Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  467


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өзімді таныстыру

Түркістан – Ата жұртым, дала – жаным.
Даламды жұпыны деп қарамағын:
Иассауи, дедем Қорқыт, Арыстанбаб –
киелі жатыр мұнда бабаларым –
əрқайсы алтын діңгек дараларым.
Қансырап Далам талай қылыштардан,
сонда да сүрінбеген Шығыс-тарлан.
Дұшпанын ыққан малдай түріп айдап,
ұлдары Ер Түріктің ұрыс салған,
бар əлем тілсіз қалды ығысқаннан.
Ақ Баян, сұлу Жібек – ерек гүлім,
жүргендей сіңлілерін жебеп бүгін,
үйреткен өмірімен, өлімімен
жігітті қалай сүю керектігін.
Ана жұрт – Анадолым құндыз бағы,
қол жетпес еңлік гүлдей шың-құздағы.
Ер Түрік – шуақты аспан, Сіз бенен біз –
аспанның жерде жанған жұлдыздары,
Күн болар қатар жанса жұлдыз бəрі.
Қуансам Күншығыстай нұрлы жүзім,
қауым арғымақпен жыр қызығын.
Мекенім – Тұран дала, əз Түркістан,
түріктің батыр көңіл бір қызымын!
* * *
Бірімізден біріміз
құтылмаймыз қашсақ та қай далаға:
бізден басқа тірлік жоқ айналада!
Маған айтқан сөзіңді басқаға айтып,
өтірік аймалама!
Біз бəрібір о бастан
матаулымыз тағдырдың арқанымен,
бір-ақ сермеп қырқуға балта алып ем:
қансыратты, не пайда, үзілмеді –
сен менің жалқы əнім ең.
Мейлі біздер жүрейік
сыр ашқансып жаны жат басқаларға,
байқа, көзді оңаша жасқа малма,
түк түсінбес біреулер өр кеудеңді
əзірге жастанар да.
Білем, білем əзірше
бұрқан-тарқан болғандай селде теңіз,
біз осылай сенделіп сең кешеміз.
Шығынғанмен өртенген адамға ұқсап –
бəрібір кездесеміз!
* * *
Далада гүл жүдейді.
Есірік жел. Қараңғы түн де үрейлі.
Тентек бұлттар ойнақтап,
аспан төсін
семсермен тілгілейді.
Көк дүсірлеп, бұлқынған жаралы аңдай,
жаңбыр-жасы ызадан тама да алмай,
құрақ əлсіз сыңсиды, ардағынан
айырылған аналардай.
Жанарын жанға бұрмай
түнерді аспан, кірпігін таңға жұмбай.
Ашуланса, өш алар кемпірінен
қазақтың шалдарындай.
Таусылып түн шыдамы,
жанарында жасы тұр ыршығалы.
Жер,
шыңғырған жүректей жаңғырықсыз,
ызадан тұншығады.
Күн шықты жалқын қырдан
(Жер жайнады арылып салқын мұңнан!)
сенің махаббатыңдай
əлсіз мені
тірлікке талпындырған.
* * *
Тобылғы қайсар қырда өскен
жауын мен желге сүрленіп,
жерлерде көк пен құм көшкен
даланың нəрін тұрды еміп.
Қараша келсе жаңбырлы,
аспанның қабағы ашылмай,
тобылғы жұтар бар мұңды
жүректің қанды жасындай.
Қарамай жатық еңсеге,
тайғызбас жерден табанын,
ақырзамандар келсе де,
тобылғысы қалар даланың.
Өртеніп, күйіп, құм жанған,
шыдамай отты сынаққа.
Су менен желге шыңдалған
тобылғы жанбас бірақ та.
Жауындар сіңген тобылғы ем
серігі – жел мен кең дала,
тұтанбастай-ақ көрінгем,
өртедің мені сен ғана!
* * *
Білмей тұрмын не дерге:
тамырымда бір ағыс
асыр салып,
денемде
шапқылайды қуаныш.
Жаны көрмей даланы,
жалыққандай шеңберден,
жүрек кетіп барады
жұлқып шығып кеудемнен.
Бір жатады, бір тұрып –
кірпіктерімді аядым.
Өз-өздері бұлқынып,
билеп тұрды аяғым.
Мынау дала, мынау бақ,
жасыл шалғын жағалай.
Көк аспанда Күн аунап
жатыр аппақ баладай.
Жеті мүшем – соны ұғам –
жеті жақта жүр менің,
қайсысының соңынан
жүгірерге білмедім.
Басқара алмай денемді,
сезімменен арбасам.
Менде жай жоқ, мені енді
өзің жинап алмасаң!
* * *
Өмірдің соқпағымен шаң адасқан
екеуіміз қол ұстаспай, дара басқан
күндерге бой үйреніп,
көрмегелі
қанша жыл өткеніне қарамастан,
жүрегім саған қарай ала қашқан!
Ешқашан ұғынбайтын жат былайғы
бұл менде ащы жəне тəтті қайғы.
Кір жуып, кіндік кескен жеріме де
жүрегім дəл осылай шапқылайды –
іздейді балалықтай шақты жайлы.
Сен десе, естілгендей алыс бір əн,
бойымды дүбірлеткен ағысты ұғам.
Бұл күйді сөзбен айтпас намысты жан –
тек қана туған жерге деген менің
сарқылмас сезіміммен салыстырам.
* * *
Мен сонда жылап қалғам.
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Мұның бəрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан;
сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай
алып-ұшып жеткенде жырақтардан
кездеріңді алдымда құлап-талған;
өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын... түк болмағандай безергенің –
осыларға түсінбей мұң ақтарғам,
басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің мұншалық жалғандығы,
сен үшін бір сəт екен арман құны.
... Мен сонда жылап қалғам
өзіңді жек көргеннен жəне де ... ұнатқаннан.
* * *
Отырдың алдыңа алып – қымсынбадым.
Осы ма сүю деген тылсым, жалын?
Ұмыттым өзімді өзім. Соңғы кезде
сен менің есімді алып жүрсің, жаным.
Сен барсың. Басқа ештеңе керек емес:
тастадым жырды, мұңды – құрысын бəрін!
Апыр-ау, бұл не сезім ел кешпеген:
қалмады титтей сабыр, менде ес деген.
Жеттің-ау көп аңсатып... Келмес деп ем.
Саған ессіз бас идім. Белді буғам
еш адамға ешқашан сенбеске мен.
Біреулердің өткінші сезімінен
тұманданған көгілдір сағымды іргем,
содан мөлдір жаныма жалын кірген.
Сенде қандай күш барын біле алмадым.
Əйтеуір табындым мен.
* * *
Сағынған, аласұрған шақтарыңда
ешқашан батпа мұңға:
есіңе ал менің саған құштарлығым
басылмас өрт еді ғой ұқсаң, күнім...
өзіңмен мені əрқашан бір деп білгін,
ерме сен жалғызына жүрдек тілдің,
мұңың жайлы ешкімге ақтарылма.
Мен сенің сеніміңді таптадым ба –
неліктен?
Ойландың ба оңаша жатқаныңда?
өзің сертті сақтадың да,
мен ғана жаламенен даттадым ба?
Күнəсіз періштесіп жүрсің жатқа,
ал маған дəрменсізсің ақталуға!
... Қалай бұл? Түсінбеймін екеуміздің
(əлде бұл саған мендей батпады ма?)
қор қылып өзімізді жүргеніміз
онсыз да шын досың аз шақта мына.
* * *
Қараң боп онсыз Жер, ғалам
жанымды мəңгі мекендеп,
кеткен бір жанды сен маған
ұмыттыра алар ма екен деп
толғанып талай күрсінгем.
Талықсып жүрек дүрсілден
дөңбекшіп жатқам түндерде.
Жылағам жалғыз, үнсіз мен.
Мəз екен деме күлгенге –
қансырап қалған жүрегім.
Оралмайды енді білегім
ешкімге, – деп ем, түңілгем.
Жанымның серпіп түнегін
əлі естілмеген бір үнмен
сен келдің. Қалай? Білмедім.
Кетпес деп менен мұң-желім,
күрсініп өткен түндерім,
жүрегімді қалай жаздың сен,
жүргенде таппай бір де емін?
Жаңбырдан соңғы күн бе едің?
Қайғыдан соңғы бұл бақыт
жүректің жасын құрғатып,
жанымды тербеп жүр менің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу