Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  144


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бәрібектің екі өсиеті

Ақыл айту дегенді жек көремін,
осы заңнан о бастан шеттеп едім.
Жасыңдағы тентектік, қателігің –
кештім бəрін, зекіріп тек демедім.
Жеттің енді, балашым, жігіттікке,
əкелмейді еркелік қылық түк те.
Тыңда – айтайын өмірден түйгенімді:
жақыннан да, жаттан да үміт күтпе!
Түк болмайды талантың, жалғыз санаң,
онда таяқ ойнатар əр күшті адам,
(өмір бойы мен көрген қорлықтарды
қайталасаң енді сен – қарғыс маған).
Құлағанға қол беріп, жанұшырма,
пайдасызды аттап өт əрі ысыр да.
Қайғысына біреудің ортақтаспа,
өмір мəні – байлық пен табысыңда.
Əділдіксіз шыңғырсын не бір пенде,
көрмеген бол. Ешкімге тегін сенбе!
Түйсігі жоқ мал болсын, пасық болсын –
жақ əйтеуір қайтсең де шені үлкенге.
Құрт алдымен – жаймай-ақ жұртқа сырды –
билігі жоқ, ойы артық тұстасыңды.
Дəл осылай дархан күй, дəурен кешсең,
жан болмайды өзіңді тұтпас үлгі.
ІІ
Біреулер жүр жанарын жасқа көміп,
белбеуі жоқ белінде, баста бөрік.
Көретіні – көлеңке бұл жалғаннан,
көрмейді олар Айды да ақша көрік.
Ой деп, ел деп біреулер сандалады,
жатқандай-ақ жау шауып сары даланы.
Жамандардың əдеті – ұрмай-соқпай
іштей тынып жүретін сарнап əрі.
Түк келмейді жəне де қолдарынан,
ебін тапсаң, өмір де жорға құнан:
өтпеймін бе тайпалтып өткел тауып,
омақаса қарғымай ор-жарынан?!
Байғұстардың қабағы бір ашылмай,
солар ғана жердегі шын асылдай.
Тек өздері айыпты – олар жүрсе
рақаттың көлінде құлаш ұрмай.
Шерткен болып ел қамын, халық қамын,
жүрген жері – қасірет, зарыққан үн.
Ой түбіне жетем деп үңілгенше,
жүрмей ме екен тып-тыныш тауып нанын?
Не жетпейді жүрердей шерден жасып,
күн кешпей ме жалғанды белден басып?!
Бір-ақ келер ғұмырда бермесін де
тартып алып жүрмей ме шеңгелді ашып?!
Жар қадірін білмейді ер, қатыны өлмей,
жалған көшін бұрмайды сəті келмей.
Жарылқамай өзін де, өзгені де
байғұстар-ай өтеді-ау ақыл енбей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу