Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  1427


Автор: Фариза Оңғарсынова

Арал

Ей табиғат – құпия, арман-ғалам!
Құпияңа сан ғасыр таңданды адам,
шағалалы шалқары жанды арбаған,
тартқан талай балығын тарлан бабам,
жағалауын тербеткен самал майда,
аппақ айдын баяғы Арал қайда?!
Арал қайда?
Тағдыры
жұтпа сордың
жылымына шым батқан адамдай ма?
Не еткен жаза?
Не үшін зауал мұндай?
Зауал келсе, астамдық ауар құмдай.
Арал-айдын тартылып бара жатыр
енді егіздей теңізден далам жұрдай,
маңайын да барады жалмап жұтып,
кетпейтіндей тірлікті қараң қылмай.
Тасқын қайда
жататын жасқанып маң,
жал толқынның түрінен тас жабыққан?
Жағалауда ызы-шу қиқу өмір,
жылжи алмай қайықтар жас балықтан...
Балықшылар өр тұлға, бейне судың
астындағы келгендей патшалықтан...
Көн тулақ боп құрысып Арал бүгін,
мəңгілікке жұмардай жанар-нұрын:
тойымсыз жер қылғытып жұтып жатыр
нəр-теңіздің тірлігін, адам жырын.
Ажал жетті Аралға.
Елер емес көздегі жасты да онша,
тағдыр-қашау құм қылар тасты жонса.
Шындық іздеу – күлкілі,
əділетке
табиғаттың өзі де тапшы болса.
2
Табиғатқа не дерсің – о бір батыр:
тағдырыңның нүктесі қолында тұр.
Адуынды Аралды құм шағылдар
қалың қолдай қоршап ап сорып жатыр.
Сорып жатыр бар қадір, қасиетін –
жеткізді оны табиғат со күнге ақыр.
Арал шіркін жарқырап жатыр əлі,
тек... суының қалмаған заты, мəні;
балық салсаң, – о сұмдық, сайраны еді-ау, –
қимылдауға келтірмей қатырады.
Жаны бардың бəрін де Арал суы
тіл тартқызбай түбіне батырады.
Зəремді алды бір ой кеп маған кенет:
уақыт деген жалғыз көз адамды егеп,
сорып алса бар мəнін, қалар кеуек,
сонда адам да ұқсайды Аралға бек.
Қалтырадым – адалдық, мейрімнен
мен де бір күн жұрдай боп қалам ба деп.
Көзден ұшып баяғы самал, бақ та,
ақ бөкендер қаталап қарар қаққа,
қамыс сиреп, қабандар қаза тапты,
құсқа да енді қоныс жоқ Арал жақта.
Ақылы сорына айналған ғасырда
тек
бұл қасірет келмегей адамзатқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу