Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  151


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қыран туралы жыр

Тыңда, Қастек, Қаскелең, тыңда, далам!
Тыңда, жақпар жоталар шың қамаған!
Өзің қосқан бəйгеге бір жүйрігің
келді ортаңа сүрінбей сыннан аман!
Бəйге деген – от кешу, сынар жорық,
жанаярлар жүрмейді бұған көніп.
Баяғыда түлеген бір балапан
ұясына оралды қыран болып!
Қырандарға мəңгі жат күңкіл, егес,
бірақ аспан деген де кіл Күн емес.
Сұңқарларды баптаған бұл ортаға
басқа болып оралу мүмкін емес!
Пəк даланың тауы мен жоны да ардай,
қаны жатқа батырлық оғы бардай.
Бұл қастерлі мекенді басу – күнə,
ең алдымен Азамат болып алмай!
Ұл өсірген жанының оты жалын,
аялаған үкілеп тотыларын,
елдігіме нəр берген қасиетіңнен
айналайын, киелі топырағым!
Күн секілді шашатын нұрын сатпай,
құт мекеннің теңеуін тұрым таппай.
Мен өзім де бір аунап алсам ба екен
желісіне оралған құлыншақтай...
Құшағыңды аш, туған ел, шалғын далам –
аға болды ұрпаққа балғын балаң!
Елудегі ұланын бір сүюге
келеді, əне, топ жарып Жамбыл данам!
Ей, халайық, тұрыңдар!
Тағзым, бабам!
* * *
Жүрек, сенсің Отаным, қоғамым да,
мейлің күлдір, күрсіндір, ора мұңға –
мен бəрібір өзіңнен бөлінбеймін,
сенсіз менің əнім жоқ, жоқ арым да.
Сенсіз жоқпын ғұмырға бұл түріммен,
сенен бөлек тыншыман, кірпік ілмен.
Менің барлық жек көру, сүюлерім
басталады өзіңнің лүпіліңнен.
Құйттай дейді біреулер. Мұңсыздар-ай.
Сенің махаббатыңсыз, құнсыз маңай.
Жақсы көрген жандарым, байтақ елім –
соның бəрін сыйғызып тұрсың қалай?!
Лүпіліңсіз ойым тар, соқыр жаным,
жауын, желден жиналған тотым қалың.
Торғай ұя-кеудемнен аттамай-ақ
күллі əлеммен тілдесіп отырғаның.
Жүрген кезде жеткізбей құлын-бақыт,
қам жемеппін сен жайлы ғұмырда түк.
Қадір білмес үшін де, жау үшін де
сені от, суға салыппын шырылдатып.
Көрдің сұсты теңіздің мұзын да іреп,
нəр іздедің сорлардың тұзын күреп.
Қайтіп сақтасам екен түтіндерден
сені, қызыл жердегі қызыл жүрек?
* * *
Кетпейсің ұшып сен неге,
жүрегім – жалғыз құс-бағым?
Қамалап қойып кеудеме,
қанша жыл сені ұстадым.
Көңіліңді бекер сергітпе,
көкірегім менің мыс құбыр.
Керімсал дала – кеңдікке
кеудеңді керіп шықшы бір!
Сенемін сендік қуатқа,
басымнан өткен ғұмыр-ды ол:
жылағандарды жұбат та,
жабырқағанға жылу бол.
Жүректерінде арманды үн
(ғұмыр жоқ мəнсіз күлкіде),
ойлы да мұңды жандардың
кеуделеріне бір түне.
Ортақтас – бұған не жетсін –
қасіретті көңіл, ойына.
Ұмыта алмасын сені ешкім
сонан соң өмір бойына.
Шөлдегендерге нəр беріп,
дерттінің тапқын бір емін.
Қалса да мені шаң көміп,
жылуымды сен шаш, жүрегім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу