Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  189


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шыдам

Бұл адамдар шыдап жүр қалай маған?
Сырбаздықты əдетте қалайды адам.
Шындықты айтар шыдамсыз болмысымнан,
зардап шегіп жүргендей бар айналам.
Өткіншінің бəріне қарсы жаным,
сезе қалсам, сарқылып бар шыдамым,
адамсыған ақылгөй орталардың
есіктерін сыртынан тарс ұрамын.
Содан мүмкін болмай жүр жолым менің;
содан мүмкін жарқылдап көрінбедім.
Жалғандықпен жарасым таппағанда,
жатады ылғи бұлт құшып көгімде Күн.
Жалтақтармен əйтеуір көп егесім,
көп егестің білемін жебемесін.
Төзіп бағам,
бəрібір шыншылдығым
талқандайды шыдамның керегесін.
Өмірге аяқ басқалы мұны білгем,
епсектілер жемімді бұрын ілген.
Ақыл енбей сонда да,
арпалысып
келем əлі сойылға жығылумен.
Шындық іздеп шыққанмен айбарланып,
ақымақтай көрінер жайды аңдадық...
Маған төзген жандардың шыдамына
отырамын кейде өзім қайран қалып.
* * *
Кемімей күншілдерден мысқал жаным,
шарықтап шырқау көкке ұшқанда əнім –
жай түсіп, күңкіл кеуде қайнап қаны,
жылымшы тірліктерің жайрап тағы,
түнекке айналады-ау түс, таңдарың!
Кешсем де талай тылсым күй өткелін,
құлатпай, қолтығымнан сүйепті елім.
Бұған да сендер мені айыпты ғып,
қалай да қабырғамды қайыстырып,
мені бір сүріндіру – ниеттерің.
Өлеңім – бар болмысым осы менің,
жалғыз-ақ күш-қазығым, досым – елім.
Мың алғыс – өздеріңді ұмыттырмай,
жүрсіңдер торларыңды құрып, тынбай –
мен болсам, одан сайын көсілемін!
Əнімнің айбынынан жаны жасып,
көңілін күншілдіктің шаңы басып,
деп: «Неге тұрады ылғи талабы өрлеп?»
Ызадан тағы талып қалады-ау деп,
сендерге отыр менің жаным ашып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу