Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  198


Автор: Фариза Оңғарсынова

Үміт

Бір сəуле бар дүниеде үміт деген,
мен де соған талпынып жүріп келем.
Жазатайым көз жазып қалғанымда
жүрегімді түн жайлап, күдіктенем,
күдік деген – шығармас құдық терең.
Жете алмай-ақ келем мен соған əлі,
оны ұстайтын ешкімнің жоқ амалы.
Көлбеңдейді жарқ етіп біресе алдан,
бірде көзден ғайып боп жоғалады,
қаршығадай сыпырған томағаны.
Табиғаттың ғажабы-ай, бəрі өлшенген,
өлшеулермен шектеліп жанар сөнген.
Соның бəрін білсе де, өле-өлгенше
бір сəулеге жетем деп адам сенген,
арпалысып іштегі тажал-шермен.
Сенім менен үмітте – өмір мəні,
шайыла ма солармен көңіл зəрі.
Отырар ма адамдар жаулап алып
Үміт жанған отаудың төрін бəрі
(соны күтіп келемін өзім де əлі).
Үміт қуып, тоздырып құрыш қалпын,
жарқыраған жалғанда мұң ішті əркім.
Сол сəулені қуалап, құлап-тұрып,
ұмтылады туар деп бір ұстар күн.
Соның ұстатпауы да дұрыс, бəлкім.
* * *
Үндемей мазаны алғандарды да,
өсек-аяңды таңғандарды да,
сенен бір пайда табу үшін тек
мүлəйімсіген «тарландарды» да;
өкініш дерті жүдеткенді де,
жүректен шықпаған тілектерді де,
өртенбей, ессіз өліп-өшпей-ақ
сезімсіз, селқос құр өбкенді де;
жүрегің жылап, күлімдеуді де,
міз бақпай қарап үгілген гүлге,
ызасын іркіп денең мен жаның
шарасыздықтан дірілдеуді де;
қимас жаныңның сатқындығын да
(о содан қанша баттым жылымға!)
көргенмін бəрін жер бетіндегі
күміс қамшыдай ақ түн – ғұмырда!
* * *
Білмейсің бе, қарағым,
менің мінез-құлқымды?
Осы күймен қаламын,
бола берсін «бір түрлі».
Екі өлшеммен шектелем,
айыптасын көп пенде –
жақсы көрем, жек көрем,
орташалар жоқ менде.
Талабым сол баршаға,
кетем онсыз қол сілтеп:
кісі өлтіріп алса да,
шынын айтып келсін тек.
Басымды ойлап жүдемен,
өзгешелеу тұлғамды ұқ.
Досым үшін жіберем
ғұмырымды құрбан ғып.
Қиын-қыстау шақтағы
жеңбей өмір қыспағын,
ниетімді сатқаны –
мəңгілікке дұшпаным.
Мені емдейтін дəрі кем,
қыңыр дей бер сен мейлің.
Жалғандықтың бəрімен
келісімге келмеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу