сені қайтадан.
Найзағай-ашу ноқталап
булығып жаттым мен бес күн,
қажеті жоқтай енді ешкім,
жанары – тылсым, от қабақ
жасынмен жалғыз белдестім.
Айналып түссін аспаным –
көрмеймін енді деп сені,
көзімді аштырмай кек селі,
тулайды тəнде жас қаным,
жалынды жалғыз кешкелі.
Көміліп жаттым жас, мұңға,
сезбеймін – түс пе, кеш пе еді,
самал боп үміт еспеді,
қайықтай жойқын тасқында
быт-шыт боп қалған ескегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу