Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  360


Автор: Фариза Оңғарсынова

Баба әже

Өмірден лəззат таба алмай,
өттің бе зарлап, жан ана?
Аңқасы кепкен адамдай
шөлдедің бе екен балаға?
Біреудің сəби-балғынын
сүйердей жаның шырылдап,
аналық бақыт таң нұрын
тоспады ма əлде ғұмыр-бақ?
Немерең бе еді бал дəмді
аңыз боп қалған Айша қыз?
Далада бүгін жандарды
адастырып жүр қайсы аңыз.
Өткізіп қызбен дара кеш,
шығыпсың бірге жолға да.
Өзіңнен туған бала емес –
ұғарым жалғыз сол ғана.
Құтқару үшін қыз жанын
өзіңді тостың ажалға.
Бір ысып, бірде мұздадым
қадалып мылқау мазарға.
Қайтер ем өзім? Əй, қайдам...
жетпес-ті, бəлкім, жігерім.
«Баба əже!» – деген айқайдан
тітіркеп кетті жүрегім...
Əуезі – əн, жаны – раушан, күй – жүрегі,
шел басқан сезімді де идіреді.
Асқардай алпыс жігіт ынтығатын
қазақтың бүгінгі Айша бибілері!
Жаныңды сонадайдан ұғып, танып,
ойыңды аузыңды ашпай біліп қалып,
біле алмай қызығуға, қызғануға
əйел дал,
жатыр көрген жігіт талып!
Бір мерген əкетер ме жат мекенге,
əкетсе, бұл өңірден бақ кетер ме.
Бұл күнде даламызда көзден ұшқан
жаны пəк, жаудыраған ақбөкен бе?!
Тағдырдың Күні күліп, қонсын бағы,
оны да күтеді өмір жол, шыңдары...
Тірліктің сындары мол қыз балаға –
лүпілін жоғалтпағай өршіл жаны...
Бүгінгі қыз-бозбала түлектері –
даланың алтын қазық тірек, демі.
Табылса Көрпештер мен Төлегендер,
бар екен əлі Баян, Жібектері!
Халқымды ұқпай жүрсем жайда дəйім,
қараймын ұл-қызына айнадайын.
Қастерлі қасиетін жоғалтпаған
осынау байтақ елден айналайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу